• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Қыркүйек, 2017

Павлодарда «Саясаттың ер және әйел келбеті» диалог алаңы өтті

410 рет
көрсетілді

Диалог алаңын облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың қолдауымен өңірдегі  Іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырды.

Жаңа форматтағы диалог алаңы «Жастарға қызмет көрсету орталығында» өтіп, өңірдегі жастар ұйымдарының өкілдері қатысып өзара пікір алмастырды. Спикерлер екі командаға бөлініп, әрқайсысы өз ой-пікірлерін ортаға салды.Кездесу модераторы Гүлнәр Исенова талқылауға арналған басты тақырыптарды жариялады, олар: «Әйелдің орны ас- үйде» және «Әйелдер мен ерлер саясатта және билікте». Бірінші топтың бас спикері Оразалы Сәрсенов, ал екінші топтың бас спикері Эрик Беккер болды.

Жас спикерлер тобы «Әйелдің орны ас үйде ме немесе билік басында ма?» деген мәселені қызу талқылады. Бірінші топ өкілдерінің пайымдауынша, біздің қоғамда әйелдің орны ас-үйде деген түсінік басым. Өйткені, кішкентай күнінен қыздарға мансаптан гөрі отбасылық құндылықтарды дәріптейтін тәрбие беріледі. Ал, қарсы пікір білдірушілер керісінше, әйелдер ерлермен қатар билікте қызмет жасауға құқылы деген пікірде болды. Мысалы, саясаткер әйелдер клубының төрайымы Ирина Фогельдің пікірінше, әйелдер үй шаруасымен қатар мансабын бірге алып жүре алады.

–Әрине, әйел үшін отбасылық құндылықтар ең басты орында болуы тиіс. Өзі өмір сүретін қоғамда да өзін тұлға ретінде көрсетуге де құқылы, – дейді «Жас Отан» жастар қанатының қалалық бөлімінің басшысы Әйгерім Манабаева.

Эксперттік комиссия мүшелері жас спикерлерге баға беріп, диалог құру жолдарын нұсқап отырды. Ал, «Әйелдің орны асүйде» тобы нақты фактілерге сүйене отыра, үйлесімді, иланымды дүниелер айтып, көш бастады. Нәтижесінде, екі команда да елімізде гендерлік саясат бар, оны белсенді түрде дамыту қажет, алайда, әйелдің басты міндеті-отбасын құрып, сүйікті жар, балалы ана болуы керектігін ұмытпауға тиіс деген пікірге келді. Диалог алаңы аяқталған соң «5+5+1» әдісі бойынша сауалнама да жүргізілді.

Фарида Бықай,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар