Бүгінгі күні қоғамның барлық топтары мен жіктерін әлеуметтендіру, яғни өмір сүруге ыңғайлы да қолайлы жағдайлар туғызу мәселесі жоғары мәнге ие. Бұған аяқ-қолы балғадай азаматтардан гөрі, мүмкіндігі шектеулі жандар көбірек зәру екені де бүгінгі күннің шындығы. Соңғы кезде олардың өмір сапасын жақсарту мәселелеріне мемлекет тарапынан да жан-жақты көңіл бөлініп келеді. Екіншіден, кейінгі жылдары таза әлеуметтік сипат ала бастаған сүйекті іс-шаралардың бірі өңірлік және республикалық деңгейде өткізіліп жүрген үздік әлеуметтік жобаларға жарияланған конкурстар болып табылады.
Осы арада басын ашып айтатын тағы бір жағымды жайт осы конкурстардың жеңімпаздары өзгелер емес, мүмкіндігі шектеулі жандардың өздері болып шыққандары. Бұған таң қалуға болмайды. Өйткені ащы мен тұщыны татқан білер, алыс пен жақынды жортқан білер дегендей, мүгедек жандардың жай-күйі мен мүмкіндіктерін олардың өздерінен артық сірә, ешкім біле қоймайтын шығар. Мүмкіндігі шектеулілерге арналған жобаларда «қоларбаға байланғандардың» алға қара үзіп шығуының басты сырын осындай табиғи заңдылықтан іздеуіміз керек секілді.
Мәселеге осындай көзқарас тұрғысынан келгенде биыл Ақтөбе облысында өткізілген «Үздік әлеуметтік жобалар» конкурсында жігерлі жан, рухы биік азамат Шахан Жолдасбаевтың жеңіске жетуі кездейсоқтық емес деп батыл түрде айта аламыз. Басты мамандығы техник-инженер болып табылатын ол «Пандус-ОК» атты арнайы мамандандырылған кәсіпорынға жетекшілік жасайды. Қазіргі күні Шахан Шахмаранұлы Астанада өтіп жатқан «Қазақстанда жасалған үздік әлеуметтік жобалар» атты республикалық көрменің бел ортасында жүр.
Ойы озық, түйсігі терең зерделі азамат жоғарыда аталған арнайы құрылыс кәсіпорнын 2014 жылы құрыпты. «Мұндағы мақсатым – әлеуметтік-тұрмыстық ғимараттарға және оның аумағына тұрғындардың аз жұмылдырылған топтарының емін-еркін кіріп-шығуына оңтайлы жағдайлар туғызу еді. Қазіргі күні о баста ойластырған жобаларыма толықтай қол жеткіздім деп айта алмаймын. Дегенмен арада өткен үш жыл ішінде біраз істің басы қайырылып қалғанын көңіліме медеу тұтамын. Осы аралықта біздің жобамыз бойынша жасалған арнайы пандустармен 20 нысан қамтылды», деді Шахан бауырымыз ризашылық кейіпте.
Шоқтығы биік көрінетін Шаханмен екеу-ара әңгімеде тағы бір көңілге түйген жайт, сонымен бірге ол пандустар орнату реті мен орны болмаған әлеуметтік-тұрмыстық орындарда электр қуатымен жұмыс істейтін, бейнелеп айтқанда, лифтінің орнын айырбастай алатын арнайы көтергіш тетікті орната алғандығы. Оның саны пандустармен салыстыра қарағанда әлдеқайда асып түседі. Шахан Жолдасбаев бұдан үш жыл бұрын өз кәсіпорнын ашқан кезге дейін «Өз көзіммен қарағандағы қала» атты жобамен шұғылданып келіпті. Айтар ойымызды бұдан да гөрі ашыңқырап айтқанда мұның өзі қоларбаға таңылған мүгедектің ой-мақсаттары болып шығады.
Әрі бұл жеке бастың қамын күйттеген іс емес, тұтастай республика қалалары жағдайларында мүмкіндігі шектеулі жандардың сол қалаларда өмір сүріп, тұрмыс кешуге бейімделе білу мүмкіндігін алдын-ала қамдаған кемел іс болып шығады. Соның ішінде Шахан өзімен тағдырлас жандар Ақтөбе қаласындағы белсенді азаматтық өмірге қаншалықты бейімделе алатыны жөнінде бөлек толғамдар жасайды. Бұл деректің өзі Шахан Жолдасбаевтың арнайы мамандандырылған құрылыс кәсіпорнын құру жөніндегі қадамға құрғақ, жалаң энтузиазммен емес, арнайы кәсіби әзірлікпен келгенін көрсетеді. Оның айтуына қарағанда, қазіргі күні «Пандус-ОК»-ге құрылысы жүріп жатқан нысандардан көптеген сұраныстар түсіп жатқан көрінеді. Оның тізбегі тек тұрғын үйлермен шектелмейтінін де Шахан Жолдасбаев жетекшілік жасайтын кәсіпорынға деген сенімнің белгісі деп бағалағанымыз жөн шығар. Жоғарыда айтылып өткендей, біздің кейіпкеріміздің басты мақсаты мүгедектерге арналған икемді де ыңғайлы пандустар проблемасын түбегейлі шешу болып отыр. Осы орайда тағы бір айта кетерлік мәселе қазіргі таңда «Пандус-ОК»-ның қызметіне сұраныстар тек республикамыздың батыс өңірінен ғана түсіп келсе, алдағы жылдары оның ауқымы тұтастай елімізге таралады деп күтілуде. Дәл осылай боларына кәсіпорын басшысының сенімі өте нық көрінді. Осы арада Шахан Жолдасбаев өнегелі отбасы иесі әрі екі баланың әкесі екенін айта кеткен жөн. Оның «сал ауруына ұшыраған азаматтарды қолдау жөніндегі қоғамдық бірлестіктің» белсенді мүшесі екені де бөлек бір әңгіменің еншісі. Сондай-ақ рухы жоғары жан, паралимпиалық жүзу спорты бойынша республика чемпионы, жыл адамы, «Жан шуағы» қоғамдық сыйлығының бас иегері.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