Бүгінгі күннің басты талаптары инфрақұрылымдық жүйелердің тұтастығын қажет етеді. Айталық, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік- тұрмыстық және өндірістік нысандар бой көтерген кезде дүниенің бір рахаты іспеттес газды тұтыну жүйелерін қоса ойластырмаса алдыңғы айтқанымыздың бәрі бос әңгіме болып шығады. Бір сөзбен айтқанда, көгілдір отын – өмір сүру сапасын көтерудің басты бір тетігі. Мұндай игі мақсатқа қол жеткізу үшін Ақтөбе аймағында ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ кешенді шараларды жүзеге асырып келеді. Осы арқылы аймақтағы елді мекендерді газбен жабдықтауға және газ тарату желілерін жаңғыртуға жаңаша көзқарас қалыптасқан. Соның нәтижесінде аталған іс тұтастай инвестициялық жоба деңгейіне көтерілген. Бұл бағытта Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтөбе облысына жұмыс сапары кезінде пайдалануға берілген автоматтандырылған газ тарату стансасының (АГТС) жөні бөлек, орны айрықша. Оның өнімділігі сағатына 300 мың текше метрді құрайды. Осы арада мұндай жобалық биік мөлшерді бұған дейін елімізде бірде-бір газ тарату стансасы ала алмағанын айтқан жөн. Мұның өзі аталған нысан еліміздегі ең қуатты газ тарату стансасы екенін көрсетеді.
Өткен сәрсенбінің сәтті күні Елбасы осы өңірдегі зиялы қауым өкілдерімен кездесуі кезінде, Ақтөбенің елордамыз Астана, мегаполис қала – Алматы және елдің оңтүстігіндегі шырайлы шаһар Шымкент секілді ірі қалалардың біріне айнала алу мүмкіндігі бар екенін айтты. Осы орайда агломерациялық аймақ орталығы халқының санын келешек жылдарда миллионға дейін жеткізу көзделген. Осынау күрделі де жауапты міндет өз кезегінде бірқатар стратегиялық шешімдерді қажет етеді. Соның ең басты шарттарының бірі тұрғындар саны жылдан жылға өсіп келе жатқанда заманауи қаланы көгілдір отынмен толықтай қамту болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі күні қаладағы коммуналдық және өнідірістік нысандардың табиғи отынға деген қажеттілігін қанағаттандыру ісінде «ҚазТрансГаз» АҚ қарқынды да қарышты қадам жасады деуге толық негіз бар.
Жүзеге асқан іс – бір жағынан, ұлттық оператордың Елбасы тапсырмасына сай қимыл-қарекет таныта білгенінің айғағы. Ақтөбе қаласы іргесінде Қазақстандағы ең қуатты АГТС-тің іске қосылуы, біріншіден, газ тарату қуатын одан әрі күшейтеді. Екіншіден, газ тарату көлемі айтарлықтай өседі.
Үшіншіден, қолданыстағы стансаларға түсіп келген салмақты әжептәуір азайтады. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың аға вице-президенті Серді Ибулла Жұмағұлұлы газет тілшісіне осылай деп мәлімдеді. Тағы бір айта кетерлігі, құрылысты жүргізу барысында ұзындығы 32 шақырымды құрайтын жаңа газ құбырлары тартылған. Бұған қоса газ реттегіш екі қосын тұрғызылған.
Аталған газ тарату стансасының ауқымы тек Ақтөбе қаласымен шектелмейді. Оның күш-қауқары қала маңындағы елді мекендерді және Қобда, Мәртүк, Алға және Қарғалы аудандары аумағын көгілдір отынмен тұрақты түрде қамтуға жететіні де елеулі іс. Бұлай деудің өзі де аз. Тіпті жаңа стансаның қуаты қазіргі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды ғана емес, сонымен бірге таяу жылдарда бой көтеретін нысандарды газбен қамтуға да жетеді екен. Мұндайда бәрекелді демегенде, не демекпіз!
Ең бастысы, қазіргі күні серпінді жобаның тұрғындарға тигізетін тұрмыстық жеңілдіктері мол. «АГТС 300» арқалайтын әлеуметтік жауапкершілік жоғары. Оның пайдалануға берілуі Ақтөбе өңірінің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамуына белгілі бір деңгейде оң әсерін тигізгені де талассыз мәселе. Осы арқылы инвестициялық тартымдылықтың артқаны да бөлек бір тақырыптың еншісі. Дәл осы тұста соңғы екі жылда өңірді газбен қамту деңгейі алпыстан сексен жеті пайызға өскенін де айта кетудің реті келіп тұр. Ал жаңа қуатты стансаның іске қосылуы арқылы бұл дерек пен көрсеткіш деңгейі одан әрі өсе түсетініне де сенім мол. «Құтты қонақ келсе қой егіз табады» дегендей, қатардағы көп қонақтың бірі емес, қуатты станса пайдалануға берілген күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтөбеге жұмыс сапарымен келуінің де жағымды жағы мол демекпіз.
Осы арқылы тағы да келешекке көз тігіп, бағдар белгілер болсақ. «ҚазТрансГаз» АҚ алдағы жылдарға арналған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кестесін белгілегенін айтпай кету мүмкін емес. Осы кестеге сәйкес ұлттық оператор өңір тұрғындарының 96 пайызын табиғи газбен қамтуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге облыс аумағында газ құбырларын салу ісі де одан әрі жалғасады. Осы күнге дейін облыс аумағында 400 километрге жуық газ құбыры төселсе, газ мамандары алдағы уақытта тағы да 287 шақырым газ құбырын жүргізбек.
Бүгінгі әңгімемізді түйіндей келе, автоматты газ тарату стансасы қала сыртындағы Жаңа Әлжан элеваторы маңында салынғанын айта кеткіміз келеді. Дәл осы жердің таңдалуы да тектен-тек емес екен. Өйткені дәл осы тұста «Жаңа жол-Ақтөбе» және «Бұқара-Орал» магистральды газ құбырлары тартылған. Яғни Ақтөбе облыстық әкімдігі оны қай жерден салу керектігі жөнінде шешім қабылдар кезде нысанның стратегиялық сипатын бірінші кезекке қойған сыңайлы. Өйткені өңірдегі бір біріне тәуелсіз бұған дейінгі қос қуат көзі магистральды газ құбырларының бірінде апат бола қалған жағдайда да газ үздіксіз әрі тұрақты түрде тарала беретіні жаңа АГТС-тің стратегиялық рөлін айқындай түседі.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ
Суретте: Жаңа автоматтандырылған газ тарату стансасының ашылу салтанаты