• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2011

Нидерландтар

681 рет
көрсетілді

ЕУРОПАДАҒЫ ШАРУАЛАР Нидерландтар: «Құдай әлемді жаратты, ал голландтар Голлан­дияны жасады», дейтін көрінеді. Себебі, «нидерланд» деген сөздің түбірінде ойпатты жер деген ұғым жатыр да, осы аймақты ежелден мекендеген шаруалар оны қолы­мен құрғатып, қазіргі күйіне жеткізіпті. Шынында да ел аума­ғының 40 пайызы теңіз деңгейі­нен тө­менде жатыр. Олардың бар­лығы бір-бірінен дамбалармен, өзен-көлдердің бойындағы жаға­лау құм­дарымен бөлінеді. Ауыл ша­руашылығына және басқа да қа­жеттіліктерге пайдалануға қол­дан құрғатылған осы жерлер поль­дерлер деп аталады екен. Негізінен мол сулы болып келетін бұл елдің өзендері бір-бірімен каналдар арқылы жалғасып жатыр. Олардың барлығында кемелер балықша жүзеді және дамбалар бойына салынған жел диірмендері нидер­ланд­тардың ресми емес сим­во­лына айналып, осы елге ға­на тән ерекшелік пен әсемдік береді. Қолдан канал қазған елге ағаш егу жүк болып па, қай жа­ғыңызға қарасаңыз да, ауыл ша­руа­шылы­ғына пайдаланылатын жа­зық жерлерден өзгесінде жаға­лай ор­ман. Барлығы қолдан егілген. Көпшілікке Голландия деген атаумен белгілі Нидерландтар Корольдігі (Голландия деп атау тегінде дұрыс емес, өйткені, ол Король­діктің оңтүстік және сол­түстік Голландия деген 2 провин­циясының ғана атауы болып келеді) 12 провинциядан тұрады. Алайда, Голландия деген атаудың мем­лекеттің синонимі ретінде ата­луында да гәп бар, себебі, осы екі өлке елдегі барлық жағынан алда тұрған аймақ саналады. Мемлекеттік құ­ры­лымы конститу­циялық монархия Нидерландтар мемлекеті тарихи тұрғыдан көне ел емес. Жалпы, нидерландтықтар спорт­­қа өте әуес. Көшелерінде жүгіріп жүрген жас-кәріні жиі кездестіресіз. Әрі бұл халықтың басты көлігі– кәдімгі велосипед. Бір қызығы – ол әрбір голлан­дық­­­та екі-екіден болатын көрі­неді. Оның сыры–мемлекет тара­пынан берілетін тұрғын үйге бай­ла­нысты болып шықты. Сөйтсе, Амстердам, Гаага, Роттердам сын­ды ірі қалаларда үй жалдап тұру өте қымбатқа түседі де, тұрғын­дар мемлекеттен үй алуға кезекке тұрады. Ал ол үй азаматтың жұ­мыс істейтін қаласынан емес, басқа өңірлерден берілуі мүмкін. Сол жағдайда әлгі адам өз үйінен велосипедпен шығып, жергілікті темір жол вокзалына келіп, оны арнайы велотұраққа тастап, по­йыз­ға отырады. Діттеген қала­сына жеткенде тұрақта тұрған екінші велосипедін алып, жұмы­сына заулайды. Ал вокзал жа­нындағы велотұрақтардың үлкен аумақты алып, және бірнеше қабатқа орналасқанын көзімізбен көрдік. Және тағы бір ерекшелік, қай қалада да велосипедшілерге деген арнайы жол бар. Қызыл түсті тастардан қаланған бұл жолдармен жаяу жүргінші жүрмейді, көлік өтпейді. Велосипедке құ­мар­лықтың бір сыры–қоғамдық көліктердің қымбаттығында да жатқандай. Трамвайға бір отыр­саңыз, бізше 700 теңгедей қа­ражатыңыз шығады. Елдегі ең ыстық ай – сәуір, жаздың басқа уақыттарында температура 20 градустың маңайында болатындықтан, Гааганың іргесіндегі Солтүстік теңізге голланд­тықтар шомылмайды. Бірақ жа­ғажайда халық көп. Топ-топ бо­лып түрлі спорттық ойындар ойнап жатқан жұрт немесе серфингпен, желкенді қайық спор­тымен айналысып жүрген жастар. Бізге танысы да, таныс емесі де бар, неше түрлі спорттық ойын­дар. Жағажайда біреулер осы­лайша ойынның қызығына түсіп жатқанда, енді біреулер отбасы­мен келіп, жағалай орналасқан дәмханалардан ас ішіп, демалып отыр. Осы жерде тек нидерланд­тықтар ғана жасайтын біздің дүкендердегі селедкалардан кішірек, дәмі тіл үйіретін селедка-харинг балығын әзірлеп сатады. Харингті жеу тәсілі де өзгеше екен. Балықты құйрығынан ұстап шал­қайып, басынан бастап жейді. Немесе харингті нанның үстіне қойып, онан соң аз ғана тұз сіңген қияр мен пияздан тұратын бу­тербродты көшелерде де сата береді. Негізі голландықтарды сельд балығын алғаш тұздау­шылар деп атайды. Нидерландтардың саны да, жері де шағын болғанымен, (хал­қының саны бізбен шамалас – 16,6 млн.) әлем бойынша өнім­дерін экспортқа шығару мен инвестиция салудан үшінші орында, ал біздің еліміздің экономикасына инвестиция салудан ең бірінші орындағы мемлекет. Алақандай Нидерландтар жұрты өздерінің ауылшаруашылық өнімдерімен бүкіл Еуропаны асырап отыр. Голландияда жұмыссыздар ала­тын жәрдемақы 1000 еуроны құрайды, ал орташа жалақы көле­мі 1500-2000 мың еуро шама­сында. Ал ақыл-есі ауытқыған адамдарға 2000 еуро жәрдемақы беріледі. Мемлекет көп бала тууға да өте жақсы қолдау көрсетеді. Голландиядағы жоо тарихы 1575 жылға кетеді. Алғашқы университет Лейден қаласында ашыл­ған. Қазіргі күні осындағы университеттер гуманитарлық ғылымдар бойынша оқытса, политехникалық жоо-ларды голландтықтар жоғары мектеп деп атайды. Мұнда эконо­миканың барлық саласына қажетті мамандар оқытылады. Қазір елде 55 осындай жоғары мектеп бар екен. Және Голландияның ешбір уни­верситетінің ерекше мәртебесі жоқ, барлығы да жоғары сапалы білім беретіндіктен, оның дип­лом­дары әлемде жоғары бағаланады. Кеме жасау тарихында да өзіндік орны бар голландықтар ғы­лымның химия, физика, медицина, экономика салалары бойынша 15 рет Нобель сыйлығын иеленіпті. Ал Голландияның алтын ғасыры деп ХVII ғасырды атайды. Сол уақыт­тағы голландтық көпестер мен бан­кирлердің орасан зор байлығының арқасында олар түрлі географиялық экспедициялар жасақтайды. Соның нәтижесінде қара құрлық – Африкада Қайырлы үміт мүйісі ашылып, амстердамдық Вильям Баренц сол­түстіктегі Жаңа Жердің солтүстік жағалауына, Шпицберген аралына жетіп, қазір өзінің атымен аталатын теңізде қайтыс болады. Тағы бір голландық жиһанкез Хенрик Гудзон Шығыс Азиямен сауда-саттақ жасайтын солтүстік теңіз жолын іздеймін деп Америкаға дейін жүзіп барып, Гудзон шығанағында Жаңа Амстердам атты қаланың негізін салады. Ал арада ондаған жылдар өткенде Жаңа Амстердамды басып алған ағылшындар қала атын Нью-Йорк деп өзгертіп жібереді. Қазіргі Нью-Йорктың атақты бөлігі – Манхеттенді голландық сауда ком­паниясы кезінде үндістерден 60-ақ гульденге сатып алыпты. Америкадағы голландық­тар­дың ізі мұнымен бітпейді, Нью-Йорктегі қара нәсілдер тұратын Гарлем-Харлем, Бруклин мен Бруклин көпірінің түбірі осы елде жатыр. Тіпті, АҚШ-тың екі бірдей президенті Теодор мен Франклин Рузвельттердің бабалары ван Роозвельт атты голландық болып табылады. Олардың географиялық келесі бір сәтті ашулары деп Тасман аралы мен Жаңа Зеландияны және Горн мүйісін атауға болады. Ал Австралиямен болған тарих тіптен қызық. Осы