• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Қазан, 2017

Мемлекет қайраткері Саламат Мұқашұлы туралы бір үзік сыр

1673 рет
көрсетілді

Осыдан ширек ғасыр бұрын Қазақстан ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке ие болды. Тарихи өлшеммен алғанда қысқа уақыттың ішінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көреген әрі батыл саясатының арқасында демократиялық жолмен нарықтық қатынастар негізінде қарқынды дамып келе жатқан жаңа бейнедегі мемлекет болып қалыптасты. Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті, дамыған 50 елдің қатарынан орын алды.

Әрине, бұл жетістіктерді алдыңғы буын ағалардың ерен еңбегінсіз елестету қиын-ақ. Әсіресе, ХХ ғасырда адамзат баласы қарышты дамыған кезде түрлі қиыншылықтардың болғаны анық. Өткен ғасыр революция, ашаршылық, Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі қиын кезеңдер, КСРО-ның ыдырауы, КОКП-ның тарауы және Қазақстанның тәуелсіздік алуы секілді түрлі тарихи оқиғаларға толы болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тың өзгерістердің негізгі салмағы кеңес заманында дүниеге келіп, еңбекке араласқан әрі саяси шыңдалған аға буынға түсті. Сондықтан еліміздің экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуына ерекше үлес қосқан ұстаздарды  әрдайым есте ұстау бүгінгі ұрпақтың парызы. 

Қазан айында еліміздің мемлекет және қоғам қайраткері Саламат Мұқашұлы Мұқашевтің туғанына 90 жыл толушы еді. С.Мұқашев 1927 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында дүниеге келген. Фабрика-зауыт­тық оқуда білім алған соң Мақаттағы мұнай кәсіпорнына жер асты ұңғымаларын жөндеуші оператор жұмысына кірісті. Гурьевтегі мұнай техникумын аяқ­тап, елімізде тұңғыш рет өндірістік мұнай өндіру бас­тал­ған Доссор мұнай кәсіпорнында бухгалтер болып еңбек жолын жалғастырды. Кейін­гі екі жылда комсомол комитетінің хат­шылығына сайланды. Ол өмірінің он жылын мұнайшы мамандығын меңгеруге жұмсайды. Жоғары жауапкершілік пен іскерлік және ұйымдастырушылық қа­бі­летімен көзге түскен Саламат Мұқашұлы­на Харьков қаласындағы (Украин­а) Бү­кілодақтық орталық кеңестік кәсіби одақ­тардың екі жылдық жоғары мектебіне жолдама беріледі. Оны үздік бітіріп, елге оралды.

1951-1953 жылдары мұнай өнеркәсібі жұмысшыларының Республикалық кә­сіподақ комитетінде және 1953-1954 жылдары Гурьев облыстық партия коми­тетінде нұсқаушы қызметтерінде болды. 1954-1961 жылдары Гурьев облыстық кәсіподақ кеңесінде хатшы және төраға лауазымдарын абыроймен атқарды. 

Мен ең алғаш С.Мұқашевпен 1960 жы­лы Доссордағы авто­көлік, трактор және ­мұнай жаб­дықтарын жөндеу зауыты ұжы­мының жиналысында танысқан едім. Ол 1959 жылғы өндірістік сайыста жеткен жетістіктері үшін облыстық кәсіподақ ке­ңесінің төрағасы ретінде ұжымға ауыспалы Қызыл туды және өндірістің алдыңғы қатарлы қызметкерлеріне грамоталарды тапсырған болатын. Солардың қатарында коммунистік еңбек екпіндісі ретінде мен­ де болдым.  Мен 1956-1961 жылдар ара­лығында аталған зауытта слесарь болып жұ­мыс істедім. Сол кездесуден бастап С.Мұқашевтің еңбек жолы көз алдымда болды.

С.Мұқашев 1961 жылы Гурьев об­лы­сы­ның Жылыой аудандық партия ко­митетінің бірінші хатшылығына сайланды. Аудандағы мал шаруашылығы қаһар­лы қыстан қатты зардап шеккен еді. Табиғаттың тосын мінезінен мал саны он­ жыл бұрынғы көрсеткішке төмен тү­сіп кетіпті. Ауыл тұрғындарының жағ­­дай­­лары да мәз емес еді. Олар саз бал­шық­тан соғылған үйлер мен жеркепеде­ тұрып жатты. Өнеркәсіп пен эко­номиканың өзге салаларында шешімін таппаған мәселелер өте көп болатын. Мұнай-газ өндіру көлемін арттырып, аудан жерінен өтетін Мақат-Маңғыстау теміржол құрылысының қордаланып қалған мәселелерін шешіп, Орта Азия – Орталық газ құбыры құрылы­сының түйінін тарқату керек болды. Әлеу­меттік-тұрмыстық құрылыстарға баса назар аудару қажет еді. Ет, сүт және қаракөл ел­тірісі мен жүн тапсыру өз кезегін күтіп тұрды.

