Үстіміздегі жылдың мамыр айында Мәжілістің «Халық коммунистері» фракциясының Айқын Қоңыров бастаған мүшелері Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышевқа депутаттық сауал жолдап, Зейнетақы қорынан Әзербайжан халықаралық банкінің (ӘХБ) облигацияларын 250 млн долларға алғанын, ал 2017 жылғы ақпанда Moody`s халықаралық кредиттік агенттігінің деректері бойынша ӘХБ-ның рейтингі теріс болжамды «В1» деңгейіне дейін төмендегенін, сондықтан БЗЖҚ-ға облигацияға салынған қаражатты қайтару қалай шешілетініне алаңдаушылық білдіріп, сауал жолдаған еді.
Оған Ұлттық банк төрағасынан жауап келіп, «Әзербайжан Республикасының Қаржы министрлігіне және Әзербайжан халықаралық банкіне хаттар жіберілгені, сонымен қатар облигацияларды ұстаушының мерзімінен бұрын өтеуді талап ету құқықтарына, ӘХБ облигацияларын мерзімінен бұрын өтеу жөніндегі рәсімдерге түсініктеме алу үшін мәмілені ұйымдастырушы Citi Group-қа хат жазылғаны айтылған. Алайда, Citi Group-тан 2016 жылғы сәуірде алынған ресми жауапта ӘХБ берешегін мерзімінен бұрын өтеуден бас тартылғаны жеткізілген. Келіссөздер барысында Ұлттық банк ӘХБ-да қаражаттың жоқ екенін ескере отырып, ӘХБ-ның басқа өтімдірек облигацияларына немесе Әзербайжан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына айырбастау мүмкіндігін қарауға дайын екендігін айтқан. Сонымен бірге Ұлттық банк облигациялардың құны Bloomberg ақпараттық-талдамалық жүйесі бойынша есептеліп, 2017 жылғы 10-24 мамыр аралығы кезеңінде номиналдық құннан 92,28%-дан 81,69%-ға дейін төмендегенін жеткізген. Жауаптың қорытындысында Лондонда шетелдік кредиторлармен өткен кездесу барысында Әзербайжан халықаралық банкі борыштың тиісті түрлері үшін қайта құрылымдаудың 3 нұсқасын ұсынғаны айтылған.
Ал өткен сәрсенбі күні Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов үш айға созылған келіссөздердің нәтижесінде ӘХБ-ның 250 млн АҚШ долларына тең негізгі қарызы қайтарылатын болып келісілгенін мәлімдеді. Алайда, өсім пайызы төмендетілген, бірақ ӘХБ-ның Әзербайжан қаржы министрлігінің кепілдендірілген еурооблигацияларына ауыстырылатындығын жеткізді. Сөйтіп, қоғамдық алаңдаушылықтың, соның ішінде депутаттардың сұрау салуымен БЖЭҚ қаражаты орнына келетін болыпты.
Әзірлеген
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»