Орал қаласында КСРО және Қазақстан халық әртісі, белгілі дирижер Шамғон Қажығалиевтің туғанына 90 жыл толуына орай III республикалық дирижерлар конкурсы өтті.
Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармония ұйымдастырған бұл байқауға бақ сынау үшін еліміздің әр аймағынан үміткерлер келген. Конкурсанттарды Шамғон Қажығалиевтің жұбайы Жаңылсын Төлепбергенқызы мен Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев қарсы алып, ақ жол тіледі.
Тартысты өткен байқаудың төрелігін құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Астана қаласындағы мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Айтқали Жайымов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері Жалғасбек Бегендіков, Құрманғазы атындағы мемлекеттік-академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері Арман Жүдебаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының Абыл Тарақұлы атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Рахат Мадреев және «Құрмет» орденінің иегері, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Еркін Нұрымбетов бар қазылар алқасы жасады.
Байқау қорытындысында ақтаулық Әлібек Мұратов бас жүлдеге ие болып, озық шықты. Ал I орын Солтүстік Қазақстан облысынан келген Қайырлы Ғафуровқа, II орын – оралдық Асхат Хасановқа, III орын шымкенттік Ерлан Дәуренбеков пен алматылық Айдос Меңдалиевке бұйырды.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Орал