С.Мұқашев Жылыойды тоғыз жыл бас­қар­ған кезде, аудан республикалық және облыстық деңгейде алдыңғы қатарға шы­ғып, бірнеше рет ауыспалы Қызыл туды жеңіп алды. Жоғарыда айтылған аудан көлеміндегі қиындықтар түгелге дерлік жойылды.

1970 жылдың сәуір айында Саламат Мұқашев Гурьев (қазіргі Атырау) об­лыс­тық партия комитетінің бірінші хат­шылығына сайланды. 1973­ жылдың нау­рыз айына дейін Маңғыстау өңірі Гурьев облысының құрамында болға­нын, сол кезде жер көлемі 278000 шаршы шақырым екенін де айта кеткен жөн. Облыс орталығынан шығыстағы шекараға дейінгі қашықтық 2000 шақырымға жуық, ал батысқа дейін 700 шақырымға жететін. Облыс халқының саны 515 мың адам, оның 62 пайызы байырғы тұрғындар еді.

1970 жылдың тамыз айында мен Гурьев облыстық комсомол комитетінің бі­рінші хатшысы және облыстық партия комитетінің бюро мүшелігіне кандидат болып сайландым. КОКП ОК жа­­нындағы жоғары партия мектебін бітір­ген соң Махамбет аудандық партия ко­ми­тетінде бірінші хатшы болдым. Жеті жыл қатарынан С.Мұқашевтың тікелей басшылығымен жұмыс атқарып, оның қайраткерлігі мен ақыл-кеңестеріне риза болатын едік.  Саламат Мұқашұлының бойы­нан жо­ғары деңгейдегі бас­шыға қажетті қасиеттің бәрі табылатын. Ұстамды, көп сөзді емес, әдепті, кісі көңіліне келу дегенді білмейтін. Стратегиялық ойлау қабілетінің арқасында басымдықтарды айқындай отырып, міндеттерді дұрыс қоятын, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін.  Оның бі­реуге дауыс көтеріп, не болмаса біреуді жұмыс бабымен әділетсіз жазалағанын көр­меппін. Облыстық партия комитетінің бюро­с­ын өткізу барысында өзін ұстауы, даулы мәселелер туындаған жағдайда қарсыластарын сендіре білуі, жақсы жұ­мысымен көзге түскендерді көтермелеп, қа­телікке жол бергендерге әділ түрде шара қолдануы көпшіліктің көңілінен шығып жататын. 

С.Мұқашев республикалық және одақ­тық басшылықтың келісімімен аймақтың жай-күйін жан-жақты терең талдау үшін Гурьев облысында арнайы жұмыс топта­рын құрып, ауқымды жұмыстарды қолға алды. Маңызды тақырыптарға орай ғылы­ми-практикалық конференциялар өткізіп, оған одақ пен республика деңгейіндегі көрнекті ғалымдар мен мамандарды, түрлі министрліктер мен кәсіпорындардың өкілдері шақырылды. Конференция барысында қабылданған ұсыныстарда өндіріс, аграрлық, құрылыс индустриясында, денсаулық сақтау, әсіресе мұнай-газ саласына қатысты өзекті мәселелер қам­тылды. Ол құжаттар кейіннен партиялық және кеңестік ұйымдар тарапынан қабыл­данатын қаулылардың негізіне айналды. Кеңестік уақыттағы жоспарлы экономика жүйесі бойынша аймақтың дамуы үшін бөлінетін қаражат алу бары­сында өте сенімді дәлелдер қажет болатын. С.Мұқашевтің араласуымен ондай шаруалар оң шешілетін. Ол өзіне дейінгі басшылардың бастамаларын сәтті жалғастырып, өлкенің дамуына өзгеше үлес қосты. КОКП ОК, КСРО үкіметі мен республикалық органдар тарапынан бірқатар қаулылар қабылданып, облыстың даму деңгейі арта түсті. 

Одақтық және республикалық деңгей­дегі басшылар облысқа жиі келіп, шаруа­шылықтардың басы-қасында болуға тырысатын. Мұндай шаралар мәсе­ленің өзек­тілігіне көз жеткізіп, оң ше­шілуге ықпал ететін еді. Мұнай мен газ бар­лауының қарқыны артып, әсіресе Маң­ғыстау түбегінде  жұмыс белсенді түрде жүр­гізілді. Бұл жұмыстар аймақты ірі отын-энергетикалық кешеніне айналдыру мақсатына сай болды.  Геологиялық барлаумен айналысатын «ҚазҒЗГБИ» және «ҚазмұнайҒЗЖИ» институттары ашылды. «Қазмұнайбарлау» басқармасы Ақтөбе қаласынан Гурьевке көшірілді. Нәтижесінде геологиялық барлау жұмыстары жандана түсті. Облыста «Ем­­­бі­­мұнайгеофизика», «Ем­бі­мұнайқұрылыс» трестері құрылды.­ Ондаған мұнай кен орындары ашылып, Ембі мен Маңғыстау кәсіпорындарының еңбек өнімділігі арта түсті. Бір ғана 1972 жылы 20 миллион тоннадан астам мұнай өндірілді. 

Ұзындығы 711 шақырым және диа­метрі бір метрге жететін Өзен – Гурьев – Куйбышев (Самара) мұнай құбырының екінші кезеңі пайдалануға беріліп, Маң­ғыстау мұнайының алғашқы тоннасы тұ­ты­нушыларға жеткізілді. Жаңаөзендегі газ өңдеу зауы­тының бірінші блогының және Теңге кәсіпорнының газ өнімдері тасы­малдана бастады. Ал Өзен кен орнынан өндірілетін мұнайдың құрамында парафин көп болғандықтан, ол 30-35 градус жылулықта қоюланады. Осыған байланысты, жер қойнауынан мұнайды мейлінше көп өндіру мақсатында теңіз суын 100 градусқа дейін қыздырып, оны 100 атмосфералық қысыммен беретін қондырғы іске қосылды. 

Азот зауытында азот қышқылының алғаш­қы тоннасы алынып, Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласында жылдам ней­трондағы өндірістік БН-350 реакторы іске қосылды, 3000 нөмірден тұратын қалалық АТС пайдалануға берілді. Шевченко қаласындағы әуежайға ИЛ-18 жолаушылар ұшағы алғаш рет қонды, жаңа ет комбинаты іске қосылып, тоғыз қабатты «Ақтау» қонақ үйінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ осы кезде қалалық телеарна мен радиостанса өз жұмысын бастап, Қазақ ССР Ғылым Академиясының стационарлық ботаникалық экспедициясының базасында Маңғыстау тәжірибелік бағы ашылды.

Шевченко қаласымен қатар, Жаңаөзен, Ера­лы, Жетыбай, Форт Шевченко және басқа да елді  мекендер жедел дамып келе жатты. Тұрғын үйлер, ауруханалар, мектеп­тер тағы басқа да әлеуметтік ғимараттар са­лынды. Экономика көлемі және де елді мекендегі тұрғындар санының қарқынды артуы әрі облыс аумағының кеңдігі, оның қолайлы басқаруына қиындық туғыз­ғандықтан, С.Мұқашев алқалы жиындарда Маң­ғыстау облысын құру туралы мәселені бірнеше мәрте көтерген еді.

1973 жылғы 20 наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жар­лығы бойынша Гурьев облысын бөлу нәтижесінде жаңа Маңғыстау облысы құрылды.

КОКП Орталық комитеті, КСРО үкіме­ті және де республика ұйымдарының қау­лы­ларын жүзеге асыру барысында жеті жыл ішінде Гурьев облысында қыруар жұмыстар атқарылды. 333 шақырым Гу­рьев-Астрахань темір жолы салынып, пай­далануға берілді, Гурьев-2 станса-сында 500 адамдық вокзал іске қосылды. Облыс аумағындағы темір жолдың жалпы ұзындығы 1742 шақырымға дейін жетті.  Бозаң – Шортанбай – Ганюшкин, Құлса­ры – Шевченко, Индер – Калмаков, Миялы – Ойыл электр желілері іске қосылды. Ұзындығы 365 шақырымды құрайтын Гурьев – Мақат – Құлсары – Қаратон – Сарықа­мыс­ су құбыры салынып, пайдалануға бе­рілді. Химиялық зауытта жылына 5 мың тонна этилен, 3 мың тонна полиэтилен өн­діретін жаңа цехтар жұмыс істей бас­тады. Мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ас үй ыдыстары­ мен тұрмыстық техника шығаратын өн­діріс орындары ашылды.

