• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Қыркүйек, 2017

МӘМС-тің мән-жайы түсіндірілді

297 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру мен жекеменшік ден­­­саулық сақтау ұйымдары үшін кедергілерді төмендету мәсе­лесін қайта реттеуге байланысты өткен жиында рефо­рманың қазіргі аяқ алысы туралы әңгімеледі. Басқосуға Қоғамдық кеңес мүшелері, «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, медициналық оқу орындар, ғылыми-зерттеу институттары, денсаулық сақтау басқармалары және «Міндетті әлеу­меттік ме­дициналық сақ­тандыру қоры» АҚ өкілдері қатысты.

Жиында «Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қоры» АҚ басқарма төрайымы Елена Бахмутова «Қорға осы уақытқа дейін қанша қаржы келіп түсті? Қаржыны кім және қайда сақтайды? Қаржы қалай реттеледі?» деген сияқты халықты толғандырып келе жатқан өткір сауалдарға нақты жауап берді. Е.Бахмутованың мәліметіне қарағанда, қазақстандықтар 15 қыркүйекке дейін қорға 8 млрд теңгеден астам қаржы аударып үлгерген. Қор медициналық қызметті тұтынушылар саны мен түскен қаржы туралы әр апта сайын есеп беріп отырады. Қазір сақтандырылған медицина қызметін пайдаланушылар 3,9 миллионға жеткен. Бұл көрсеткіш министрліктің алдын ала жобалаған жоспарымен сәйкес келеді. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  туралы» заң бойынша қор активтерінің сақталуына мемлекет кепілдік береді. Жиналған қаржы тек Ұлттық банкте сақталады және осы банк арқылы басқарылады. Олармен сенімді басқару туралы келісім шарт жасалған», деді Е.Бахмутова.

Ал медициналық сақтандыру қорына 2018 жылы мемлекеттік тапсырыс негізінде қызмет көр­сету жөнінде өтініш берген ұйым­дардың жартысына жуығы – жекеменшік клиникалар.  2018 жылы медициналық көмек көрсетуден үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорына барлығы 1519 денсаулық сақтау мекемесі өтініш берген. Оның 45 пайызы, яғни 686-сы – жекеменшік мекеме. Реформаны тиімді жүргізуге байланысты жасалған дерекқорға медициналық көмектің негізгі көлемін көрсететін жеткізушілер де, медициналық қызметтің жекелеген түрімен айналысатын қосалқы денсаулық ұйымдары да енгізілді. Дерекқор тұрақты түрде жаңартылып отырады.

Азаматтарды емдеу меке­мелеріне тіркеу науқаны – алдағы жылдағы медициналық қызмет­терді сатып алу үдерісінің заңды жалғасы. Тұрғындар бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарға биылғы қыркүйек айының 15-і мен қара­шаның 15-і аралығында тіркеле алады. Тіркелу кезінде азаматтар емхананы еркін таңдау құқығын пайдалана алады.

Министр Е.Біртанов медици­налық сақтандыру жүйесі енгі­зілгенімен, мемлекет азаматтар алдындағы жауапкершілігінен бас тартпайтынын айтты. Өйткені Ата Заңда әр азаматқа тегін меди­циналық көмек көрсету кепіл­дігі берілген. МӘМС жүйе­сіне сәйкес болмаса да,  әр азаматқа тегін медициналық көмек беру жоспарланған. Бұл жедел жәрдем көмегі, иммунизация және қосымша сырқатына орай диагностикалау мен емдеу. Сондай-ақ онкология, туберкулез және психиатриялық сыр­қатқа шалдыққан азаматтар мемлекет көмегінен тысқары қалмайтынын жеткізді.  МӘМС негізінде сақтандырылмаған тұрғындарға екі жылға дейін тегін алғашқы амбулаторлық жәрдем, түрлі диагностикалық көмек және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді де Үкімет өз міндетіне алуды жоспарлап отыр.  МӘМС-тің негізгі қаржы көзі жұмыс беруші мекемелер мен жеке кәсіпкерлер болғандықтан, алғашқы кезеңнің жұмысы толығымен жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді. Жыл соңына дейін 25 млрд теңге сақтандыру қорына келіп түсуі тиіс. Бұл қаржы тек азаматтардың денсаулығын жақсартуға бағытталады. Е.Біртанов Елбасының МӘМС-ті жетілдіру мәселесіне байланысты берген тапсырмалары мен талаптарын орындауды басты міндеті ретінде белгілеп, жүйенің кемшін тұстарымен жұмыла жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