Қаржының қай түрі болса да, өңір экономикасына екпін берері хақ. Инвестициямен бірге тек қаржы емес, жоғары сапалы өнім өндіруге мүмкіндік беретін озық технология, білім, жақсы тәжірибе келеді. Бірақ сырттан келетін инвесторлар салған қаржысының қайтарымы болмаса, қызығушылық танытпайтыны тағы белгілі. «Kostanay Invest-2017» инвестициялық форумы Қостанай өңірінің инвестициялық әлеуетін паш етті, сонымен қатар онда жобаларды қалай жүзеге асыру, инвестиция салынатын салаларды дамыту жөнінде келелі кеңестер айтылып, мәселелер талқыланды. Оның жұмысына Ресейден, Польшадан, Өзбекстаннан инвесторлар, халықаралық бизнес ұйымдары, банк өкілдері және Қазақстан Үкіметінің мүшелері, орталық мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпустар қызметкерлері, отандық және шетелдік сарапшылар – барлығы 250 адам қатысты.
«Kostanay Invest-2017» инвестициялық форумында өңір экономикасының ауыл шаруашылығы, кен-металлургия, машина жасау және туризм салаларының инвестициялық мүмкіндігі ұсынылды. Республика экономикасын дамытуда Қостанай облысы жетекші орындардың бірінде екені, яғни өнім өндіру жөнінен еліміздегі бестікке кіретіні инвесторларға да мәлім болып қалған. Жыл басынан бергі 8 ай ішінде өңірдің негізгі капиталына 113 миллиард теңге инвестиция құйылды. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 11,5 миллиард теңгеге артық. Қонақтарға облыстың инвестициялық әлеуетін таныстырған облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев өңір экономикасының қуаты жөнінде осындай мысал келтірді. Сонымен қатар облыс инвесторлар үшін тек өндірісінің, шағын және орта бизнестің дамуымен ғана емес, географиялық орналасуымен де қолайлы. Қостанай Ресейдің өндірісі дамыған Орынбор, Челябі және Қорған және өз еліміздің 4 облысымен шектеседі. Қостанай облысы минералды шикізатының байлығымен және табиғи қолайлылығымен де инвесторды тартатыны сөзсіз. Облыста жұмыс істеп тұрған көптеген өндірістік кәсіпорындарда технологиялық жаңғыруға дайындықтар жүріп жатыр. Мысалы, Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі бүгінде әлемдегі санаулы ірі өндірістер қатарында. Алтын, мыс өндіретін «Варваринское», асбест шығаратын «Қостанай минералдары», боксит өндіретін «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамдарында лайықты жұмыстар жүргізілді. Дәл қазіргі уақытта Қостанай қаласында индустриялық аймақ салынып жатыр. Оған алғашқы инвестор да келіп үлгерді. Ресейдің Екатеринбург қаласындағы «ВЕК» компаниясы лифт құралдарын осы жылдың желтоқсан айынан шығара бастайды. Жоба бойынша зауыттан жылына 1,5 мың лифт шығарылатын болады, өндірісте қазақстандық үлес 60 пайызға дейін барады.
– Бізді Қостанайдың инфрақұрылымы дайын индустриялық аймағы, нарығы, еңбек ресурсы қызықтырды. Зауыт жылына 1,5 мың лифт шығарып, толық қуатында жұмыс істейтін болады. Егер лифтінің өтімі көңіл толтырса, өндіріске тағы да 155 миллион доллар қаржы саламыз және өзге инвестиция тартуды да ойластырамыз, – дейді инвестор Михаил Молочников.
Ауыл шаруашылығына инвестиция тарту мақсаты Елбасының осы саланы дамыту тапсырмасынан бастау алып отыр. Елімізде 2017-2021 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарлама да жасалды. Инвестиция ауыл шаруашылығын дамытуға жаңа дем береді. Ең бастысы, егін егетін жер жетеді, облыста 5,3 миллион гектар алқап бар. Облыста ауылшаруашылық тауарларының көлемін, экспортты ұлғайту, инвестиция тарту, сауда-логистикалық инфрақұрылымды дұрыстау үшін жұмыстар жүріп жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл Үкімет еліміздің инвестициялық саясатын жүзеге асыру мақсатында екі маңызды құжат – Инвестиция тарту жөніндегі ұлттық стратегия және Ұлттық экспорттық стратегияны қабылдаған болатын. Осы құжаттарда межеленген істерді атқаруға Қостанай өңірі алғашқылардың бірі болып атсалысты, демек облыс басшылығының бастамасымен «қанатқақты» өңірге айналды. Облыста дүниежүзілік банк сарапшыларының және өз мамандарымыздың, бизнес өкілдерінің қатысуымен инвестиция тарту және оны тұрақтату үшін 2018-2022 жылдарға арналған жол картасы жасалды.
Өңір халықаралық қаржы институттарымен, ірі инвесторлармен байланыс орнатты. Форумға қатысқан Азия даму банкі өкілдігінің директоры Джованни Капанелли Қазақстандағы өңірлер экономикасы арасындағы айырмашылықты теңестіруге көмек беретінін айтты. Оның айтуынша, барлық тірлік Астана мен Алматы қалалары маңында қайнап жатады, қаржы да сол қалаларда айналады. Ал әлеуеті мықты болса да өңірлерде экономиканың дамуы бәсеңсіп қалады. Ол Қостанай өңірлік жалпы өнімнің 23,2 пайызын құрайтын шағын және орта бизнестегі бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін жеткізуге болатынын айтты. Бұл үшін Азия даму банкі 350 миллион доллар қаржы бөлмек.
– Шағын және орта бизнестің жолындағы барлық кедергілерді шешуге болады, оның ішінде кәсіпкерлер мен қаржы институттары арасында ешқандай бөгет болуы тиіс емес. Екіншіден, бізді ауыл шаруашылығы саласы қызықтырады. Сала өнімін экспорттау көлемін едәуір ұлғайтуға болады. Үшіншіден, өңдеу кәсіпорындарын дамыту керек, – деді Джованни Капанелли.
Қостанайда бидайды, майлы дақылдарды, ет, көкөністі, тағы басқа да ауылшаруашылық өнімдерін толыққанды өңдеуге инвестиция саламыз деушілерге жол ашық, қолайлылық үшін логистикалық инфрақұрылым да жасалады. Инвесторларға мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіледі. Бұл орайдағы жеңілдіктер жөнінде Инвестиция және даму вице-министрі Ерлан Хайыров айтып берді.
Инвесторы дамыған саланың қайсысы болсын қызықтырады. 2010 жылдан бері Қостанайда машина жасау жедел қарқын алып келеді. «Allur» тобына кіретін қостанайлық «АгромашХолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» зауыттары қазір JAC автомобилін шығаратын қытайлық «СМС» компаниясымен тығыз байланыс орнатқан. Елбасы тапсырмасымен қазір JAC электромобилін экспортқа шығаруға бағыт ұсталды.
Форумда туризм саласы инвесторлар назарына ұсынылды. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, туризм де экономиканы дамытудың бір тірегіне айналмақ. Ел экономикасы жаһандық бәсекеге қабілетті болуы үшін басымдық берілген саланың бірі де осы туризм болатын. Қостанай өңірінде туризмнің емдеу-сауықтыру, оқиғалық түрлерін және экотуризмді дамытуға қолайлы жағдай бар. ЮНЕСКО тізіміне енген атақты Науырзым қорығы түрен тимеген таза табиғатымен келушілерді тартады. Форумда сөйлеген Мәдениет және спорт вице-министрі Асқар Баталов Қостанай-Торғай өңірінде республикада оншалықты дами қоймаған аңшылық-олжалық туризм түрін қолға алуды ұсынды.
– Қостанай облысында Көшпелілер мәдениеті кластеріне кіретін мәдени-танымдық туризмді дамыту үшін жоба жасалуы қажет. Бұл ішкі туризмді дамытуға ықпал етеді. Осы жобаға Торғай геоглифтерін де қосуға болар еді. Ол үшін инвестиция тарта отырып, жыл сайын кең көлемде халықаралық фестиваль өткізсек, оған шетелдік туристер көптеп келер еді. Даламыздағы әлемдік деңгейде жұмбақ болып отырған бұл археологиялық нысандар халықаралық сарапшыларды, ғалымдарды, зерттеушілерді қызықтырып отыр, фестиваль аясында олар да келеді, зерттеу жұмыстары да жүреді, – деді Асқар Болатұлы.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов инвестиция тартудағы үлкен шараны қорытындылап, инвестициялық форумға қатысушыларға алғыс айтты.
– Ұсынылған жобаларға қаржы салатын инвесторларға өңірде барлық қолайлы және қауіпсіз жағдай жасалатын болады. «Kostanay Invest-2017» инвестициялық форумы өңір экономикасын дамытуға, жобаларды табысты жүзеге асыруға серпін берері сөзсіз, – деді Архимед Бегежанұлы.
Форум аясында облыс әкімдігі мен әлеуетті инвесторлар арасында 200 миллиард теңгеден астам инвестицияны құрайтын 26 меморандумға қол қойылды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