Қуаты 24 мың тоннаға жететін элеватор мен нан комбинаты салынып, пай­далануға берілді. Тәулігіне 240 тонна ұн өндіретін диірмен кешенінде астық тазалау, ұсақтау мен бөлу қондырғылары, ұн­ және кебек сақтайтын шанақтар бар еді. 40 мың тауық өсірілетін құс фабри­касы іске қосылды.Облыста Қазақ КСР-і Су ресурстары министрлігінің Суару жү­йе­лерінің жаңа басқармасы құрылды, Ба­тыс Қазақстандағы Суландыру жобалау-іздестіру институтының ғимараты пай­далануға берілді, тұрақты түрде жұмыс іс­тейтін аймақтық ауыл шаруашылығы көрмесі ашылды. Жергілікті өнеркәсіп министрлігінің дирекциясы ұйымдастырылды, оның құ­рамында металдық емес материалдар комбинаты да бар еді. Республикалық коммуналдық шаруашылық министрлігінің Жөндеу-құрылыс тресі мен Автомобиль жолдары министрлігінің тресі жаңадан құрылды. Сондай-ақ республикалық Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мен Өкпе аурулары ғылыми-зерттеу институтының Гурьев облыстық бөлімшелері ашылды.

«Қарабатан» деген жерде шығатын емдік балшықты қолданатын санаторий-профилакторий, теміржол жұмыс­шыларының балаларына арналған 300 орын­дық пионер лагері және аурухана кешені ашылды. Сонымен қатар 810 орындық облыстық драма театрының ғимараты, облыстық кітапхана, тоғыз қабатты қонақ үй салынды.

Политехникалық, темір жол, ауыл ша­руа­шылық техникумдарының, сон­дай-ақ мәдени ағарту, музыкалық және ме­дициналық училищелерінің ғимараттары салынды.

С.Мұқашев басқарған жеті жыл ішінде Гурьев облысының өнеркәсіп өнімі 2 млрд 100 миллион сомды құрады, 2 млрд 500 миллион сомнан астам қаражат құрылыста игерілді, 1140 мың шаршы метр тұрғын үйлер салынды. 23 орта мектеп, 5920 орынға мектепке дейінгі балаларды дайындайтын мекемелер, 700 төсек орындық аурухана және де көптеген басқа ғимараттар бой көтерді.

Ауыл шаруашылығы сала­сының қыз­меткерлері 245 мың тонна ет, 182 мың тонна сүт, 132 миллион дана жұмыртқа, 24 мың тонна жүн, 350 мың тонна көкөніс өндірді. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және де спорт салалары қарқынды дамыды.  1974-1975 жылдары облыс экономикалық және әлеуметтік жетістіктері мен жылдық және бес жылдық жоспарларын табысты іске асырған үшін республикалық ауыспалы Қызыл туымен марапатталды. 1976 жылдың қорытындысы бойынша Гурьев облысы өнеркәсібінің көлемі 1972 жылғы, яғни Маңғыстау аймағы құрамында болған деңгейге дейін өсті.

1977 жылы С.Мұқашев Қазақ Респуб­ликасы Кәсіподақтар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осы лауазымда үш жыл бойы нәтижелі жұмыс атқарып, бұқаралық және кәсіподақ қозғалысының тиімділігін дамы­туға қомақты үлес қосты. Бұл туралы сол кезде баспасөзде жан-жақты жазылды. Ал 1980 жылы маусым айында С.Мұқашев Маңғыстау облысының партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Ол Маңғыстау аймағы әлі бөлінбеген Гурьев облысының басшысы болған кездегі жобалар мен алғашқы қадамдар ретінде болған кен игеру, кәсіпорындар құру, қалалар мен­ елді мекендердің сәулеттік келбетінің өз­герістері туралы бағдарламалары  жүзеге ас­қан нәтижелері мен  жетістіктерінің жемісін көрді. Бес жыл ішінде (1980-1985 жылдарда) С.Мұқашевтың басқаруымен Маңғыстау облысында көптеген игі істер атқарылды. Алғашқы игеріле бастаған кезден бері кен орындарынан 200 миллион тонна мұнай өндіруіне байланысты салтанатты іс-шаралар өткізілді. Осы кезеңде 6 миллион метрлік тау жыныстары бұрғыланды. 4 мыңға жуық мұнай және газ ұңғыларының құрылысы аяқталды, 12 жаңа кен орындарын әзірлеу жоспары енгізілді. Қазақстанда алғаш рет «Омега» элек­трон­дық кешендерінің желісі іске қо­сыл­ды. Маңғыстау атом энергетикасы ком­бинатының теңіз суын тұщытатын сегізінші қондырғысынан алынған дистилденген ауыз су облыс орталығына жіберілді. Жаңа қалалық аэрокешені құрылды, «Ту-154» ұшақтарының тұрақты рейстері басталды, қалалық сүт зауыты іске қосылды.

