• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Футбол 25 Қыркүйек, 2017

Александр Бородюк: Румыниядан жеңілмейміз

301 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Александр Бородюк біздің команданың 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында Румыния және Армения құрамаларына қарсы өткізетін ойындары алдында өз ойымен бөлісіп, сұрақтарға жауап берген еді.

– Румынияға қарсы ойынға деген дайындықтарыңыз қандай дәрежеде?

– Румыния – өте мықты құрама. Былтыр Францияда өткен Еуропа чемпионатында сәтті өнер көрсетті. Меніңше, біздің футболшылар румындардан жеңілмеуге тиіс. Жанкүйерлер тартысты ойынға куә болады деп ойлаймын. Біз соңғы екі матчты сәтті өткізіп, кез келген командаға лайықты қарсылық көрсете алатынымызды дәлелдеуіміз керек. Мен өз командама, футболшыларыма сенемін.

– Былтыр Астанада өткен ойында Румыниямен тең ойнап, бір ұпай алған едік.  Сырт алаңда да ұпай алу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Бір ойын бір ойынға ешқашан сәйкес келмейді. Белгілі бір ойындағы әрбір жағдай  келесі матчта өзгеріп отырады. Мысалы, Польшаға қарсы өткен ойында Роман Мұртазаев гол салып, 1:0 есебімен алға шығып едік. Бірақ, ол голды төреші есептемей тастады. Дәл осы гол бүкіл ойын нәтижесін өзгертіп жіберуі мүмкін еді. Сондықтан, ойын өрнегіне бірнеше факторлар әсер етеді. Қазіргі уақытта біз қателіктермен жұмыс істеп, жаттығуларымызды пысықтап жатырмыз. Біздің дәл қазіргі басты кемшін тұсымыз – стандартты жағдай.

– Біздің құрама Арменияға қарсы ойынға қандай көңіл-күймен шығады деп айта аласыз?

– Мен әрдайым өз футболшыларыма сенемін. Бұйыртса, алдағы Румыниядағы ойында жеңіске жетіп, Арменияға қарсы жақсы көңіл-күймен ойнаймыз деген ниеттемін.

– Румынияға қарсы ойынға белді ойыншылар Бауыржан Исламхан, Юрий Логвиненко және Георгий Жуковтың қатыса алмайтыны белгілі. Бұл алдағы ойынға қаншалықты әсер етуі мүмкін?

– Футболшылардың жарақат алуы белгілі бір деңгейде ойынға әсер етеді. Алдағы матчта ұлттық құраманың өзге ойыншыларына сенім артып және олардың өздерін көрсетулеріне мүмкіндік береміз.

Егер 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі ойындарға талдау жасайтын болсақ, екі кездесуде футболшыларымыздың бірі алаңнан қуылып, он адаммен қалған кезіміз болды. Әрине, бұл ойынның нәтижесіне тікелей әсер етті. Сол бір сәт ойыншының қызыл қағаз алуына тұрарлық па еді? Міне, осы жөнінде көбірек айтуға болар... Бірақ, мұны да басты назарда ұстап, алдағы уақытта қателікті қайталамауға тырысуымыз керек. Мұндай жоғары деңгейлі матчтарда он ойыншымен ойнау оңайға соқпайды.

– Ереванда өткен матчта ұлттық құрамамыз лайықты өнер көрсетті. Егер ойыншымыз алаңнан қуылмағанда Армения астанасынан кемінде бір ұпай алуымыз әбден мүмкін еді ғой...

– Негізі біз нашар ойнадық деп айта алмаймын. Белгілі бір уақытта матч тізгінін өз қолымызға алдық, басымдығымыз да білініп жатты. Бірақ футболшылардың жекелеген шеберлігі айтарлықтай рөл атқарады. Құрамамызда жоғары деңгейлі жігіттер жиналған. Олар кез келген ұжымға қарсы лайықты деңгейде ойнай алады. Сондықтан командама соңына дейін сенім артатын боламын.

– Мхитариянды тұсау үшін қандай амалдар қолдануды жоспарлап отырсыз?

– Футбол – командалық ойын. Сондықтан бұл жерде команданың қалай әрекет ететіні маңызды. Ойыншылардың дұрыс нұсқаулар алуы және  жылдам ойлай білуі қажет. Қарсыласыңды жеңгің келсе, физикалық деңгейің, шеберлігің жақсы болуы керек. Сондай-ақ, басымдығыңды көрсету үшін психологиялық тұрғыда да дайын болған жөн.

– Жанкүйердің қолдауы да күш береді емес пе?!

– Әрине, жанкүйерлерімізге тек сенім артыңыздар, қолдау білдіріңіздер дегім келеді. Өйткені, жасыл алаңға елдің ең басты командасы шығады. Өкінішке қарай, соңғы кездері жанкүйерлерімізді қуанта алмай жүрміз. Бірақ қандай қиын жағдай болмасын, ел намысын қорғайтын ұжымға қолдау білдіру керек. Командамыздың қиын кезеңіне қарамай сенім артып, қолдау көрсеткен әр адамға алғысым шексіз. Ұжымдағы жігіттердің бәрі ел намысын қорғайтынын, сонымен қатар артында жағдайын ойлап, алаңдап отырған қалың халқының барын жақсы біледі. Біз алаңға тек жеңілу үшін ғана шықпағанымызды дәлелдейтін боламыз. Соңына дейін күресіп, Румынияда жанкүйерлерімізді риза еткіміз келеді. Жеңіске жету үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз.

 

Әңгімелескен Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»