• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Спорт 22 Қыркүйек, 2017

Достық пейілдегі турнир өз мәресіне жетті

565 рет
көрсетілді

Елордадағы «Дәулет» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының Кубогы үшін жекпе-жек ұрыстан халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған халықаралық деңгейдегі бұл байқауға еліміздің күш құрылымдары спорт командаларынан бөлек, Ресей мен Қытай және Қырғыз елінің командалары қатысқан болатын.

Тотамидегі қызу тартыста 9 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталды. 55 келі салмақтағы үздік орынды еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті командасының өкілі Ерғали Наханов иеленсе, 60 келі салмақта бірінші орынды Ұлттық ұлан жауынгері Бауыржан Сұлтанов жеңіп алды. Ал 65 келіде қытайлық спортшымен тең ұрыста «Динамо» спорт клубының спортшысы Шыңғыс Жанғазы жеңісті қолдан берген жоқ. 70 келіде ҰҚК спортшысы Назарбек Забиев жеңіске жетті.

Сондай-ақ, ҰҚК-нің тағы бір өкілі Бекзат Бектемісов 75 келіде қарсылас шыдатпады. 80 келі салмақта Мемлекеттік күзет қызметінің жауынгері Нұрсұлтан Бекбатшаев бірінші орынды иеленді. 85, 90 және 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Ресей Федерациясы Ұлттық гвардиясының спортшылары: Руслан Гильязов, Роман Копылов және Салимгерей Расуловтардың мысы басым болды. Осылайша, жалпы командалық есепте бірінші орынды Ресей Федерациясы Ұлттық гвардиясының құрамасы иеленді. Жеңімпаз команда Ұлттық ұланы Бас қолбасшысы Кубогымен қатар 500 мың теңге ақшалай сыйлық алды.

Ал екінші орын Ұлттық ұлан командасына бұйырды. Ұландықтар арнайы сертификатпен қоса 300 мың теңгені еншіледі. Үшінші орынмен бірге 200 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақыны Мемлекеттік күзет қызметінің құрамасы місе тұтты.

Жеңімпаздар анықталған соң, турнирдің ресми жабылу салтанаты өтіп, оған Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, офицерлер мен сарбаздар, өзара қарым-қатынас органдарының басшылары, қоғамдық ұйымдар мен әскери-патриоттық мекемелердің өкілдері, мектеп оқушылары қатысты.

Спорттық сайысқа арнайы қонақ ретінде келген «Рио-2016» жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегері, боксшы Василий Левит ортаға шақырылып, құқықтық тәртіп әскері жауынгерлерінің арасында бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін «Құқықтық тәртіп әскеріне – 25 жыл» кеуде белгісімен марапатталды. Спортшыға мұндай сый-құрметті Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов табыс етті.

«Бұл жерде спорт жеңіске жетті. Елдер арасындағы ынтымақтастық пен достық салтанат құрды. Турнирге қатысқан спортшылар мен төрешілерге, ұйымдастырушыларға, Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасындағы әріптестіріме, өз еліміздегі күш құрылым органдарының жетекшілеріне алғысымды білдіремін», деді ол.

Сондай-ақ, турнир бойы әділ төрелік еткен төрешілер мен үздік өнер көрсеткен спортшылар да бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен қазақстан»