Мен қазақ баспасөзінің көшбасшысы – «Егемен Қазақстан» газетінің ұзақ жылдардан бергі тұрақты оқырманымын. Газеттің әрбір санын асыға күтіп, үзбей оқып тұрамын.
Бірақ пікір білдіріп, өз атымнан мақала жазуға талпынып көрген адам емеспін. Алайда газет тілшісі Жылқыбай Жағыпарұлының үстіміздегі жылдың 24 тамызында жарық көрген «Жеңіл өнеркәсіп: ізденістер мен іркілістер» атты мақаласы қолыма еріксіз қалам алдырды. Бұл соңғы 15-20 жыл көлемінде еліміздің жеңіл өнеркәсібі саласында қалыптасқан ащы шындықты алғаш рет терең талдап, шынайы жазған мақала деп санаймын. Қазақстан жеңіл өнеркәсібі саласының тынысы мен тіршілігін бір кісідей білемін. Мен бұл салаға өзімнің 30 жылдан астам саналы ғұмырымды арнадым. Ұзақ жылдар бойы Жамбыл облыстық халыққа тұрмыстық қызмет көрсету басқармасының бастығы болып, зейнеткерлікке шықтым. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталып, «Қазақ КСР тұрмыстық қызмет көрсету саласының үздігі» құрметті атағына ие болдым. Сондықтан Қазақстан жеңіл өнеркәсібі саласының күрделі проблемалары тілге тиек етілген бұл мақалаға үнқосуды өзімнің парызым деп санаймын. Мақалада халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруде жеңіл өнеркәсіптің игі ықпалы өлшеусіз екені орынды атап көрсетілген. Бір ғана мысал келтірейін, сонау бір жылдары тек Жамбыл облысы бойынша 28 халыққа тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорны жұмыс істеді. Міне, осы кәсіпорындарда 9 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылып, тұрақты түрде жалақы алып тұрды. Атақты Жамбыл тері комбинаты жылына миллиондаған пар сапалы тері аяқ киімдерін шығарып, ел тұрғындарының аяқ киімге деген сұранысының басым бөлігін қанағаттандырды. Отандық кәсіпорындар шығарған өнімнің сапасы қандай десеңізші! Бүгінде сол нағыз теріден тігілген отандық өнімдер көзден бұл-бұл ұшты. Оның орнына Қытайдың жасанды теріден тігілген не сапасы, не жылуы жоқ өнімдері қаптады.
Бүгінде елімізде тері өңдейтін, жүн жуатын кәсіпорындар құрып кетті. Миллиондаған мал терісі мен тонналаған жүн арзан бағамен шетке шығарылады немесе шіріп кетеді. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген сөз осындайдан шықса керек.
Отандық жеңіл өнеркәсіп саласын қалпына келтірудің мүмкіндігі баршылық. Ол үшін ең алдымен осы салаға ие болатын мемлекеттік орган құрылу керек. Мәселен, кешегі кеңес дәуірінде біздің республикамызда Қазақ КСР Жеңіл өнеркәсібі министрлігі, Қазақ КСР Халыққа тұрмыстық қызмет көрсету министрлігі, Қазақ КСР Жергілікті өнеркәсіп министрлігі сияқты бірнеше министрлік жұмыс істеп, жеңіл өнеркәсіп саласының өндірісін дамытты. Екінші бір мәселе, жеңіл өнеркәсіп өндірісі саласының нағыз маман жұмысшыларын даярлайтын орталықтар ашылуы керек. Іс тетігін қашанда маман кадрлар шешеді. Сонау Ұлы Отан соғысы жылдарында ауылдарда ең құрметті де қажетті адам колхоз басқармасының бастығы да емес, ауыл кеңесінің төрағасы да емес, қарапайым етікші болатын. Өкінішке қарай, нарықтық қатынастар кезеңінде бұл сала мамандарының қажеттілігі орынсыз төмендетілді.
Еліміздің жеңіл өнеркәсібін дамытудың мүмкіндіктері баршылық. Ол үшін бүгінгідей нарық заманында бұл саланың кәсіпорындары аяқтарынан тұрып кеткенше, жеңілдіктер жасау керек. Мәселен, өткен ғасырдың 80-ші жылдары мен арнайы жұмыс бабымен Францияда болып, осы елдің халыққа тұрмыстық қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының жұмысымен таныстым. Бұл елде жергілікті тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарының ғимараттары муницапалитеттердің қаржысына салынып, кәсіпкерлерге жалға беріледі екен. Жеңіл өнеркәсіп және тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындары салықтан босатылған. Сонымен бірге жаңағы ғимараттардың жарық және жылуға төленетін коммуналдық ақысы да муницапалитет есебінен жабылады екен. Біз елге келгеннен кейін осы тәжірибені Жамбыл облысының жеңіл өнеркәсібі мен тұрмыстық қызмет көрсету саласының кәсіпорындарында пайдаландық. Бұл тәжірибенің нәтижесі де өте жоғары болды. Өкінішке қарай, 90-шы жылдардағы жаппай жекешелендіру науқанына тап келіп, облысымыздағы кәсіпорындардың барлығы дерлік жекешелендіріліп кетті. Бірақ сол кездегі жекешелендіру жөніндегі шарттарда жеңіл және тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындары жекешелендіргеннен кейін де өздерінің негізгі қызмет түрін сақтауы қажет екендігі атап жазылған. Ендеше мемлекет сол шартқа байланысты бұл кәсіпорындардың қызметін қайтадан жандандыруға толық құқысы бар. Жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту арқылы біз еліміздің экономикасын әртараптандыруға барынша үлес қосамыз.
Жұматай ЛАЙЫҚОВ, Жамбыл облыстық тұрмыстық қызмет көрсету басқармасының бұрынғы бастығы, зейнеткер