Елордада 2-4 қазан аралығында заңсыз көші-қонды болдырмау, сондай-ақ, шетелдік азаматтар тарапынан көші-қон заңының сақталуын бақылау және қала аумағына заңсыз кірген адамдарды анықтау мақсатында «Астыртын» шұғыл-алдын алу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды elorda.info.
Іс-шара барысында полицейлер шетелдік азаматтар тұратын және олар көп жиналатын сауда, құрылыс алаңдары, жатақхана және саяжайларға рейдтік тексерулер жүргізді. Ойын-сауық орындары мен мейрамхана, қонақүй, көлік жуу орындары да назардан тыс қалған жоқ.
Рейд барысында бір күнде 352 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 333 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 38-і сот шешімімен елден шығарылды.
Сондай-ақ, көші-қон заңын өрескел бұзған 159 шетелдік азаматтың уақытша тіркелу мерзімі қысқартылып, олар да елдеріне қайтарылатын болды. Уақытша тіркелу тәртібін сақтамаған 11 шетелдік және сол шетелдіктерді жұмыс күші ретінде заңсыз пайдаланған 8 Қазақстан азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Іс-шара барысында полицейлер төлқұжаты жоқ 51 жақын шетел азаматын ұстап, олардың азаматтығы мен жеке тұлғасы анықталғанша сот шешімімен Ішкі істер басқармасының арнайы қабылдау-тарату орнына жіберді.