• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Қыркүйек, 2017

«Астанаға 14.33. сағат, Алматыға 22.29. сағат ерте барамыз!» деп қуанады оралдықтар

545 рет
көрсетілді

Орал қаласына өзге өңірлерден теміржол арқылы келетін жолаушыларды әбігерге салатын бір кедергі болатын. Ол – Қазақстан темір жолының Ақтөбе мен Орал арасында Ресей жері – Орынбор облысының Сол-Илецк (қазақтар Тұзтөбе деп атайды) стансасы арқылы өтуі еді. Шекарашылардың вагондарды итпен аралап, құжат пен жүктерді тексеруі өз алдына, шекара, кеден бекеттерінде пойыз сағаттап тоқтап, онсыз да ұзын жолды ұзарта түсетін.

Енді міне, сол мәселе шешілді. Қазақстан Республикасының басшысы Н.Назарбаев пен Ресей Федерациясының басшысы В.Путиннің былтыр болған кездесуі кезінде қол қойған келісіміне сәйкес 2017 жылдың 26 қыркүйегінен, яғни бүгіннен бастап «Астана-Орал» және «Алматы-Орал» бағытындағы алғашқы «Тұлпар-Тальго» типінде жасақталған жүрдек жолаушылар пойызы жолға шықты.

«Астана-Орал» бағытындағы пойыз «Астана-Нұрлы-жол» бекетінен 26 қыркүйек күні сағат 11:33-те (Астана уақыты) шығып, Орал қаласының теміржол бекетіне 27-ші қыркүйек күні сағат 11:42-де (жергілікті уақыт) келіп тоқтайды.

Ал «Алматы-Орал» бағытындағы пойыз «Алматы-2» бекетінен 26 қыркүйек күні сағат 20:17-де (Астана уақыты) қозғалып, Орал қаласының теміржол бекетіне 28 қыркүйек күні 09:37-де (жергілікті уақыт) тоқтайды.

«Орал-Астана» бағытындағы пойыздың жүру ұзақтығы 26 сағат 14 минутты құрап, 14 сағат 33 минутқа қысқарады. Ал «Орал-Алматы» бағытындағы пойыздың жүру ұзақтығы 37 сағат 11 минутты құрап, 22 сағат 29 минутқа қысқарады. «Саратов-Алматы» бағытындағы пойыздың жүру ұзақтығы 40 сағат 47 минутты құрап, 10 сағат 9 минутқа қысқарады.

«Орал-Астана» бағытындағы пойыз тақ күндері, «Орал-Алматы» бағытындағы пойыз жұп күндері жүреді.

Жолаушылар билетінің бағасы: «Орал-Астана» – 9 102 теңге (купе), 17 623 теңге (люкс), «Орал-Алматы» – 16 232 теңге (купе).

Әр пойыз 27 вагоннан тұрады. Оның 22-сі жолаушылар, 2-уі мейрамхана, 3-уі қызмет вагоны. 

Айта кету керек, жолаушылар тасымалының тиімділігін арттыру мақсатында Ресей мен Қазақстанның мемлекеттік шекараларынан өту кезіндегі тексерістер алып тасталды.

Рас, билет бағасы сәл қымбаттағаны байқалады. Алайда «ең қымбат нәрсе – уақыт» деген заманда алысты жақындатып, уақытты үнемдейтін бұл жаңалықты оралдықтар қуана қабылдап жатыр.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»