2013 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Еңбек күні» мерекесі қарсаңында Алматы облысының орталығы – Талдықорған қаласында І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, марапат табыс етілді.
Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар және түрлі салада жақсы нәтижеге жеткен еңбеккерлер қатысты.
Мақсат белгілі – жұмысшылардың еңбегін бағалау, жақсы көрсеткішке жеткен жандарды көпке үлгі ету, еңбегіне сай құрмет көрсету. Мерекелік жиын облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбек жолын баяндайтын бейнефильмнен басталды. Облыс әкімі Амандық Баталовтың құттықтауын жеткізген Жақсылық Омар өңір экономикасын дамытып, шаруашылығының алға басуына ықпал етіп жүрген еңбек адамдарына үлгі болған, еңбексүйгіш, саламатты ұрпақ өсіргендігі үшін көп жылдар облыс көлемінде жұмыс істеп, елге танымал болған еңбек ардагерлеріне алғыс білдірді.
Кешегі болмаса – бүгінгі болмайды. Еңбеккерлік – жылдар бойы қалыптасатын мектеп. Облыс әкімінің орынбасары сөз арасында күні бүгінге дейін абыройлы ісі мен еңбекқорлығының арқасында жас ұрпаққа үлгі-өнеге бола білген екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Нұрмолда Алдабергенов, Николай Головацкий, Жолсейіт Молдасановтардың есімдерін атап, солар салған жолмен жүру бүгінгі ұрпақтың бір міндеті екенін, отбасы мен түз еңбегінің тізгінін қатар ұстап, нәзік жандылар арасынан шыққан Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаева, Мәриям Аябаева, қызылшашылар Битай Тәтенова, Зәкария Сейітова, Мәмила Әлімбаева, атақты жүгерішілер Күләш Айтжанова, Адалят Зайнаудиновалардың ерлікпен пара-пар еңбектері жайлы айтты. Мұндай тұлғалардың ерен еңбегі ешқашанда ұмытылмақ емес. Солардың ізін жалғап, ісін жалғастыру, дәстүрлі еңбек жолын үзіп алмау үшін, қарапайым еңбеккерлердің санын арттыру мақсатында биыл облыстағы 5 колледжде жаңа мамандықтар ашылыпты. Жоғары білім алуға әркімнің мүмкіндігі бола бермейді, сол себепті күнделікті тұрмысқа қажетті мамандықтарды меңгеру ешқашан құнын жоймайтын, күн тәртібінен түспейтін мәселе. Екі қолға бір күрек іздеген әрбір жастың мамандық меңгеруіне мүмкіндік беру – басты міндет. Болашақта бұл тарапта да еңбек озаттары шығып жатса, бүгін жасалған қамқорлық пен берілген мүмкіндіктің текке кетпегені. Бүгінгі күніміз үшін біз алдымен қарапайым еңбек адамдарына қарыздармыз.
– Тынымсыз әрі еселі еңбектің нәтижесінде алқабымыз астыққа, дастарқанымыз дәмге, үйіміз берекеге толып отыр. Мұның барлығы әрқайсыларыңыздың төгілген маңдай терлеріңіздің жемісі. Ұзақ жылғы қажырлы еңбегін халықтың игілігіне арнаған адамдардың есімдерін атап, атқарған істерін жас ұрпаққа үлгі ету – біздің міндетіміз бен азаматтық парызымыз. Биыл облыстың өнеркәсіп өнімдері 4,5 пайызға артып, 468,5 млрд теңгені құраса, ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі көрсеткіш 1,5 пайызға көтеріліп, 281,6 млрд теңгеге жетті. Осындай көрсеткішке сіздердің қосқан үлестеріңіз ұшан-теңіз, – деді өңір басшысының орынбасары.
Бұдан соң әр салада жемісті еңбек етіп, жетістікке жеткен білікті мамандар Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапатталды. Ал Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі Талдықорған қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы, «Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалы телекоммуникация дирекциясы бас директорының кеңесшісі Жексембай Мейрембаевқа табыс етілді.
Биылғы жылдың басында еңбек адамының мәртебесін арттыру, жұмысшы кәсіптерін насихаттау, ең үздік еңбек әулеттері мен кәсіпорын жұмысшыларын айқындау мақсатында «Еңбек жолы» байқауы жарияланған. Әртүрлі мамандық иелері қатысқан байқау нәтижесі бойынша «Үздік еңбек әулеті» номинациясының бәйгесі Ақсу ауданындағы темір жол саласында 30 жылдан астам еңбек еткен Бөкеевтер әулетіне бұйырды. «Өндірістің үздік жас жұмыскері» атанған Сарқан қаласындағы «Жетісу изолятор» кәсіпорнының жас инженері Арман Мусин, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» атағын иеленген Текелі қаласы, Рудный ауылындағы №17 орта мектептің физика пәні мұғалімі Алтынай Әлқуат 500 мың теңгенің сертификатын иеленді. Аталған номинациялар бойынша екінші орын алғандарға 300 мың теңге көлемінде сыйлық табысталды. Байқаудың бір шарты – онлайн дауыс беру бойынша таңдалған мамандарға 200 мың теңгелік сыйақы тағайындалды.
Салтанатты шараның соңы еңбек адамдарының құрметіне арнайы дайындалған Сүйінбай атындағы облыстық филармония ұжымының концертімен жалғасты.
Жалпы, облыс бойынша биыл Индустриаландыру картасы аясында шыны және металл құрылысы бағытындағы құны 14,3 млрд теңгені құрайтын 2 нысан іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы да 5 жоба ашылады деп күтілуде. Индустрияландыру картасы бойынша жоспарланған 51 жобаның 43-і толыққанды іске асқан. Жаңа нысандардың ашылуының арқасында және шағын және орта бизнеске деген қолдау нәтижесінде 22 мың жаңа жұмыс орны ашылыпты. Жұмыспен қамту бағытында да бірқатар шаруалар қолға алынып, қазір 8 мыңнан астам адам жаңа мамандық игеріп, үйреніп жатыр. Бұған қосыша 733 азаматтың жеке кәсібін ашуға және оны дамытуға мүмкіндік алғанын, бұған 3,3 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалғанын айта кеткен жөн.
Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан»
Алматы облысы