жерге табаны тиген голландтықтар оны Жаңа Голландия деп атап, артынан түк пайдасы жоқ жер деп игеруден бас тартады. Сол ғасырда голландиялық көпес­тердің әбжілдігі арқасында әлем­дегі алғашқы трансұлттық сауда корпорациясы Ост-Индия да дүниеге келеді. АМСТЕРДАМ Голландия мәдениеті атақты суретшілерімен әйгілі. Рембрандт ван Рейн, Винсент ван Гог, Пит Мондриан сынды суреткерлер есімін білмейтін бір жан жоқ шығар. Мәселен, Амстердамдағы ван Гог музейінде Винсенттің 200 кар­тинасы және 500 суреті мен 700 хаты сақталған. Жалпы, Нидерландтар музейлер мен театрлар елі десек, еш қателеспеспіз. Бір ғана Амстердамның өзінде 50 театр бар. Туристер көп келетін жаз айла­рында олардың репертуарлары ағыл­шын тіліндегі қойылымдармен толығып отырады екен. Тіптен Хайникен сырасына да арналған музей бар. Азаттық жолында қай басқын­шымен де аянбай күрескен нидер­ланд­тықтар гитлерлік Германия­ның өз елдерін жаулап алуын жадыла­рынан шығармапты. Гаага, Амстердам, Роттердам қалала­рында соғыс құрбандарына орна­тылған ескерт­кіш­терді көрдік. Басқыншылар гол­ланд­ық еврейлерді қынаша қы­рыпты, бірақ қандары тұщы ни­дерландтықтар оған қарсы болған. Сол қарсы­лықтың айғағы Анна Франк музейі. Анна атты кішкентай қыздың отбасы гитлершілерден екі жыл жасырынады. Енді Амстердамда Анна Франк отбасына пана болған үй сол кездегі қалпына келтіріліп, қазір онда музей ашылған. Бұл үй соғыс уақытында кеңсе болған ғимарат екен. Кеңседе жұ­мыс істейтін адамдардың барлы­ғы еврей отбасының қайда тығыл­ғанын біліп, көмектерін көрсетіп, тамақ тасиды. Алайда, 1944 жыл­дың 4 тамызында әлдебір опасыз­дың жеткізіп баруымен отбасы тұт­қынға алынып, концлагерьге айда­лады. Кішкентай Анна болса, сол екі жыл бойына басынан кешкендерін күнделігіне жазып оты­рыпты. Ақырында бір үйлі жаннан тек Аннаның ағасы Отто ғана аман қалып, ол кейін күнделікті кітап етіп шығарады. Жалпы, Амстердам 90 аралдан тұрады да, олардың арасы арнасы кең каналдармен жалғасқан. Үй­лерінің іргелерін толқын ұрып, катерлер жүзіп жүрген Амстердам көшелері көзге өзгеше көрінеді. Көбіне 3-4 әрі кетсе 5 қабат етіп салынған қала үйлерінің төбесінен кәдімгі көтергіш кранның шотаяқ ілмегін көресіз. Сөйтсе, жердің әр сүйемін есептеген голландықтар басқыштар мен есікті де кішкентай етіп салады. Ал пәтерлерге жиһаз тек жоғарыдағы ілмекпен терезе арқылы ғана кіргізіледі. Дүниеге көптеген жиһанкездер мен атақты суретшілерді, ғалым­дарды берген Голландия тұрғын­да­рының көбі атеистер. Халқының 41 пайызы өздерінің ешбір дінге қатысы жоқтығын білдірген. Дінсіздер көбейгенінен көптеген шіркеулер өз қызметтерін атқара алмай, музейлерге айналыпты. Амстер­дамның «қызыл шамды» көшеле­ріндегі тәнін сатушы қыздардың қызметіне де ресми рұқсат берілген. Ал «қызыл шам» деп ата­луының өз сыры бар екен. Орта ғасырларда Амстердам көшелері қараңғы болыпты. Кеш түсе қала көшелерінде әйел заты жүре ал­майтын халге жетіпті, себебі, алыс-алыс жерлерден жүзіп келген матростар Амстердамдағы жеңіл жүрісті қыздар бар екенін білгендіктен, олармен жолығуға асығады екен. Содан қыздарының абыройын ойлаған қала тұрғындары жеңіл жүрістілерден үйлеріне қызыл шам жағып қоюларын талап етеді. Содан бері осындай «қызмет» көр­сететіндер бизнесі дамыған. Амстердамда полиция бөлімше­сінің жанында кофе-шоптың болуы өте үйреншікті, қалыпты жағдай. Кофе-шопыңыз, кәдімгі марихуана сататын орын. Туристерге арнап кәдесыйлар сатылатын дүкендерге кірсеңіз, онан марихуана қосылған печенье, шәй және оны орап тар­татын қағаздың да сатылып жат­қанын көресіз. Амстердамнан әке­тер кәдесыйлар қатарында, әрине, «қызыл шамдар» көшелерінің символдары да көптеп сатылады. ГААГА Гаага Нидерландтар Корольді­гінің ресми астанасы емес. Бірақ мұнда үкімет, барлық министрліктер мен шетелдік елшіліктер, тіпті патшайым сарайы да орналасқан. Мұнымен қоса, Гаагада көптеген халықаралық ұйым­дардың офистері орын тепкен. Мәселен, біздің еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев қатысқан «Ядро­лық дилеммалар: бүгіні және ер­теңі» атты халықаралық конференция өткізілген Халықаралық сот ор­наласқан Бейбітшілік са­райы қа­ланың нағыз орталығында тұр. Оның салынуына америкалық болат магнаты Эндрю Карнеги сол кездің шамасымен үлкен сома – 1,5 миллион доллар қаражат шығарып, алдымен оның сәулет үлгісіне бай­қау жарияланады. 216 жобаның ішінен француз Кордоньенің үлгісі жеңіп, бірінші кірпіші 1907 жыл­дың 30 шілдесінде қаланып, 1913 жылдың 28 тамызында сарай құры­лысы аяқталады. Сарайдың сәуле­тінде византиялық және романдық стиль ұштасқан. 1922 жылдан бұл ғимаратта Халықаралық сот жұмыс атқарады. Және де Гаагада БҰҰ-ның Халықаралық сотына қоса әскери қылмыскерлерді соттайтын және Югославия үшін уақытша ашылған Қылмыстық сот та бар. Нидерландтықтар Гааганы Гравенхаге немесе қысқаша Ден Хааг деп атайды (ол граф аң аулайтын қоршау деген мағына береді). Олар өздерінің қаласын Гаага деп атай­тынымыздан мүлдем бейхабар. Егер Голландияға бара қалып, Гаага­ға билет алайын деп едім десеңіз, сізді ешкім түсінбейтініне кепілміз. Алғашында 1230 жылы граф Флорис IV осында сарай салдырады. Дегенмен, графтың са­райы салынса да, Гаага Наполеон заманына дейін халқының санының көптігіне қарамастан, деревня ата­лып келеді. Тек 1806 жылы ғана Наполеон бұйрығымен қала мәр­тебесін алады. Гаага сәулеті Амстердамнан өз­геше. Кең көшелерімен, өзіне тән архитектуралық үлгілерімен және көшелерінде каналдардың бол­ма­уы­мен ерекшеленеді. Гаагада біздің «Атамекен» картасына ұқсас Мадурадом атты миниатюра қалашық бар. Голландияда өзгеше бір сәулетті ғимарат, болмаса ескерткіш орнаса оның 25 есеге кішірейген тура дәлдікпен орындалған көшірмесі осы қалашықтан орын тебеді. Мұндағы 700-ден астам ғимарат, жел диірмендері, соборлар, көпірлер түнде 50 мың кішкентай шамның жарқылымен ерекше көз тартады. Ал қалашық Мадур әулетінің фашистік конц­лагерьде көз жұмған жасөспірім баласына арналып, сол әулеттің қаржысына тұрғызылыпты. Келушілерден түскен қаражат ба­лалардың қайырымдылық ісіне аударылатын көрінеді. Осылайша бір әулет өзінің соғыс құрбаны болған ұланына өлмес ескерткіш тұрғызған. Гаага үйлерінің архитекту­ра­лық өрнегі адам жанына жай­лылық, тыныштық, жылылық себеді. Негізінен үш қабаттан тұрғызылған үйлерден тазалық­тың, ұсынықтылықтың лебі еседі. Және Гаагада жаңадан салынған үйлерді де осы қалыппен тұрғызу қадағаланатын көрінеді. Сон­дықтан қала өз ерекшелігін арада