Жиынды Мәдениет және спорт министрлігінің Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелде аталмыш институттың бас директоры Андрей Хазбулатов цифрлы киноколлекция қалыптастыру жобасының биыл басталғанын айтты. «Біздің институт фильмдердің тізімін анықтау үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бүгінгі күні «Қазақфильмде» 1,5 мың шамасында көркем, деректі және ғылыми-танымдық фильмдер бар. Олар цифрланбаған күйі сақтаулы тұр», деп мәлімдеді ол.
Қазақ киносының тарихы беріден басталатынын көпшілік біледі. Алғашқы кинолар сұрапыл соғыс жылдарында түсіріле бастағаны белгілі. Әйтсе де осы жетпіс жылдың өзі де кинотаспалар сапасының нашарлауына жетіп жатыр. Олар ұзағанда 100 жылға шыдас берер, бірақ әрі қарай қиындау. Бұл тұрғыдан алғанда қазақ киносын цифрлау мәселесі дер кезінде көтерілді. Хазбулатовтың сөзіне қарағанда, фильмдерді цифрлау туралы жоба үш жылға жасалған. Осы үш жылдың ішінде 1,5 мың шамасында фильмдер цифрлы жүйегі көшірілді. Бұл фильмдерді келесі ғасырларға ойланбай табыстау дегенді білдірсе керек.
Дөңгелек үстелге қатысқан кино мамандары цифрлауға ұсынылған фильмдердің тізімін қарап шығып, өз ойларын білдірді. Мысалы, кинорежиссер Сламбек Тәуекел фильмдерді сұрыптау туралы ойларын айтса, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті, кинотанушы Нәзира Рахманқызы кейбір фильмдердің көпнұсқалылығына қатысты пікірін баяндады: «Қараш-қараш» фильмінің бір көрінісінде ер адам ән айтып отырады. Осы фильмнің қазақша нұсқасында әлгі адам қазақша ән айтса, орыс тіліндегі нұсқасында «Манасты» жырлайды. Қазақша нұсқасында басқа, орысша нұсқасында басқаша көріністер келтірілген осыған ұқсас талай мысалдар бар. Егер сондай фильмдер кездесіп жатса, онда олардың барлық нұсқасын цифрлау қажет деп ойлаймын. Бұл біздің кинотарихымыз үшін өте қажет. Цифрлауға ұсынылған фильмдердің тізімінде бір фильмнің аты бірнеше рет қайталанады. Бұл жоғарыда айтқанымдай, екі түрлі не одан да көп нұсқамен түсірілген фильмдер болуы мүмкін, деді Нәзира Рахманқызы.
Дөңгелек үстел жиыны қатысушылар цифрлауға қатысты ең өзекті мәселелер сол саланың өз мамандарының қатысуымен шешілетінін тілге тиек етті. Цифрлауды жүйемен жасауды ұсынды.