Әулие түнеп, нар шөккен атақты Маңғыстау. Аңыздар өлкесі атанған онда Торыш атты аңғар бар. Бұл Үстірт Қаратауының батысындағы Алтынқазған елді мекенінің маңайы. 1992 жылы қыркүйекте біз міне, осы жерге жазушы Әбіш аға Кекілбаевтың бастауымен жолымыз түскен еді. Сонда құрамында әдебиет, мәдениет және ғылым өкілдері бар 40 шақты адамнан тұратын топ керемет бір көрініске таңғалғанбыз. Ол атшаптырым алқаптағы сансыз домалақ тастардың алдымызда үлкенді-кішілі болып шашырап жатқандығы-тын. «Бұл не ғажайып? Өмірде осындай да ерекше көріністер кездеседі екен-ау!..», дегенбіз іштей.
Іссапардан жоғарыдағыдай таңданыспен қайтқан біз содан бастап Торыш аңғарын ауық-ауық еске салып қоятынбыз. Сөйтіп жүріп ондағы шар кейіптес домалақ тастар туралы ғылыми еңбектерде айтылған болжамдарға ден қоюды әдетке айналдырғанбыз. Арада 20 жылдан астам уақыт өткенде бір кезде өзіміз көрген, фототілші әріптесіміз Берсінбек Сәрсенов ерекше құштарлықпен суретке түсіріп, объективке ілінген сәтті кадрларды «Халық кеңесі» газетінде жариялаған сол жер телеарналар мен интернет сайттарындағы сенсациялық тақырыпқа айналады деп кім ойлаған?! Мұны мәселен Торыш аңғары туралы осы соңғы бір-екі жылдағы «Россия 24» ақпараттық телеарнасының бағдарламасы бойынша беріліп келе жатқан жарнама мен «Экспресс К» газетіндегі танымдық хабарлардан, сондай-ақ «Kazakh TV»-дағы телеэкспедиция материалдарынан анық байқауға болады.
Сонда бұлардың бәрінің айтатыны, көз жеткізгісі келетіні бір-ақ нәрсе. Ол мұндағы шар секілді, диаметрлері 1-ден 3 метрге дейін жететін, биіктігі 1,5-2 метр аралығындағы домалақ тастардың қалай, неден пайда болғандығын білу. Ғалымдардың айтуынша табиғаттың мұндай жұмбақ туындысы жалғыз Маңғыстауда емес, Коста Рика мен Кола түбегі және Франц Иосиф аралдарында да бар екен. Олар туралы интернеттегі шаш-етектен келетін деректерді қайталап айтып, ұзынсонар әңгімеге бармай, өзіміздің Торышқа келсек, қазір бұған қатысты мынадай болжамдар бой көрсетуде. Алғашқысы ғарыш әлемімен шұғылданатын ғылым өкілдерінің пайымы. Олар есте жоқ ескі заманда біздің осы өзіміз сөз етіп отырған аймақ аспанында метеорит жарылғанын айтады. Содан ондағы қатты дүмпу арқылы жерге әртүрлі жағдайда келіп түскен оның қалдықтары осында уақытша қалыптасқан өзгеше температура, өтпелі климат арқылы мұнда шар тектес құрылым түзген дейді. Екінші ұғым геологтарға тиесілі. Бұлардың көзқарасы бойынша бір кездері Маңғыстаудағы жер қыртысының тектоникалық өзгерістерінен Торыш алабында күшті электр зарядтары пайда болған. Осы құбылыстың құйын секілді айналмалы ағыны төңіректегі құм, топырақты суырып, өңірді ғаламат өзгеріске түсірген. Соның нәтижесінде мұндағы жер қыртысының үстіңгі қабаты шар формалы үлкенді-кішілі сансыз домалақ тастарға айналған. Енді үшінші болжамға келейік. Оны айтушылар – биологтар мен географтар. Олар осыдан миллион жыл шамасы бұрын өзіміз сөз етіп отырған аймақта мұхит болып, Каспий мен Арал теңізі бір-бірімен тұтасып жатқан дейді. Кейін бұл акваториядағы жойқын сулар тартыла бастайды. Олардағы балық, ұлу, бақа-шаян секілді жәндіктер мен қамыс, жалбыз, балдыр сияқты шөптердің шірінділері жиектегі құм, топырақпен араласқан күйі теңіз табанына шөгеді. Сөйтіп бұл қоспалар тартылып бара жатқан су айдынының жерасты сифоны бар иіріміне түскенде шыркөбелек айналып, домалақ-домалақ саз балшықтар кейпіне енген. Кейін уақыт өтіп, жер құрғағанда осы шөгінділердегі ылғал бу боп ұшып, алаптағы кесектер күн, жел күшімен шар формалы тасқа айналған.
Осының бәрі конкреция деген ұғымға келіп саяды екен. Ол – ғылым тіліне айналған латын сөзі. Мағынасы «өзара араласып қосылған құрылым», «қоюланып, ұйыған түзілім» дегенді білдіретін бұдан оның өзегі неше түрі минералдық заттардан құралып, ал сыртқы қабаттары құм мен топырақ қоспалары бар шөгінділерден тұратын нәрсе деген жалпы ұғымды білдіретінін аңғару онша қиын емес. Мұны айтып отырған себебіміз іссапар барысында Торыш аңғарындағы ғажайыптардың сынған, бөлініп түскен кесектері мен сыртқы қабаттарындағы жарықшақтардан ұлу мен моллюска қабыршақтарының, балық сүйектерінің қалдықтарын көріп қалғанымыз еді. Демек, бұл таза табиғат туындысы деген сөз. Және ол кейбір баспасөз беттерінде айтылып жүрген «басқа ғаламшардан келген бөгде жандардың ісі» немесе «қадым ғасырдағы атланттардың қолтаңбасы» да емес. Бұл уақыт, заман құбылыстары әсерінен пайда болған дүние. Бұған дәлел – ағылшын ғалымы Алтидор Монтгомеридің пікірі. Ол осындай тастардың күні кешеге дейін ешқандай тіршілік белгісі сезілмеген, сондықтан өркениет атаулыдан мүлдем тыс қалған Франц Иосиф аралдарынан табылғанын айтады. Сөйтеді де осы мысалы арқылы мұндай шар тектес ғажайыптардың адам баласы атаулының қатысуынсыз, тек табиғи ортада түрлі жағдаймен өздері жасалып, өмірге келген дүние дейді.
Жанболат АУПБАЕВ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы