Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласында көтерген латын тіліне көшу бастамасын қолдай отырып, Парламент Мәжілісі жаңа қазақ-латын әліпбиінің жобасын талқыға салды. Өз уақытында, 1929-1940 жылдары латын әліпбиі Қазақстан Республикасында мемлекеттік дәрежеде қолданылғаны баршаға белгілі.
Бұл мәселе елімізде 1993 жылдан бері талқыланып келе жатыр. Көршілес түркітілдес мемлекеттер бұл мәселені бізбен бірге көтеріп, латын әліпбиіне әлдеқашан көшіп те қойды. Бұл мәселемен 1991 жылы, сонау КСРО кезінде Н.Ә. Назарбаев идеясы негізінде ашылған Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры болып қызмет атқара жүріп айналыса бастаған едім.
Шетелдік студенттер мен оқытушылар қазақ тілін тезірек меңгеруі үшін оларға қазақ-латын әліпбиін жасадық. Университет ғалымдары көрнекті ғалым Рахманқұл Бердібайдың жетекшілігімен университеттің ішкі қолданысына арнап қазақ-латын әліпбиі мен қазақ-түрік сөздігін жасап шығарды.
Әртүрлі нұсқаларды қарастыра отырып, ғалымдар жаңа әліпбиді құрастыру барысында компьютерлік техникада қолданылатын 26 әріптен тұратын негізгі латын әліппесінің шеңберінен шықпау керек деген ұйғарымға келген болатын.
Кейбір түркітілдес мемлекеттердің әліпбилерінде сериялы түрде шығарылатын компьютерлерде жоқ латын алфавиті – 1 (30 әріп) мен латын алфавиті – А (64 әріп) дейтін базалардан алынған жеке әріптер бар, соның себебінен оны қолдану барысында қиындықтар туындайды. Сондықтан біз Парламент Мәжілісі ұсынған 33 әріптен, оның ішінде 8 диграфтан тұратын әліпби нұсқасын қолдаймыз. Талқылауға ұсынылған әліпбидің негізгі артықшылығы ол заманауи компьютерге бейімделген.
Сонымен қатар біз ешуақытта басқа елдер, соның ішінде Англияның тәжірибесіне тәуелді болмауымыз керек. Олар өз әліпбиін орта ғасырларда қабылдаған. Түркия да өз әліпбиін 1928 жылы қабылдады, ол уақытта ешкім Интернет пен компьютерлік техника заманы келетінін білген жоқ. Біздің әліпби ең заманауи болуы тиіс, сондықтан талқыға ұсынылған әліпбиді жақсартуға байланысты келесі ұсыныстарымыз бар: 1. Ұсынылған әріптерді нөмірлеу ретінен 8-ші орындағы «Н, h» (эйч) әрпіне рет санын бермей, көмекші, дыбыссыз белгі ретінде қарастыру қажет. Ол оқылмауы тиіс, тек апостроф немесе жұмсақ не қатаң белгі – ь, ъ орнына қолданылуы тиіс.
Оның орнына 8-ші нөмірге латынның «Х, х» (экс) әрпін қойып, оны кириллицадағы Х, х немесе h әріптері сияқты оқылатын еткен дұрыс. Әріп жетіспей жатқан жағдайда 26 әріптің ешбірін қысқартпау керек. 2. «I, i» (ай) әрпін (9-шы орын) тек қазақша I, i әріптері үшін қалдыру керек, ал И, и әрпін 10-шы орынға ауыстырып, Й, й әрпімен бірге латынша «J, j» (джей) әрпімен белгілеу керек.
3. 21-ші және 23-ші орындарда кириллица әріптерінің орындарын ауыстыру қажет: «U, u» (ю) – У, у; «W,w» (даб’л ю) – Ұ, ұ болғаны дұрыс. Бұл халықаралық терминдерге көбірек сәйкес келеді.
4. Диграфтар үшін әріптердің дауысты және дауыссыз дыбыстарға бөлінуіне әсер етпейтін бір дыбыссыз белгі «H, h» таңдағандықтан, «Ng, ng» - Ң, ң әрпінен басқа әріптерді сол дыбыссыз белгінің көмегімен құрауымыз керек: «Ah, ah» – Ә, ә; «Oh, oh» – Ө, ө; «Uh, uh» – Ү, ү; «Gh, gh» – Ғ, ғ; «Ch, ch» – Ч, ч; «Sh, sh» – Ш, ш; «Zh, zh» – Ж, ж.
5. Сонымен, 42 әріптен тұратын қолданыстағы әліпбиден 33 әріптен тұратын латын әліпбиіне көштік дейік. Ауысу кезінде қысқартылған 9 әріптің барлығы нақты белгіленуі қажет. Бұл мәселе аудармашылар үшін және дәйексөз келтіру барысында өте қажет болып табылады.
Қазіргі уақытта елімізде 3 тіл 2 әліпбимен – кириллица мен латын негізінде оқылып, игеріліп жатыр. Қазақ-латын әліпбиіне көшкен кезде де біз сол 2 әліпбиді қолданамыз. Бір сөзбен айтқанда, мұның еш қиындығы жоқ, ал пайдасы мол. Біздің Қазақстан 2050 жылға дейін 30 дамыған елдің қатарына кіруге ниетті. Сондықтан біз де латын әліпбиіне көшіп, ағылшын тілін игеріп, алдыңғы қатарлы білім, ғылым мен жаңа технологияларды білім бастауларынан алуымыз керек.
Қорытындылай келе, Елбасының даналық басшылығымен көркейіп жатқан жаңа Қазақстанның жаңа қазақ-латын әліпбиінің авторы Елбасы Н.Ә.Назарбаев болуы қажет дегім келеді. Бұл іс бізді халықаралық өркениет кеңістігіне жетелейтін үлкен істердің бірі болады. Осы 2017-2018 оқу жылында Елбасы Жарлығымен қазақ латын әліпбиін бекітіп, бірте-бірте тәжірбие жинай отырып оны қолданысқа енгізу қажет. Бұл әліпби әлемдік өркениеттегі қазақ тілі мен еліміздің жаңашыл ұлт ретінде беделін одан әрі бекіте түсетініне күмән жоқ.
Sapar ong bolsyn, qurmetti otandastar!
Мұрат ЖҰРЫНОВ, ҚР ҰҒА президенті, академик, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты