Демалыс күндері Іле Алатауының баурайын дүркіретіп, жылқы десе делебесі қозатын қазақтың қанын қыздырған асыл тұқымды сәйгүліктердің ІІ Халықаралық KazEqui-2017 көрмесі өтті. Жыл сайын әлемнің бес құрлығында мұндай шоулардың 120-ға жуығы өтіп жатады.
Ал KazEqui-2017 шоуын ұйымдастырушылардың да бұл жерде ұтары мол. Олар қанымызда бар үрдіс – жылқы ұстауды сәнге айналдырып, киелі жануарға деген құрметті арттыруды мұрат тұтады.
Және осы оқиғаға екінші жыл қатарынан ұйытқы болып жүрген Chamberlain елімізде ғана емес, Орта Азияда жылқылармен «жұмсақ әдіспен» (NaturalHorsemanship) жұмыс істейтін жалғыз ат клубы саналады. Жылқылардың психологиясы мен физиологиясына негізделген бұл әдіспен аттар үйретілген кезде олар тағаланбайды, ұрып-соғылмайды. Және клубтың айналасында табиғи жайылым, аттар шомылатын бассейн бар.
KazEqui-2017 көрмесінің көздегені – ат та адамның сан ғасырлар бойғы досы – мінсе көлігі, шапса жүйрігі, жауға аттанғанда серігі екенін дәлелдеу. Расында бұл жерде жылқы адамның серігі екенін сезіну қиын емес. Ол аз болса, ата-бабаларымыз да жылқы адамды емдейтінін білген ғой. Аттың үстінде жүрген адамға кесел жоламайтынын байқаған.
Енді осы заманның адамдары ұмыт бола бастаған үрдіске қайта орала бастады. Кейбір елдерде қолға үйретілген аттармен реабилитациялық, психологиялық және басқа да сауықтыру шараларын жүргізеді. Балалардың бойындағы туа бітті кеселдердің бірқатарын HorseDream әдісімен емделеді.
Қазір Алматыдағы аталмыш ат клубында да қажет болған жағдайда осындай эквитерапия әдісі арқылы (иппотерапия) адамдар жылқымен емделеді. Мұнда жазда аттарды жақсы көретін балаларға арналған жаздық лагерьлер ұйымдастырылады. Тізе берсең қызығы көп.
Ең бастысы, биыл KazEqui-2017 халықаралық көрмесінің аясында ежелгі түркілер мен үндіс аңыздарына негізделген сахналандырылған қойылымдар жүрді. Бас рөлдерде аттар мен атбегілер ойнаған «спектакльдерге» Ресейден келген аттармен еркін NaturalHorsemanship әдісімен жұмыс істейтін Алексей Берков режиссерлік етті.
Сонымен аттардың жарысына Ирина Стиглер (Италия), Ян Калис (Голландия), Игорь Бочкарёв (Ресей), Нұрлан Тілеулесов (Қазақстан) сынды белгілі атбегілер қазылық етті.
Жиында ең кішкентай пони де көрсетілді. «Гуливер» атты понидің қазіргі уақыттағы бойы бар-жоғы 45 сантиметр. Биылғы «KazEqui-2017» жылқылар көрмесіне Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Іскерлік кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы, Еуразия әйелдерінің альянсы қолдау білдірді.
Үш күнге созылған әрі көрме, әрі жәрмеңке, әрі сұлу аттардың шеруінде жеңімпаз таза тұқымды араб жылқысының құлынына қол жеткізді.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