Осы уақытқа дейін ондаған деректі фильм түсіріп, таланты Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығымен танылған отандасымыз Владимир Тюлькиннің «13 шақырым» атты деректі картинасы ХХVІІІ «Ресей» деректі фильмдер фестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Бұл кинодода жуырда Екатеринбург қаласында өтті.
Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «13 километр» деректі фильмінің желісіне Серік Боданбаев есімді жігерлі жерлесіміз туралы баяндайды. Фильмнің кейіпкері зағип болса да өз шыдамдылығы мен табандылығының арқасында үлкен шаруа қожалығының иесі болып отыр.
Ал таяуда ғана мәреге жеткен биылғы «Ресей» деректі фильмдер фестиваліне қатысуға 10 елден 280 тапсырыс келіп түскен екен. Нәтижесінде негізгі байқауға Ресей, Қазақстан, Эстония және басқа да елдерден 31 картина іріктелген. Бұл байқауға деректі киноның майталмандары – Иван Твердовский, Владимир Тюлькин, Андрей Осипов, Татьяна Скабард, Сергей Головецкий, Сергей Дебижев, Борис Караджев және дебютант режиссерлар қатысқан.
Қазылар алқасында Ресейдің Тенгиз Семёнов (төраға), режиссер және сценарист Галина Леонтьева, «Кино-Сибирь» киностудиясының басшысы, режиссер Евгений Соломин, киносыншы Валерий Фомин және кинооператор, РФ еңбек сіңірген өнер қайраткері Евгений Цигель сынды танымал кинематографистер болды.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі фестивальдің бас жүлдесін режиссер Татьяна Скабардтың «Последний парад «Беззаветного» фильмі иемденгені, ең үздік толықметрлі фильм жүлдесі «Приходи свободным» (режиссер Ксения Охапкина, Таллин) картинасына берілгені туралы хабар таратты. Ал үздік қысқаметрлі фильм деп режиссер Анна Каторнинаның (Санкт-Петербург) «Поморские жонки» танылған.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