Қазақ елінің басынан өтіп жатқан қазіргі оқиғалардың кең ауқымдылығы мен жиілігі сондай, олардың бірінен екіншісіне өтіп, байыбына барып, маңыздылығын шамалап үлгере алмай жатқандаймыз. Жазудан кемдік көрген бұрынырақ кезеңдерде мұндай оқиғалар оның қатысушыларының жадында жатталып, сонан кейін олардың айтуымен ел ішінде кеңінен таралып, мұның арты бірте-бірте аңызға айналып кететін.
Арқа төсіндегі осындай аңызға айналған әңгімелердің бірі Ереймен бауырында өткен Сағынайдың асы туралы болды. Жасы тоқсаннан асып барып қайтыс болған Арқаның атақты байы Сағынайдың асы 1886 жылы өтіпті. Ол асқа 500 ақ үй тігіліп, 500 бұхар кілемі ілінеді. 5 тонна шай әкелініп, жаңа ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қалаларынан алынады.10 мың көрпе-жастық, қонақтарды сыйлауға 500 бұхар шапаны әкелініп, Сібірден 500 бағалы аң терісі жеткізіледі. 20 мың қой, 100 жылқы сойылады. Астың ел ішінде үлкен дақпырт тудырып, артынан аңызға айналуына осыншама аста-төк байлықтың шашылуымен қатар, сол аста 323 ат қатысқан ұлан-асыр аламан бәйге ұйымдастырылып, оған атақты Ақан серінің Құлагерінің қатысуы, бәйге үстінде басқалардан оқ бойы озық келе жатқан тұлпардың сол жарысқа қос жүйрігін қосқан дүмді бай Батыраштың күншілдігімен қастандықпен өлтірілуі, кейіннен бұл оқиғаға арнап қазақтың дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын жазуы қосымша себеп болды. Осы оқиға желісін негіз етіп ала отырып, Ақан сері Қорамсаұлының өмірі мен шығармашылығын баяндайтын жазушы Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романы жазылды.
Бұл астан халық арасында «Сағынайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?!» деген сөз қалып, «бұдан өткен үлкен оқиға бар ма, ендеше сен де оған қатысып қал» деген мағынада әлі күнге дейін айтылып келеді.
Әрине ауыз әдебиетінің өзінің тарихи кезеңін аяқтап, бәрі де жазуға көшкен біздің заманымызда енді аңызға орын бола қоймас. Бірақ ел жадында сақталар ұлы дүбір оқиғалардың бәрібір аңыздық құнының сақталатындығы анық. Рас қазаққа жазуды меңгерткен кеңестік кезеңде де «Ұлы Октябрь революциясының пәленбай жылдығы», «Тың игерудің 30 жылдығы» деген үлкен оқиғалар өткенімен, бұлардың бәрінен халық жадында сақталар сөз қалмады. Демек, оқиғалардың маңыздылығы да халық жүрегіне жетпеді.
Ел ішінде аңызға айналар ендігі бір ірі оқиға болса, ол кеше ғана аяқталған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі болар деп ой түйеміз.
Егер ЭКСПО туралы деректерге көңіл бөлсек, ол 93 күнге созылды. Оған 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмені әлемнің түкпір-түкпірінен 4 миллионға жуық адам тамашалады. Демек, күн сайын 40-50 мың адам келіп тұрған. Көрме кезінде шағын және орта бизнестің 1400-ден астам кәсіпорыны 640 млрд теңгенің тауарларын жеткізу мен қызмет көрсетуге тапсырыс алса, келген қонақтар есебінен туристік әлеуетіміз 1,8 есеге артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайызға көбейіп, қызмет көрсету саласынан түскен салық мөлшері 1,2 есеге өсті. Астана «National Geographic Travel» журналының шешімі бойынша «Болашақ қаласы» деп танылса, The New York Times басылымы Қазақстанды көруге лайықты мемлекет қатарына қосты.
Мұның сыртында, көрме қалашығында 6 мыңнан астам мәдени шара өтті. Балама энергия көздерінің 140-қа жуық жобасы таныстырылды. Қонақтар мен туристер 178 мемлекеттен келді. Жалпы, ЭКСПО аясында 3500-ге жуық шара өтіп, оған 33 мыңдай әртіс қатысты.
«Бұл көрме Қазақстанның бүкіл әлемге танымалдығы мен туристер үшін тартымдылығын арттырды. Елімізге келген мәртебелі меймандарға халқымыздың қонақжайлығын көрсетіп, «Болашақ энергиясы» тақырыбына қатысты бүкіл әлемнің тәжірибесін өз жерімізде тоғыстырдық», деді Елбасы көрменің жабылу салтанатында.
Әрине бұл көрменің ел өміріндегі әсерін екшеп, маңызын ашу үшін бір, тіпті он жылдың өзі аздық етер. Өйткені аңызға айналар оқиға ел жадында жатталып, әбден пісуі қажет. Ұрпақ ауысқан сайын ол алыстаған тау секілді зорая беретін болады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»