Қызылорда облысының әкімдігі мен халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының, халықаралық Түркі академиясының қолдауымен "Қорқыт ата мұрасы: эпикалық мәдениет, халық аңыз әңгімелері және әуендері" тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференцияға отандық және Түркия, АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен түркітанушы, филолог, өнертанушы ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, өнерпаздар қатысты.
Конференцияны Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізді.
– Ұлы өнерімен Ұлы даланы тербеткен, мәңгілік өмірдің жоқшысы, күллі түркі әлемінің ортақ ұраны – Қорқыт атамызға арналған алқалы жиынның Сыр елінде өтуі тегін емес. Халықаралық деңгейдегі конференция түркі елдерінің өзара мәдени деңгейін, халықтық өнерді сақтаудағы тәжірибелерін зерделеуге мүмкіндік береді, – деді модератор өз алғысөзінде.
Конференцияны ашқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев күллі түркіге ортақ Қорқыт ата тыныс тапқан мекенге келген барша қонақтарға елдің ықыласын жеткізді. Сыр өңірі мен Қызылорда қаласының түркілер мен қазақ тарихындағы маңызды орнына тоқталды.
– Бұл фестиваль барша түркітілдес елдердің басын қосқан рухани көпір іспеттес. Елбасының бастамалары арқасында қазір туыстас елдер арасында ынтымақтастық нығайып, достық байланыс орнаған. Ұлы ойшыл Қорқыт бабаның туған жеріндегі фестиваль осының дәлелі,– деді аймақ басшысы.
Келесі құттықтау сөзді иеленген халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов бұл конференция – ғылымның сан саласындағы Қорқыт мұрасына қатысты соны зерттеулерді таныстыратын жиын екенін атап өтті.
– Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласы біздің елде ғана емес, түркі елдері арасында да ерекше қызығушылық тудырып, ірі басқосулардың арқауына айналды. Себебі әлемнің барлық елдерінде рухани арқау күрделі жағдайда. Қазіргі заманның сұарынстары мен қайшылықтары сан қилы екенін ескерсек, ұлт руханияты үшін аса маңызды тақырыпты қозғаған жиынымыздың нәтижелі өтетініне сенімдімін, –деді бас хатшы.
Конференцияда Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры, Әлем артисі Айман Мұсақожаева өзі басқаратын оқу орнындағы дәстүрлі музыканттарды дайындаудағы жетістіктерге тоқталды. Сонымен бірге университет жанындағы Қорқыт ата атындағы ғылыми-зерттеу институты атқарған жұмыстарды айтып өтті.
Конференция барысында тың ой, тосын пікір мен орынды ұсыныстар айтылып, Қорқыт ата турасында келелі баяндамалар жасалды.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.