Шоқан ойнап өскен Құсмұрын енді еліміздегі көмір бассейнінің біріне айналғалы тұр. Өткен жылы ақпан айында «Қазақ көмір энергетикалық компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Құсмұрын» кенішінің №1 разрезінде көмір аршу жұмыстарын бастаған болатын.
Жұмыс көлеміне қарап бір жылға жетпейтін уақытта көмір тұтынушыларға жетеді деп ешкім де ойламаған. Аршу жұмыстарымен қатар жер асты суын тартып шығару белгіленген уақытта атқарылып отырды. Соның арқасында қазан айының басында, тарихи сәтті анығырақ айтсақ, 2 қазан күні «Құсмұрын» кенішінен бірінші көлікке көмір артылды. Құсмұрын, Әулиекөл төңірегіндегілер бірінші рет үйін қоңыр көмірмен жылытты. Тоннасы 6000 теңге тұрады. Электронды таразы орнатылып, көлік келетін жол төселген.
Көмір ашық алу тәсілімен өндіріліп жатыр. Барған сайын карьердің тереңдей беретіні белгілі. Мамандардың айтуынша, тереңнен аршылған сайын көмірдің сапасы да жақсара түседі екен. Әу бастағы жоба бойынша алдағы уақытта қоңыр көмір өңделетін болады.
– Осы істі қолға алғанымызға барлығы бір жарым жылдай уақыт болды. Атқарған жұмыстар нәтижесін беріп отыр. Көмірді алдымен өзіміз жағып көргенбіз, қазір өндірістік ғимараттарымыз бен кеңсені жылытып жатырмыз. Күлі аз, қызуы жақсы. Мұнан артық не керек?! Жалпы, қоңыр көмір коммуналдық қажеттіліктерге, яғни тұрғындардың үйін жылытуына, қазандықтарға жағуға жарамды. Әуелі тұрғындар аз-аздан алған, енді күн сайын көмір алушылар қарасы молайып келеді. Көмірдің сапасы ұнамаса тұтынушылар келмес еді, әрине. Қазір Аманқарағайда Қарағандыдан, Екібастұздан әкелінген көмірдің тоннасы 18 мың теңге, Құсмұрын стансасында 16-17 мың теңге тұрады. Ал біз жергілікті жерден шығып жатқан соң, оның бағасын 3 еседей арзан ұсынып отырмыз, – Қазақ көмір энергетикалық компаниясының бас директоры дейді Нұржан Жанпейісов.
Қазір лабораториялық ғылыми жұмыстар жүріп жатыр. Негізі болашақта көмірді өңдеу жоспарда бар. Ауызбен айта салғанға бәрі де оңай. Ол үшін алдымен ғылыми түйін және құрал-жабдықтар, қаржы керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын мазут өте қымбатқа түсетіндіктен қыстан шығуы ұзын-сонар әңгіме болатын Арқалық қаласына жылу беруді мазуттан көмірге ауыстыру, ол үшін Құсмұрын көмірін пайдалану туралы облыста мәселе көтерілген болатын. Өндіріс жетекшісі бұл мәселе қуаттылықты арттыру мен көмірді өңдеу технологиясына қол жеткізген соң қаралса игі екенін айтты. Компания алдағы он екі жыл ішінде жылына 5 миллион тонна көмір шығару қуаттылығын игеретін болады. Оған жету үшін қара алтынға экскаватор шөміші енді тиген кеніштерде жобада қарастырылған жұмыстар кезегімен атқарылады.
Бүгінде кеніште жүздей адам жұмыс істейді. Оның жартысынан көбі Құсмұрын кентінің тұрғындары, қалғандары Әулиекөл ауданындағы жақын елді мекендерден келіп еңбек етеді. Көмірдің сатыла бастауына байланысты жұмысшылар жалақысы да көтерілді.
Темір кенімен, астығымен, соңғы жылдары машина жасау өндірісімен даңқы асқан Қостанайдың атын енді қоңыр көмір тағы көтерер. Құсмұрын өңірінен тек бұл емес, әлі бірнеше кеніш аршылады деген жобалар бар. Көрші Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында көмір өндірісі жоқ. Сондықтан Қазақстанның солтүстік аймағындағылар, өзіміздің облыс, оның сыртында Ресейдің іргелес елді мекендерінің барлығы қоңыр көмір үшін Құсмұрынға келетін уақыт та алыс емес. Н.Жанпейісовтің айтуынша, бұл еліміздің көмір өндірісіндегі ірі жоба. Сондықтан Қостанайдың қоңыр көмірінің аты ұзаққа барады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Әулиекөл ауданы