• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Қазан, 2017

Жетпісбай Дүйсембеков: Отандық құрылыс материалдары табанымыздың астында жатыр

348 рет
көрсетілді

Қазір білген адамға бизнестің көзі де, тезі де құрылыстың дәл өзінде. Эко­но­ми­камыздың да басым бағдары осы саланы айналып өте алмайды. Оның үс­тіне халқымыздың баспаналы болу мәселесі қашанда көкейкесті күйінде қа­ла бермек. 

Ұлт­тық инженерлік академияның академигі, Қазақстанның құрметті құры­лысшысы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Жетпісбай ДҮЙСЕМБЕКОВПЕН осы мәселе төңірегінде әңгіме қозғаған едік. 

– Жетпісбай Өмірәліұлы, тәуел­сіз­діктің елең-алаңында біраз қи­ын­шы­лық­ты бастан өткердік. Талай дү­ние­ні сырттан тасуға мәжбүр бол­дық. Ал­айда, қазір көп адам бір кез­­де­рі елі­мізде арнайы құрылыс ма­те­риал­да­ры министрлігі болғанын біле бер­мейді-ау, тегі?

– Кезінде елімізде құрылыс саласына қатысты мекемелер жеткілікті болды. Қазақстан құрылыс материалдарының басым көпшілігін өзі шығарды. Кейбір материалдарды көрші елдерден, Ресейден алдық. Бұл саланың бір ерекшелігі сол, мейлі зауыт салынса да, тұрғын үй немесе басқа ғимарат болса да, ең әуелі оған қандай құрылыс материалдары қажет екені анықталады. Жобасы жасалады. Ол кезде материалдардың құны әрі арзан, әрі сапалы болсын деген талап қойылатын. Құрылыс материалдары да жеткілікті болды. Жасыратын несі бар, қазір сол кезде салынған зауыттардың көпшілігі жабылып қалды. Цемент, кірпіш, құм, гипс, әк – бәрі өзімізде өндірілді. Барлық облыс-

тарда жергілікті құрылыс материалдары жеткілікті еді. Цемент-бетон зауыттары барлық өңірлерде дерлік жұмыс істеді. Ағаштан жасалатын материалдардан бөлек, Қарағандыда линолеум шығаратын зауыт болды. Кеңес Одағы ыдыраған кезде сұраныс бірден тыйылды да, зауыттар да жабылды. Мемлекеттің де бұл кезде артық қаражаты болмады. Бірақ құрылыс тоқтаған жоқ. «Бас жарылса бөрік ішін­де, қол сынса жең ішінде» дегендей, жү­деу­лігімізді білдірмей, құрылыс ма­те­риалдарының көбін шетелден таси бас­тадық. Шегеге дейін сырттан сатып әке­луге мәжбүр болдық. Осыдан келіп кей­інгі салынған өндірістік мекемелердің де, тұрғын үйлердің де бағасы шарықтап шы­ға келді. Ал құрылыссыз ештеңе болмай­тыны екібастан белгілі.

– Өзіңіз біз айтып отырған Құрылыс мате­риалдары министрлігінде мини­стрдің бірінші орынбасары бол­ған адам­сыз. Осындай министрлік құ­ру қан­дай қа­жет­тілік, қандай мұқ­таж­дық­тан туып еді?

– 1990-1993 жылдары мұндай министрліктің болғаны рас. Кейін құ­рылыс көлемі азайып, зауыттардың жұ­мысы тоқырай бастағанда, бұл мекеме жабылды. Сөйтіп барлық мекемелермен тікелей байланыстар үзілді. Оларға еш­қандай жоспарлы міндеттемелер бе­рілмеді. Құрылыс материалдары қа­жет бола бастағанда, 1993 жылы қай­та ашылғанымен, ол министрлік те көп жұмыс істемеді. 1998 жылы тағы жабылды. Бұл мекеме жұмыс істеуі үшін көп инвестиция қажет еді. Тәуелсіздікке қызмет ететін жобалардың барлығы ал­да­ғы күннің шаруасына айналды. Бұл эко­номиканың барлық саласына ауыр­т­па­лық түскен кезеңдер еді.

– Тәуелсіздіктің бедерінде өте көп бағдарламалар жасалды. Осы істер­дің бел ортасындағы өміріңіздің тағ­дыр­шешті сәттерінің барлығы осы жылдар­мен сабақтас сияқты...

