Бүгінде кәсіпкерлер, табысты шенеуніктер мешіт салып жатса таңданбайтын болдық, шүкіршілік. Ал Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әйгілі суретші Ерболат Төлепбайдың туған ауылына жаңа мешіт салып беруі елді елең еткізді.
Қазақ бейнелеу өнері саласындағы шоқтығы биік дара тұлға КСРО Суретшілер одағына мүше 17 қылқалам шебері шыққан Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданына қарасты Қасқасу өңірінде туып-өскен. Сол 17 саңлақтың көшін бастап, бабы келісуіне, бағы жануына барынша атсалысқан даңқты суретші Тоқболат Тоғысбаев пен Ерболат Тоғысбайұлы бір отбасында өскен ағалы-інілі екенін көзі қарақты қауым жақсы біледі. Ауылдағы жаңа мешіттің ашылу салтанатына жиналған қауым Алла үйінің ішкі-сыртқы келбеті ерекше екенін айтып, туған жеріне қамқорлық жасап жүрген қылқалам шеберіне ризашылықтарын білдіруде.
Тасарық ауылында бой көтерген мешітке Ерболат Тоғысбайұлының анасы Ұлдар есімі берілді. Ұлдар апа жұртшылыққа сыйлы емші адам болған. Суретші баспасөзге берген сұхбаттарының бірінде анасының алдына емделу үшін адамдар ағылып келіп жататынын айтқан болатын. «Бейтаныс жандардың тағдыры да әртүрлі еді. Олардың әңгімесін бала кезден естіп өскендіктен болар, өмір туралы көзқарасым ерте қалыптасты. Бұл кейін шығармашылығыма да әсер етті», – дейді суретші. Сондай-ақ анасының: «Мына өмір шынымен бескүндік екен. Алғашқы күнім – іңгәлап жарық дүниеге келгенім, екінші күнім – бойжетіп, етек-жеңімді жинағаным, үшінші күнім – тұрмысқа шыққаным, төртінші күнім – перзент сүйгенім, бесінші күнім – міне, осы, өлер шағым екен. Сондықтан өмір сүрген әрбір күніңнің қадірін біл, балам! Уақытыңды бағала!» деген өсиеті санасында жатталып қалғанын айтқан болатын. Мешітке есімін беру қылқалам шеберінің анаға көрсеткен құрметін, тағзымын білдірсе керек. Алла үйінің ашылу салтанаты да өзгешелеу өтті. Мақтау, мадақтауды қаламаған Ерболат Тоғысбайұлы мешіттің ашылу салтанатында ауылдастары алғыс ретінде дайындап қойған сәнді шапанды киюден де, ауыздығымен алысқан ақбоз атқа мінуден де бас тартты. Өнегелі істі мақтау естіп, ат міну үшін жасамағанын осылайша аңғартты. Үлгі көрсетті. Мешіттің ашылуында сөз алған Қазақстан Мұсылмандары Діни басқарамасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Ахметжан Керімбеков ислам тарихында мешіт салу – барша пайғамбарлар шұғылданған қадірлі іс болғанын атап өтті. «Мешіт салу үлкен сауап, үлкен жауапкершілік. Ендігі үлкен жауапкершілік – елді имандылыққа, ауызбіршілікке баулитын әр-алуан іс-шаралар өткізу, жамағаттың мешітке көптеп келуі», – деді Ахметжан қажы. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Нұрмағанбет Әжіметов бата берді. Сөйтіп, ашылу рәсімі тез аяқталды. Әйтпесе, сөз берілетініне күмәнданбай, суретшіге мадақ сөзін дайындап тұрғандар көп еді.
Белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков «қазақ халқының паспортына айналған азамат» деген баға берген Ерболат Төлепбай осы бір игі ісімен де Елбасы бастамасына қолдау білдірді. Стратегиялық маңызға ие «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Мемлекет басшысы: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» екенін айтқан болатын. Туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келгендерді қолдау керектігі де бағдарламалық мақалада айтылды. Жасампаз халқымыздың жарқын болашағын айқындаған мақалада таяу жылдардағы міндеттер ретінде айқындалған бастамалар бүгінде жүзеге асырыла бастады. Бұл орайда, ауылдың ажарын аша түскен жаңа мешіт ел игілігіне қызмет етіп, ұрпақ тәрбиесіне пайдасын тигізетіні, қоғамдағы ізгілік пен жақсылықтың өркен жаюына үлес қосатындығы анық.
Алыс-жақын шет мемлекеттер, Еуропа елдеріне дейін талантының мықтылығын мойындайтын Ерболат Төлепбай ауылындағы мектептің жөндеуден өтуіне де қол ұшын созып, үздік оқитын шәкірттерге арнайы стипендия тағайындағаны тағы бар.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»