• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Қыркүйек, 2017

Дала данышпанын дәріптеді

411 рет
көрсетілді

Орал қаласында ел бас­­таған көсем, сөз баста­ған шешен әрі батыр Сы­рым Датұлының 275 жыл­­ды­ғына арналған рес­­пуб­ликалық ғылыми-тәжі­рибелік конференция өтті.

Той қонақтары – белгілі жазушылар  Әнес Сарай мен Қажығали Мұханбетқалиұлын, белгілі ға­лым­дар, тарих ғылымдарының докторлары Мұхтар Әбілсейіт, Тал­ғат Жұмағанбетов, Ұлжан Ах­метова, Серік Мәшімбаев­тар­ды өңір басшысы Алтай Көлгі­нов қабылдады. Меймандар мен­ облыс басшылары Орал қа­­ла­сын­дағы Сырым Датұлы ес­керт­­кішіне гүл шоғын қойып, тағзым етті. Қазақ драма театрын­да­ рес­пуб­ликалық ғылыми-практи­ка­лық конференция басталды. 

– Сырым Датұлы – тарихта­ғы ең жарқын, ержүрек, тағ­дыр-­талайы аса күрделі тұл­ға­­лар­дың бірі. Ол қазақ қоға­мы­ның құрылымын өзгерту мақ­­са­тында алғашқы болып нақ­­ты қадамдар жасаған жан. Осын­­дай тау тұлғаларымыздың тарихтағы орнын тағы бір ай­шық­тайтын, еліміздің түкпір-түкпірінен ғалымдар келіп бас қосқан бүгінгідей ғылыми-тәжі­рибелік конференциясының өтуі­­ – елеулі оқиға. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі­нің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық құндылық­тарымызды сақтауға ерекше мән беру керек екеніне тоқталып, «Біз тарихтың сабағын айқын тү­сінуіміз керек», деп атап өтті. Сондықтан ұлттың тәуелсіздігі мен өркендеуі жолында тер тө­гіп, қан кешкен асылдарымызды ардақтап, ерлігіне құрмет көр­сету – біздің перзенттік парызымыз! Осы орайда Сырым батыр елінде жуырда Алаш қозғалысына 100 жыл толуына орай республикалық ғылы­ми-тәжірибелік конференция өт­се, Сырым ауданының ор­та­лығындағы «Алаш» музейі жа­ңар­тылды. Мұның барлығы ру­хани жаңғыруымызға ерекше әсер ететін жайттар, – деді ғы­лыми жиынды құттықтау сөз­бен ашқан Алтай Көлгінов.

Өңір басшысы атап өткендей, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған шешен, ұлт азаттық жолында күрескен хас батыр Сырым Датұлының есімі қазақ тарихында ерекше.

Орыс зиялыларының бірі, тарихшы Михаил Вяткин «Тарих мынаны айқын көрсетеді. Ол­ – Сырымның өз халқына білдір­ген асқан сүйіспеншілігі, өз хал­қын сатқандармен ешқа­шан ымы­раға келмейтіні, өз Ота­ны­ның бостандығы үшін, оның мем­лекеттігі нығайып, дамуы үшін жан аямай күрескені... Қазақ халқы ұлт қамы үшін күрескен осы бір батырды ешқашан есінен шығармақ емес», деп жазған екен.

Ал XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ағылшын журналисі Д.Ч.Бульжер ол туралы «....Сырым батыр – жігерлі, терең ойлы, қайратты, батыл, айлалы ерекше тұлға. Ол халықтың сүйіспеншілігіне бөленген»,  деп естелік қалдырған.

Конференцияда оқылған баян­­­­дамалар да өзектілігімен, сонылығымен есте қалды. Мәсе­лен, жазушы, Мемлекеттік сый­лықтың иегері Әнес Са­рай Сырым бастаған ұлт-азат­­тық қозғалысы – бүгінгі өске­лең ұрпақты елсүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеуде үлкен рөл атқаратынын айтып өтті. 

Тарих ғылымдарының док­торы, Х.Досмұхамедов атында­ғы Атырау мемлекеттік уни­верситеті ғылыми-зерттеу орталығының директоры Әбіл­сейіт Мұқтар Ресей архивтерінде Сырым және онымен араласқан би-батырларға қатысты мәлімет өте көп екендігін, ол құжаттарды жинақтап, арнайы кітап шығару кезек күттірмейтін іс екендігін көтерді. «Сырым Датұлының Түркиямен байланысына да назар аудару керек. Түркиядан Сырым Датұлын іздеп, арнайы елші келген, Хиуада болған. Бұл нақты дерек. Оның бір ұшығы Түркия мұрағаттарында сақталған болуы тиіс. Сондықтан маман жіберіп, сол деректерді арнайы зерттеу керек. Бүгінгі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да осыны көздейді емес пе?! Үшіншіден Сырым Датұлы бастаған қозғалыс тарихы зерттелгенде бүгінге дейін Өзбекстан мұрағаттарындағы құжаттар, деректер пайдаланылған жоқ. Оған қол жетпей келді. Бүгінде ол мәселені де көтеретін уақыт жетті»,  деді Әбілсейіт Қапезұлы.

Тарихи құжаттарды іздеп тауып, бір жерге жинақтап шығару мәселесін оралдық тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин де көтерді. Соңғы жылдары Орынбор мұрағатындағы құжаттармен етене жұмыс істеп жүрген Жәнібек Аллаярұлы Сырым Датұлының архивтен алынған бірнеше хатының көшірмесін, екі түрлі мөрін аудармасымен жиылған жұртқа экран арқылы көрсетіп берді. 

Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталы­ғының директоры, тарих ғылым­дарының докторы, Сырым Дат­ұлының жерленген жері бо-йынша құрылған экспедицияның жетекшісі болған Мұрат Сыды­қов сырымтану саласында әлі де бітпеген іс көп екендігін айтты. Мәселен, бұл экспедиция Гүрлендегі Ғайып ата мазарын Сы­рым Датұлына тиесілі деген шешімге келген. «Біз көптеген зерттеу жұмысын жүргізіп, осы пікірге тоқтадық. «Ғайып атада» Сырым Датұлының жатқанына өз басым күмәнданбаймын. Бірақ ел ішіндегі алыпқашпа сөзді тоқтату үшін ғылым сөзі керек. Яғни, қабірдегі сүйекке ДНК анализін жасап, біздің болжам мақұлданған жағдайда батырдың сүйегін туған жерге – Батыс Қазақстан облысына қайта жерлеу керек деп есептеймін», деді Мұрат Наурызғалиұлы. 

Дала данышпаны атанған Сырым Датұлының мерейтойы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры ұжымы қойған Рақымжан Отарбаевтың «Сырым батыр» тарихи драмасымен жалғасты. Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған шаралар – дала қызықтары Сырым ауданында аяқталды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Суретті түсіргендер  Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ, Рафхат ХАЛЕЛОВ