– Мен де, менің замандастарым да өткеніне есеп бере алатын, келешекке үмітпен қарайтын жасқа жеттік. Әрине, өте жақсы бағдарламалар бар. Барлығы дұ­рыс, ниет тамаша. Осы 25 жылда кө­зіміз ашылды. Қандай бағыттарға ба­сымдық беру керектігі айқындалды. Ме­­нің бір мақтанатыным, өз елімізбен бір­­ге осы қиыншылықтардың бәрін еңс­ер­­дік. Еліміздің жаңа тарихының қи­ын-қыстау жылдарын бірге жүріп өттік. Ме­нің өмірбаяным да әсте жылы кабинетте әдемі өріле салған жоқ. Алма­ты­­дағы политехникалық институтты бітіргеннен кейін өзім сұранып, жолдамамен Жаңатас кеніштерінде еңбек жолымды бастадым. Институтты жақсы бітіргеннен кейін Ғылым академиясының экономика институтына жібермек болған. Бірақ есі-дертім өндірістік тәжірибе болды. Сөйтіп Балқаштағы үлкен құры­лыс нысандарында, Жезқазғандағы «Жезқазған­ауыр­құрылыс» облыстық бірлестігінде жастық жылдарым қалды.

Балқаштың терістігінде Ақтоғай-Ақ­тұм­сық атырабында «Қара Дүйсембек, Қара дәу, Қара батыр» атанған бірбеткей, ел қорғаны болған Дүйсембек шалдың жет­піске келгенде көрген тұңғыш немере­сі болғандықтан «Жетпісбай» атандым. Қасиетіңнен айналайын, атам мені өзі же­тектеп жүріп өсірді. Егер өмірде бір би­ікке өрмелесем осы қара шалдың тіле­гі мен аманаты екенін есейген сайын түй­сі­не­тін едім.

Тәуелсіздігіміз тұрлаулы болуы үшін ұр­па­ғымызға табандылық қажет. Ауқым­ды міндеттердің барлығын отандық ша­ғын және орта бизнестің жаңа буыны алға апа­рады деп сенемін.

– Ал отандық құрылыс материалдарына келсек ше?

– Отандық құрылыс материалда­ры біздің табанымыздың астында жатыр. Жа­ратқан иеміз жерімізді ен байлықтан кенде етпеген. Бізде кірпіш те шығады, Алматы мен Жамбыл облыстарында құм да, қиыршық тас та, басқасы да бар. Кәсіпорындар Шығыс Қазақстан өңіріндегі минералды шикізат көздерін барлап, айналымға кіргізе бастады. Құрылыс материалдарын сырттан таси бе­рудің қажеті шамалы. Құрылыс са­ла­сының өзі бір кластер. Өндірісте, кә­сіп­кер­лікте сабақтас салаларды қосар­лап бір­ге жетектеп жүруге болады. Жо­ға­ры технологиялық экономика құруға біз­дің барлық мүмкіндігіміз бар. Оған қоса мұнай-химия саласы да барлық кезде үлкен сұранысқа ие.

–Мұнай-химия кластері отандық экономиканың басты бағытының бірі бо­луы керектігі жайлы аз айтылған жоқ. Енді жоғары технологиялық ши­кі­зат өңдеуге ауыстық деп айта ала­мыз ба? Мұның келешегі қандай?

– Еліміздегі мұнай-газ кешендері, тау­кен-металлургия салалары сияқты, ұлт­тық экономикамыздың негізін құрап отыр. Бұл салалар тұрақты дамуы­мыз­дың іргетасы болып табылады. Қазақ­стан­­ның ірі мұнай-газ қорлары әлемдік энер­­гетикалық нарыққа айтарлықтай ық­­палы барын жоққа шығара алмасақ керек. Мұнай мен газды қарқынды өнді­ру озық технологияларға қол жеткі­зу­ге жол ашты. Сол сияқты, ілеспелі техни­ка­лық мә­­селелерді шешуге септесті. Нә­ти­же­сін­­де тек осы саламен сабақтас көп­те­ген орта және шағын бизнесте қарымды, жо­ғары технологиялық және рентабельді кә­сіп­о­рындар пайда болды. Қазір біздің по­ли­пропилен, полиэтилен, полистирол шы­ғаруға өндірістік әлеуетіміз жетеді. Жә­не бұл тауарлар ішкі нарықта ғана емес, әлемдік рынокта да сұранысқа ие.

