Осы жылдың қазан айының 2-4 аралығында еліміздің бас қаласында заңсыз көші-қон мәселесін болдырмауға байланысты «Нелегал» жедел-профилактикалық шарасы жүріп жатыр, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Астана қалалық ІІБ-ның ақпараты бойынша жедел шара шетелдік азаматтардың Қазақстанның көші-қон заңнамасын сақтауына және бас қаламызда заңсыз жүрген шетел азаматтарын анықтауға бағытталған.
Жедел-профилактикалық шара барысында полицейлер шетелдік азаматтар тұратын және көп жиналатын жерлерде рейдтік тексерулер жүргізуде. Атап айтсақ: сауда, құрылыс алаңдары, жатақхана және саяжайлар.
Бір күндік ЖПШ кезінде 352 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған, 333 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 38-і сот шешімімен елден шығарылған.
Сонымен қатар, ЖПШ кезінде елімізде арықарай қалуына негіз жоқ және көші-қон заңнамасы тәртібін сақтамаған 159 шетелдік азаматтың уақытша тіркелу мерзімі қысқартылған. Шетелдік азаматтарды уақытша тіркеу заңнамасы тәртібін сақтамаған 11 және шетелдік жұмыс күшін заңсыз қолданған 8 Қазақстан азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Шара барысында полицейлер төлқұжаты жоқ 51 таяу шетел азаматын ұстап, олардың азаматтығы мен жеке тұлғасы анықталғанша сот шешімімен ІІБ-ның арнайы қабылдау-тарату орнына жіберілген.