• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2010

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҚЫҰ-ҒА ТӨРАҒАЛЫҒЫ: ГЕНДЕРЛІК ҚЫРЫ

1815 рет
көрсетілді

Табалдырығымыздан аттаған 2010 жылды алдағы атқарар қыруар істер мен маңызды шаралар тұр­ғы­сынан мазмұнды және межелі жыл деуге болады. Ең бастысы, бұл біз­дің еліміз үшін дәл осындай маңыз­ға ие. Биылғы жылдың ең басты оқи­ғасы – Қазақстан Республика­сы­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі. Себе­бі, біздің еліміз ТМД-ға мүше ел­дер­дің, азиялық мемлекеттердің және түркітілдес қоғамдастық ара­сында тұңғыш рет айтулы мәрте­беге ие болып отырғандығын ауыз тол­тырып, тілге тиек етер жөніміз бар. Елбасы Н.Ә.Назарбаев айт­қа­нын­дай, бұл біздің жалпыұлттық жобамыз әрі біздің қол жеткізген ұлан-асыр жетістігіміз екендігіне дау жоқ. Екіншіден, республикамыздың болашақта қарыштап дамуында маңызды рөл ойнайтын жаңа кезең, XXІ ғасырдың жаңа онжыл­дығы табалдырығымыздан аттап отыр. Бұл “Қазақстан – 2030” ұзақ­мер­зімді даму бағдарламасында ай­қындалған. Сондықтан да есігіміз­­ден енген жаңа онжылдық эконо­ми­каны модернизациялау, қоғам мен мемлекетті әрмен қарай демо­кратияландыру секілді үлкен жүк­тер­ді иығымызға артып отыр. Және де ең маңыздысы, егемен Қазақ елінде тұңғыш рет елді қар­қын­ды инновациялық индустриа­лан­дыруды мақсат тұтқан бесжыл­дық бастау алды. Асылында, алдағы жылдары біз жаңа экономиканың іргетасын қалап, капиталистік қо­ғам­ға тән өнеркәсіп әдісінің эко­но­микалық циклға тигізер жағым­сыз кезеңдеріне қарамастан, тұрақ­ты және қарқынды даму үшін жү­йе­лі жағдай қалыптастыруға тиіспіз. Мен бұл мақаламда еліміздің Еуро­па­дағы беделді ұйымға төраға­лық етуі барысында қолға алынар гендерлік мәселелерге айрықша тоқ­­тал­ғым келіп отыр. Қазақстанда ген­дерлік және отбасылық-демо­гра­фиялық саясатты жүргізу мақ­сатында Қазақстан Республикасы Прези­денті­н­ің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­графия­лық саясат жөніндегі ұлттық комис­сия жұмыс істеуде. Бұл жерде бір жәйтті ескере кеткен жөн, Елбасы жанынан құрылған барлық орган­дар­дың ішін­де, бұл комиссия мақ­тан тұтарлық әрі көп нәрсеге мін­дет­тейтін Ұлттық деген атауды арқалап жүр. Қоға­мы­мыздағы нәзік те маңызды мәселе­лерді шешуді мойнына алған комис­сияның негіз­гі міндеті Қазақстанның 2030 жыл­ға дейінгі стратегиялық дамуы және 2006-2016 жылдарға бағыт­талған гендерлік теңдік стра­тегиясы аясын­да отбасы, ерлер мен әйелдер тең­­дігін мұрат еткен мем­лекеттің ке­шен­ді саясатын және осы тақырып­тағы халықаралық келісім-шарт­тарды жүзеге асыру болып табыла­ды. Бұл келісім-шарттарға: – Әйелдердің жағдайын жақ­сарту әрекетінің Бейжің тұғырна­масы (1995 ж.); – Әйелдерге қатысты барлық түр­­дегі кемсітушіліктерді жою жөнін­дегі БҰҰ конвенциясы (1998 ж.); – Әйелдердің саяси құқығы жөнін­дегі конвенция (2000 ж.); – Тұрмыстағы әйелдердің азамат­­тығы жөніндегі конвенция (2000 ж.); – Тең бағаланатын еңбекке қатысты ерлер мен әйелдерге бір­кел­­кі төлемақы беру жөніндегі Халық­аралық еңбек ұйымының 1951 жылғы №100 конвенциясы (2000 ж.); – Әйелдерге қатысты барлық түрдегі кемсітушіліктерді жою жөніндегі конвенцияға факуль­тативтік хаттама (2001 ж.); – БҰҰ-ның Мыңжылдық даму мақсаты – оның ішінде “Ерлер мен әйелдер теңдігіндегі жетіс­тік­тер, әйелдердің мүмкіндіктері мен құқығын кеңейту” деп аталатын үшінші мақсаты жатады. Ұлттық комиссияның биік мәр­тебесі қойылған міндеттерді жүзеге асыруда барлық мемлекеттік орган­дармен қоян-қолтық араласуға және азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуіне барлық мүм­кіндіктер туғызып отыр. Мем­ле­кеттік ген­дерлік саясат Елбасы жар­лығымен бекітілген Стратегия негізінде жүзеге асыры­луда. Бұл тұрғыда Мыңжылдық даму мақсат­тары мен Әйелдерге қатысты бар­лық түрдегі кемсітушіліктерді жою жөніндегі конвенция ережелеріне сүйенген, Қазақстанға арналған ген­­дерлік индикаторлар