Азық-түлік тауарлары бағаларының маусымдық төмендеуіне қарамастан биылғы жылдың басынан бастап пияз, сәбіз, қызылша, қой еті және сиыр еті бағаларының өсімі байқалған. Сонымен қатар, жұмыртқа, қарақұмық, қырыққабат, қант және күнбағыс майы бағасының арзандауы тіркелген. Азық-түліктік емес тауарлар бойынша бағалардың ең көп өсімі дизель отынына, бензинге, сұйылтылған газға, маталарға, кеңсе тауарларына, аяқ киім мен қатты отынға қатысты болып отыр. Бұл туралы бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты.
Отырыста биылғы жылдың 9 айындағы инфляция деңгейі және оны ағымдағы жылдың соңына дейін ұстап тұру шаралары туралы мәселе қаралған болатын. Министрдің мәлімдеуінше, жыл басынан бері республикада инфляциялық үдерістер баяулаған. Биыл қыркүйек айында инфляция 3 пайыз, ал жалпы жылдың басынан бері 4,2 пайызды құрады. Баяулаудың негізгі факторлары валюталық нарықтағы жағдайдың тұрақтануы, нарықтың бірқалыпты инфляциялық болжамдары, сондай-ақ азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша өнімдер шығарудың өсуі болып отыр. Министрдің айтуынша, азық-түлік тауарларының бағалары соңғы үш ай қатарынан төмендеуде. Оған қоса, бағалар мен ақылы қызмет көрсетулерге тарифтер бірқалыпты қарқынмен өсуде.
Тәуекелдердің орнын толтыру үшін Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына және қызмет көрсетулерге бағалар мен тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қолданды.
Осыған байланысты өңірлердің әкімдеріне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге Өңірлік тұрақтандыру қорларында негізгі азық-түлік тауаларының жеткілікті қорын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, күн сайын бағаларға мониторинг жасау және нарықта қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жетіспеушілігі мен ысырап болуына жол бермеу үшін тұрақтандыру қорларының ресурстарын тиімді пайдалану керек.
Энергетика министрлігіне өңірлердің әкімдерімен бірге жылу беру маусымында жанар-жағармай материалдарына бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу үшін сәйкес жұмыс жүргізу қажет.
Жоғарыда аталған алдын алу шараларын ескергенде 2017 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 6,9-7,5 пайыз ауқымында болады деп күтілуде, бұл жоспарланған деңгейге сәйкес келеді.
Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан»