• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Қазан, 2017

Өз қаражатына кітапхана тұрғызған

413 рет
көрсетілді

Малға да, жанға да құт Есіл өзенінің сағасына қонған Мектеп елді мекенінің негізгі күнкөрісі –төрт түлік. Аз-маз пайлары – бөгденің қолында. 

«Балапанды күзде санар» уақытта ғана төбе көрсететін жер телімдерін жалға алушылар «қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қатып» келіп, үлестерін итке сүйек тастағандай етіп бергендеріне «барға қанағат, жоққа салауат» айтып үйренген тұрғындар түтіндерінің түзу ұшқанына риза. Табыстың тайқазанын қайнатпаса да, бала-шаға несібесінен артылғанын пұлға айналдырып отырғандар мұнда аз емес. Жаңабай Сейдахметов, Нұрбек Бейсенбаев секілді орда бұзар жастағы тындырымы мол азаматтар ата-баба кәсібін жандандырып жүр. 

Шаруашылық ыдыраған кезде «тақымға басқан» бір-бір «МТЗ» тракторымен шөп те шаба­ды, отын-су да тасиды. Қай жерден жұмыстың құлағы қыл­тиса, құсша ұша жөнеледі. Қолы қимылдағанның аузы қимылдайтыны нарық заңы екенін жақсы түсінгендіктен кергімейді, міндетсімейді. Әйтпесе, туыс­тықтан, бауырмалдықтан ажырап бара жатқан бүгінгідей қым-қуыт, аласапыран, болжаусыз заманда қалың шаңның арасында көміліп қалу оп-оңай. Көмекке зәру көп балалы отбасылардың, қарттардың да өтініш-тілектерін екі етпей ерекше елгезектікпен орындап береді. Тек ауылды қатты қинап тұрғаны– ауданға, об­лысқа қатынайтын грейдер жол­дың адам төзгісіз жайы. Ойдым-ойдым, шұрқ-шұрқ. Оның азабына әбден көндігіп кеткен, мәселені айта-айта шаршаған. Жол машақаты еңселерін қанша езсе де, түгін тартса майы шыға­тын атақонысын ешнәрсеге айыр­бастамақ емес.  Туған жерге емешегі үзіліп тұратындардың бірі – Ағыбай Әбілмәжінов. Ол сырттай біртоға, жуас көрінгенімен, күлімсіреп тұрғанымен шындық десе «шабыты» оянып кететін «ит» мінезі бар. «Тура биде туған жоқтың» нағыз өзі. Шындық үшін шырыл­дап, отқа да, суға да түскені талай рет маңдайына таяқ болып тиді. Бірнеше дипломы бар білік­ті маман бола тұра жұмыстан да қуылды. 1987 жылы арақ ішпейтін, темекі тартпайтын, қақ-соқпен ісі жоқ оны нақақтан-нақақ кінәланған ауылдастарына араша түсіп, жазғырушылардың беттеріне тіліп айтқаны үшін «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» аупартком веттехник қызметінен еш себепсіз босатып жіберген. Жайшылықта өмірдегі әлімжеттілік пен әділетсіздікке онсыз да қаны қарайып, «терісіне сыймай» жүретін бұл бастан сипатар қайбір «айналайын» дейсің! Қызуқандылықпен «шу, қарақұйрық!» деп Мәскеуге бір-ақ тартқан. Тура бас хатшының өзіне! Оның қабылдауына кіре алмайтынын біле тұра! Қайтарында «Человек и закон» журналына соғып, салақұлаш мақала тастап кеткен. Елге оралғанша орта­лықтың жер жарған «дүмпуі» облыс басшыларын бидайша қуырып, екі аяғын бір етікке тыққан. Өң-түстен айырылған аупарткомның бірінші хатшысы Коваленко екі тілге жүйрік, саяси сауатты, өлең-әңгіме жазуға әуес, арманы журналист болу Ағы­байдан мұндай тегеурінді қадам, оқыс шешім күтпесе керек, түлкіше құбылып шыға келген. Қанша қызмет ұсынса да бұл иіл­меген. Қойшының ақ таяғын ұс­тап, ақтылы қой бағуға кете барған. 

«Ақты – ақ, қараны – қара» деп таныған кесек мінез оған отбасы тәрбиесінен дарыған. Оқ пен оттың ортасынан аман-есен орал­ған әкесі Қоспан адамгершілік қасиеттерімен елге сыйлы болды. Бір кіндіктен жалғыз өскен ұлын еркеліктің ауылынан алыс ұстады. Аурулы-сырқаулы ата-анасының жоғары білім ал дегеніне қарамастан күнделікті қаты­науға қолайлы-ау деген оймен аудан ішіндегі Покровка тех­никумын таңдаған. Оқуға алғыр, тәртібі жақсы ол отбасына қарайлай жүріп, мал дәрігері мамандығын алды. Целиноград ауыл шаруашылық институтын зооинженер мамандығы бойынша сырттай бітірді. Сөйтіп жүргенде ... «ит» мінезі өзіне қырсық болып жабысып, жұмыстан шеттетілді.