Жаһандану жағдайында мұнай- химия кластеріндегі орташа кәсіпкер нарық талаптарына бейімделе отырып, көмірсутегі шикізатының қалдықтарын жедел өңдеп, кәдеге асыра білуі тиіс. Бүгінгі таңда бүкіл әлем одан жоғары сапалы бұйымдар жа­сауға қол жеткізіп отыр. Мұндай қа­дам­­­дар металл пластикасынан халық көп­­теп тұтынатын тауарлар, қаптамалар, шы­­ны ыдыстарын шығаруға мүмкіндік бе­­реді. Оған қоса бұл жерде қаншама адам екі қолына бір жұмыс тауып, отбасын өрге сүйрейтінін баяндап жатудың өзі артық.

– Жаңа бір сөзіңізде елдегі мұнай химиясы саласына деген сұраныс өте жоғары деп қалдыңыз. Текке айтылған жоқ шығар?

– 2000 жылдың ақпаны да менің өміріме үлкен өзгеріс әкеліпті. Қазақтың ырысты қазынасының бірі – мұнай саласына келдім. Бұл сала да құрылыссыз алға жүрмейді. Бұл жерге де алдымен құрылыс материалдары мен түрлі нысандар салынуы тиіс. Бұрғылау жұмыстарында бұр­ғылау ұңғымаларын алдымен құры­лыс­шылар салады. Осылайша қазақтың нарқасқа азаматтарының бірі құрған «ҚуатАмлонМұнай» компаниясына атқа­рушы директор болып келген едім. Содан кейін директор болдық. Торғай ойпа­тындағы Қоныс, Бектас кеніштерінен алын­ған мұнайды тасымалдауда, техно­ло­гиялық үдерістерді жетілдіруде біршама табысты қадамдар жасадық.

– Кезінде біздің ұлт экономиканың майлы жілігінен алшақтау ұсталғаны белгілі. Тәуел­сіздіктен кейінгі тірлік өзіміздің табан­дылығымызға барып ті­рел­се де, осы бір түйткіл өкшеден қал­май келеді...

– Әрине, дүние жүзінен ағылған инвестиция өз технологиясын ала келеді. Ешкім де ақшасын босқа құя салмайды. Қандай жобаға, қандай өндіріске қаражат сұрасаңыз да, инвестор одан қан­дай пайда табамын, ақшамды қа­лай еселеймін деп келеді. Яғни, келген тех­ни­каның да, технологияның да бәрі өз тілімен, өз ді­лімен, өз мүддесімен келеді.

Бүкіл технологияларды өзі тілімізде, өз ділімізбен дамытқанда барып, экономика қазақша сөйлейді. Сонда ғана біз өз несібемізден қағылмаймыз.

Осы соңғы жиырма бес жылда экономиканы дамытуда асыққан жоқпыз. Бұл да дұрыс болды. Қай жерге не керек еке­нін екенін байыптап, безбендеп білдік. Біз асықпауымыз да керек, бірақ замана көшіне де ілесуіміз қажет. Енді қателесуге де, кешігуге де болмайды. Мұның бәрі мем­­лекетіміздің әбден ойластырылған ор­нық­ты саясаты.

Қазір Елбасының рухани жаңғыру орайындағы бағдарламасын бетке ұстап жүрміз. Осының бәрі орындалған кезде қазақ тілі экономиканың тіліне айналады. Оған қазіргі инженерлік білім-бі­лігіміз де, мамандарымыз да дайын. Жас­тардың арасында жақсы кадрлар легі өсіп келеді. Президентіміз діттеген мақ­сат­тарды жүзеге асырсақ, бір жағынан ау­ыз­бірлігіміз де нығая түседі.

Соңғы уақытта қоғам болып талқылап отыр­ған латын әліпбиі де техниканың тіліне бейім. Кейінгі жастар ағылшын тілін де, орыс тілін де жақсы меңгерген. Әлі-ақ куә боламыз, бұл елімізді жаңа деңгейге көтеруге көп септігін тигізері ақ қойдан анық.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