қанша жыл өтсе де бұзбаған, архитектуралық ансамбльдер үй­ле­сімділігімен, тазалығымен, кө­шелерінде адамдардың аздығы­мен ерекшеленеді. Гааганың енді бір ерекшелігі – мұнда бүкіл Нидерландтар бойынша орта ғасыр­лардан жалғыз сақталған жабық аркада – Пассаж бар. Оның ішіндегі дүкендер, жағалай орна­ласқан дәмханалар ерекше күй сыйлайды. Пассаждан шығып, сәл жүр­сеңіз, қаланың тағы бір көрік­ті де тарихи орны – Плейн ала­ңынан, онда орнатылған король Вильгельм Оранскидің ескерт­кішінің жанынан өтесіз. Жалпы, бұл елдің өзіне тән корольдігі бастауын 1815 жылдан алады. 1890 жылға дейін қатарынан үш Вильгельм билік етсе, мұнан соң осы Орански әулетінің қыздарының елге иелік ету мерзімі басталады. 2010 жылы Орански қыздарының таққа отырғанына 120 жыл толды. Қа­зір­гі патшайым Беатрикс ел билігіне 1980 жылдың сәуірінде келген. Алайда, Беатрикспен қыз­дар билігі тәмамдалатын сыңайлы. Патшайымның ханзада Клауспен арасындағы некесінен дүниеге келген тақ мұрагері ханзада Вил­лем Александр мен оның жары норвег қызы Максима халық арасында беделді көрінеді. Гол­ландтықтар өз пат­шайымының есімін үлкен құр­метпен атайды. РОТТЕРДАМ Еуропаның теңіз қақпасы аталатын Роттердам қаласының кеме айлағы тауар айналымы жөнінен Шанхай мен Сингапурден кейінгі үшінші орынды ала­ды. Нидерландтардың ғана емес, Германия, Австрия, Швей­цария­ның жүктерін жан-жаққа жіберіп, қабылдап алатын айлақ 30 шақы­рым жерге созылып жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыста Роттердам қатты зардап шегіпті. 1940 жылдың 14 мамырында гитлерлік вермахтың бағыныңдар деген ультиматумын қабылдамаған соң, әуеден бомбалау арқылы 24 мың үй, 2500 дүкен, 1200 ірілі-ұсақты фабрика, 70 мектеп пен 21 шіркеу күл-талқан болады. Ал 1945 жылы фашистер қаланы тастап бара жатып, кеме айлағын жарып кетеді. Бірақ Роттердам тұрғындары қаланы қайтадан жаң­ғыртып қана қойған жоқ, әйгі­лі Роттердам айлағын бұрынғыдан да қуатты етіп салып шығады. Нидерландтықтар: «Амстердамда ақша жұмсалады, ал Роттердамда ақша жасалады», дейді екен. Шынында да Роттердам – қайнаған еңбек қаласы. Күн са­йын оның айлағына 32 мың мұ­хит­аралық кеме, 180 мың өзен­дерде жүзетін кеме тоқтайды екен. Авангард, футуризм, кубизм, хай-тек стильдерін қолданып, әлемдегі ең мықты сәулетшілер қиялынан туған Роттердам келбеті шынында да қиялға қанат бітіргендей. Ескі архитектурамен қа­тар, жаңа зәулім ғи­мараттар бой түзеген, көздің жауын алар қала­ның әсемдігіне 185 метр жоғарыға көтеретін Еуромаст биігіне шық­қанда көзің жетеді. Әне, бұрын Дельфт қа­ласы аталған, қазір Роттердам­ның бір бөлшегіне ай­налып кеткен Дельфтің айлағы. Осы жерден Америкаға бақыт іздеген адамдар аттаныпты. Нидерландтардың өзге қалала­рындағыдай, Роттердам тұрғын­дары да үш нәсілдің өкілдерінен тұрады. Қалада мұсылмандар да көп. Тіпті, Роттердам мэрі марок­колық мұсылман жігіт. Мұнда үлкен мешіт те бар. Әлемде жоғары дамыған ел­дердің қатарынан ойып тұрып орын алып, белді көрсеткішке жеткен Нидерландтар жұртын кө­ріп, сапардан түйген ойлары­мыз­бен бөлістік. Бәлкім, сіз де өзіңіз­ге қажет ой түйерсіз, оқырман. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ. Астана – Амстердам – Гаага – Роттердам – Астана.