Осы жылдар ішіндегі өнеркәсіп өнімде­рінің көлемі 2300 миллион сомды құраған болатын. 80 миллион тоннадан артық мұнай, 12500 миллион текше метр табиғи газ, 68 мың тоннаға жуық пластмасса, 800 миллион тонна қабырға құрылысы материалдары, 92 мың текше метр темір-бетон конструкциялары және олардың бөліктері өндірілді.

1595 миллион сом көлеміндегі инвес­тиция игерілді. 275 мың шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға берілді, денсаулық сақ­тау, білім беру, мәдениет, спорт саласында ондаған ғимараттар мен жүздеген ша­қырым жолдар және коммуникациялар салынған.

Мал шаруашылығы өнімдерін мем­лекет­тік сатып алу ұлғайды, ет 42,7 мың тонна, сүт 5,5 мың тонна, жұмыртқа  250 миллион дана, жүн 6,0 мың тонна, 1250 мың дана қаракөл елтірісі өндірілді. Құ­рылғаннан бері 12 жылдың ішінде облыс еліміздің ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтың біріне  айналды.

1985 жылы Маңғыстау облысы­ мем­лекеттік жоспарын табысты жүзеге асыр­ған үшін КОКП ОК, КСРО Министрлер Кеңесінің, Кәсіподақ және Комсомол Орталық комитетінің ауыспалы Қызыл туына ие болды. 1985 жылы қыркүйек айында С.Мұқашев Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумының Төрағасы болып сайланып, 1988 жылдың ақпан айына дейін осы жауапты жұмысты мінсіз атқарды. 1985 жылы наурыз айында сайланған КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы М.Горбачевтың жүргізген саясатына байланысты Кеңес Одағында және оның құрамында болған мемлекеттердің жағдайы күрт өзгерді. С.Мұқашев  рес­публикамызда болған сол қиын кезеңде өзгерістердің нақ ортасында болды.

Ол ұзақ жылдар бойы басқа­рушы лауа­зымда болған кезде көптеген жас ма­мандарға өмірлік жолдама берді, ұйым­дастыру мен басқара білуге тәрбиеледі. Жетекші кадрларды іріктеу, орналастыру және тәрбиелеу мәселелерін үнемі на­зарында ұстап, олардың көпшілігінен жо­ғары дәрежелі басшылар шыққанына куә болды. 

С.Мұқашев КОКП Орталық Коми­тетінің (1986-89 жылдары) және ҚКП Орталық Комитетінің (1970-1989 жылдары) мүшесі, КСРО VIII-XI шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі VII-XI  шақырылымының депутаты болып сайланды. Төрт рет «Еңбек Қызыл Ту», екі рет «Құрмет Белгісі», «Құрмет» (1999 жылы) ордендерімен марапатталды. Атырау, Ақтау қалаларының, Жылыой, Түпқараған аудан­дарының құрметті азаматы және жеті кітаптың авторы атанды.

Саламат Мұқашұлы зайыбы Мария Сәлімгерейқызы екеуі жеті ұл-қыз өсірген, олар тиісті білім алып, қазіргі таңда өздері таңдаған мамандықтары бойынша еңбек атқарып жүр.

Қайраткер, ойшыл, тәлімгер, стратег және отаншыл азаматтың жүрегі тоқ­тағанына 13 жыл өтсе де үзеңгілес азамат­тар мен әріптестері, ағайын-туыстары аб­зал жанды естен шығарған шығарған емес. С.Мұқашевтың есімі ұрпақтардың жадында сақталатындығында күмән жоқ.

Равиль ШЫРДАБАЕВ,  мемлекет және қоғам қайраткері