– Бірде қиранды клуб жанынан өтіп бара жатып үйінділер астында жатқан кітаптарды көзім шалды. Абай, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Нұрпейісов, тағы басқа классик ақын-жазушылардың оқырман іздеп жүріп оқитын таңғажайып, қайталанбас туындыларының шашылып, ту-талақайы шыққанына жүрегім қатты ауырды. Мұның алдында ғимаратты бұзбау жө­нін­де жергілікті басшыларға бірнеше рет өтінгенмен, заман қиындығын, қаржы тапшылығын сылтау еткен. Мектептегілерге айт­қанымда, өзіміз сыйдырта алмай жатырмыз деп алудан бас тартқан. Сосын тәуекелге бел будым да, төрт мыңнан астам кітап пен стеллаждарды ескі, тар үйге әкеліп, жинап қойдым. Біраз жыл кітапханашы қызметін атқарған әйелім Рыскелдінің ақылымен және оның іс-тәжірибесіне сүйене отырып, бір бөлмені кітапханаға айналдырып, үйдің сыртына «Кітапхана» деп жазып, іліп қой­дым. Ауылдастарымның мәдени ошаққа келе бастағаны, көркем әдебиетке деген құштар­лықтары көңілдегі күдікті сейілтіп, сенімді оятты. Содан тегін, ақысыз қызмет көрсетуге кірісіп кеттім, – дейді кітапханашы Ағыбай. 

Ол тіпті Ш.Уәлиханов атын­дағы университеттің «Кітап­хана ісі» мамандығын 52 жасында тәмамдапты. «Балаларыммен қабаттаса оқып шыққаныма күле қарағандар да болды. Білім ешқа­шан көптік етпейді. Енді үш дип­ломды маған ешкімнің тісі бата қоймас», деп қалжыңдап қояды. 

Сөз реті келгесін айтпасқа болмайды. Кей ата-аналар «балам оқуға түсіп, диплом алса бол­ды» дегенді мақсат тұса, Ағыбай мен Рыскелдінің төрт ұл-қызын заман ағымына бағыттай білгені сүйсіндіреді. Мәселен, Алмас – құрылысшы-сәулетші, Айым – дәрігер, Абылай – қаржы ака­демиясының студенті, Тілеужан автоматтандыру-байланыс саласында жұмыс істейді. Үлгі аларлық тәлім емес пе? Қиын маман­дықтарды игергендеріне қарамастан ана тіліне өте жетік, өлең жазумен де әуестенеді. 

2003 жылы «Ауыл жылы» жарияланып, Мектептің 75 жылдығы атап өтілді. Жиында Жұмаш Сейіт­беков ақсақал бастаған қауым ауыл мәдениетін жандандыру, мәдени ошақтарды қалпына келтіру туралы бастама көтеріп, аудан басшылығына хат жазуды Ағыбайға тапсырды. Ең қиыны сол, бюрократтық, қағазбастылық кедергілерді еңсеруге бір жылдай уақытын сарп етті. Сонда да тәуекелі мол істі аяғына дейін апару үшін ізіне індете түсіп, халық қалаулыларының назарын аудартты. Мәселе, мәслихаттың күн тәртібіне шығарылып, арнайы штат бөлдіртуге қол жеткізді. Кейін оның үлгісімен Жарғайың, Өрнек, Бірлік, Талапкер, Жекекөл ауылдарында кітапхана ашылып, әрқайсысына штат бірлігі берілді. Бұл – үлкен ерлікке пара-пар жеңіс еді. 

Ағыбайдың отбасы жаңа үйге қоныс аударып, кітапхана аума­ғы біршама ұлғайыпты. Десек те, кітап қоры алты мыңға жетеғабыл екенін, оның үстіне «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Жұл­дыздар отбасы», «Аңыз адам», «Солтүстік Қазақстан», бұған қоса бірсыпыра балалар басы­лымдарына жазылғанын қоссақ, орынның тарлық ететіні рас. Стеллаждардың да әбден тозғаны байқалады. Кітапханада жиі бас қосып тұрамыз. Еліміздегі саяси-қоғамдық жаңалықтар мен халықаралық оқиғалар жөнінде ой-пікірлер алмасамыз. Түрлі мәдени кештер өткіземіз. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақаласын талқылауға ауылдастарым ерекше белсене атсалысты, дейді кейіп­керіміз жеке басына қатыс­ты түйткілді жайттан гөрі болашақ­тағы жоспарларымен бөлісіп. 

Ауылға мәртебелі мейман болмаса делегация келсе, әкім-қара­лар алдымен кітапханаға алып келеді екен. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деген мақтануды жаны сүйетін ш­енеу­ніктер бір кез материалдық-тех­­никалық базаның жақса­руына көңіл бөлсе, дұрыс болар еді. Айтпақшы, Ағыбай кезінде кітап­ханадан бұрын клуб салмақ болып, азды-көпті құрылыс материалдарын жи­настырыпты. Алайда, қара­жат тапшылығынан озық ойы жүзеге аспай қалыпты. Мектептіктердің бұл мәселеге қайта­дан оралып, клуб пен кітап­хана үйін қайтадан қал­пына келтіру жөнінде бізге айт­қан ұсыныстары ескеруге тұрар­лық. 

Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы, Мектеп ауылы