Бүгін Үкімет отырысында ауыл-аймақты кең жолақты интернет желісіне қосуды қамтамасыз ету мәселесіне орай баяндамасында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов кең жолақты интернет желісіне қосуды мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі жүзеге асыратынын жеткізді.
Ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету жобасын іске асыру кезінде республикалық бюджетке біржолғы жүктемесіз мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидасын пайдалану туралы шешім қабылданған. Бұл үшін сервистік келісімшарт моделі – ұзақмерзімді қызметті сатып алу таңдалған. Мұндағы мемлекеттік қолдау шарасы – тұтынудың ұзақмерзімді кепілдемесі болмақ.
Конкурсты жеңіп алған инвестор үш жыл ішінде тоқсан сайын желілерді іске қосады және 1 800-ге жуық ауылды желімен қамтамасыз етеді, ал мемлекет 14 жыл ішінде қызметтердің кепілдендірілген сатып алуын қамтамасыз етеді деп болжанған.
Еске салсақ, бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернет желісіне қосуды қамтамасыз ету жобасы талқыланған болатын.
Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан»