Дүние жүзіндегі барлық 6 мыңға жуық тілдердің арасында қазақ тілі өзінің тілдік қоры, ауызша, жазбаша дамуы жағынан қалыпқа түскен бірізділігімен және мәдени дәстүрімен әлемдегі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие 200 тілдің санатында, жоғары дамыған елдердің тілдерімен қатар алғашқы жүздіктен орын алуда.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанына ресми түрде ширек ғасыр ғана болғанымен, оның тамыры тереңде, жазба мәдениетіне дейін ертеде қалыптасқан. Қазақ мемлекетінің негізін қалауға атсалысқан дана бабаларымыз Төле, Қазыбек, Әйтеке билер осы тілде сөйлеп, ел болуға, бірігуге, сырттан келген жаулармен бірігіп күресуге, ата-бабалар аманатындай ұлан-ғайыр еліміз бен жерімізді қорғауға шақырып, келешек ұрпаққа үлгі болар өнегелі өсиеттерін қалдырған.
Еліміз егемендік алған жылдардан бері ана тілінен адасып қалған қандастарымызбен қатар, өзге де ұлт өкілдері тарапынан мемлекеттік тілді меңгеруге құлшыныс білдірушілердің қатары күннен-күнге артуда. Тілі басқа, тілегі бір тамырларымыздың қазақ тілінде мәнерлеп те, мақалдатып та сөйлеген сөздерінен көңіл ләззатын аласың. Бұл – ел тізгінін ұстаған азаматтарымыздың қазақ тілін қалың жұртшылық арасында кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстарының жемісті нәтижелері. Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында: «Барша қазақстандықты біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға күш-жігер жұмсауы», деп баса айтқан болатын.
Мемлекеттік тілдің одан әрі өркен жаюына сүбелі үлес қосу – әрбір кәмелетке толған қазақстандықтың қасиеті парызы. Ана тіліміз бүгінде қоғам мен мемлекет өмірінен ойып маңызды орын алып, оның мәртебесін көтеруге арналған заңдар қабылданып, түрлі бағдарламалар тиісті деңгейде орындалуда. Бірақ мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейі ойдағыдай дәрежеге жетпеуі көпшіліктің көңілінен шықпауда. Сотқа жүгінетін тараптардың, олардың сот өндірісінің тілін таңдауы әр азаматтың конституциялық құқығы болғандықтан, арыз сотқа қай тілде түссе, сот ісі сол тілде қаралуға жатады. Алайда сотқа талап-арызды орыс тілінде бергенімен, шын мәнінде ойын орысша жеткізе алмайтын азаматтар көптеп кездеседі. Кейбір органдар бастамасымен қылмыстық істердің қозғалуы көбінесе орыс тілінде жүретіндігі де жасырын емес. Ол біздің мемлекеттік қызметкерлер мен заңгер, адвокаттардың мемлекеттік тілге жете көңіл бөлмеуін көрсетеді. Мемлекеттік қызметке тағайындалатын тұлғаларға мемлекеттік тілді білу міндеттілік талабын енгізу мәселесін қарастыру қажет. Ақын Қадыр Мырза Әлі ағамыздың қазақ тіліне қатысты «Ана тіліміз өркен жайсын десек, әрқайсымыз мемлекеттік тіл алдындағы жауапкершілігімізді сезінуіміз керек» деген сөздерін жадымыздан шығармауға тиіспіз.
Мемлекеттік тіл мәртебесі Конституцияның 7-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп айқын көрсетілген.
Ата Заңда баянды етілгендей, ана тіліміз ең жоғары қолданыс деңгейінде болуы үшін «Мәңгілік ел болудың негізі, мәңгілік тіл екенін» естен шығармауымыз аса қажет.
Бауыржан ЕЛЕМЕСОВ, Мұнайлы аудандық сотының төрағасы
Маңғыстау облысы