анықтал­ған. Стратегияны жүзеге асыру мақ­сатында Үкімет бекіткен қаулы бойын­ша іс-шаралар жоспары жа­са­луда. Бүгінгі таңда 2006-2008 жыл­­дар­ға арналған, 45 іс-шараны қам­титын Стратегияны жүзеге асы­ру жоспары орындалып, келесі 2009-2011 жылдарға арналған орта­мерзімді іс-шаралар жоспары қолға алынды. Аталмыш 2009-2011 жылдарға арналған ортамерзімді іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін “Ішкі саяси тұрақтылық және қоғамдық келісім саласы бойынша мемле­кет­тік саясатты жүргізу” бюджеттік бағ­­дарламасы аясында республи­ка­лық қазынадан 30 млн. теңге және “Ген­дерлік теңдікті қамтамасыз ету және отбасылық жағдайды жақ­сар­туды дамыту шаралары” бағдар­ла­ма­сы негізінде 38,4 млн. теңге бөлінген. Гендерлік теңдік стратегия­сын­да шешім қабылдау деңгейіндегі нәзік жандылардың үлесін 30 пайыз­ға жет­кізу көзделген. Пар­ламент Мәжілісі депутаттарының бастамасымен дайын­далған “Ерлер мен әйелдердің тең мүмкіндіктері және тең құқық­тарының мемле­кет­тік кепілдігі тура­лы” Заңына Елба­сы­ның қол қоюы қазақстандық қоғамның әрмен қарайғы демо­кра­тиялануының нақты көрінісі деуге болады. Бұл заңның дайындалуы мен болашаққа жол табуына ЕҚЫҰ, ЮНИФЕМ және БҰҰ-ның Даму бағдарламасы сынды халық­аралық ұйымдар зор үлесін қосты. Сондай-ақ, аталмыш Страте­гия ұлттық заңнамаға және барлық қай­та дайындалып жатқан заң жоба­лары­на гендерлік сараптама жасауды қарастырады. Осы мақсат­та прин­цип­тері мен негізгі кезең­дері ай­қын­далған нормативтік құқық­­тық акті­лер жобасына ген­дер­лік сарап­тама жасау­дың нұсқау­лығы дайын­далып, бекі­тілді. Ендігі уақытта, заң жобалары­ның гендер­лік сарапта­ма­сы ғылыми сараптама аясында өткі­зілуі тиіс. Соны­мен қатар, барлық деңгейдегі бюджет­тер­ді және әлеуметтік-эко­но­мика­лық дамудың мемлекеттік бағдар­ла­­масын дайын­дау үдеріс­терін­де гендерлік көз­қарас­ты енгізу қолға алынды. Әйелдерді қоғамдық-саяси орта­ға тарту мақсатында еліміздің барлық аймақтарынан 69 үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірген Әйелдер­дің көшбасшылығы мек­тебі­нің республикалық желісі дү­­ние­ге келді. Павлодардағы “Серіктес­тік орталы­ғы” қоғамдық қоры жанынан Ақмо­ла, Шығыс Қазақстан, Қара­ған­ды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының әйелдері­не арналған аймақаралық “Көшбас­шылар ше­бер­­хана­сы” ашылды. Бұл бастама өзінің алғашқы нәтижесін де бере бастады. Петропавл қала­сын­да тұрғындар арасында көшбас­шылық қасиеттерді қалыптастыру және әлеуметтік белсенділігін арт­тыру мақсатында төрт мектеп және лицейлердің жоғары сынып оқу­шы­ларының басын біріктірген “Қала­лық гендерлік клуб” ашылды. Сонымен қатар, Қостанай облысы­ның мәсли­хатында үкіметтік емес ұйымдар және жастармен жұмыс істейтін гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыру бойынша тұрақты комиссия құрылды. Бүгінгі таңда шешім қабылдау дең­гейін­дегі әйелдердің қатысуы­ның жалпы көрінісі төмендегідей. Қазақстан Республикасы Парла­менті­нің құрамында 21 әйел бар. Бұл депутаттардың жалпы санының 14 пайызын құрайды. 3 әйел облыс әкімдерінің орынбасарлары, тағы 3 нәзік жанды аудандарды басқарып отыр. Аудан басшылары орын­басар­ларының 17 пайызы, ауылдық және селолық округтер әкімдерінің 11 пайызы әйелдер. Биліктің жоғарғы эшалоны – ел Үкіметінің құрамында – 1 әйел министр, 1 агенттік төр­айымы, Премьер-Ми­нистр Кеңсесі Басшысының орын­басары, 4 – жауапты хат­шы, 5 – вице-министр әйел бар. Атап өткен көрсеткіш жалпы ал­ған­да дүние­жүзілік орта стандарт­тарға сәйкес, дегенмен біз 2016 жылғы жоспарлы мерзімде саяси арена­дағы әйелдер үлесінің 30 пайыздан кем болмауын назарда ұстаймыз. Бұл ұлттық комиссия, мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам институттары өкілдерінің нақты әрі лайықты мақсаты. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға­лы­ғының басталған және Әйел­дер­­ге қатысты барлық түрдегі кемсіту­шіліктерді жою жөніндегі БҰҰ кон­венциясының 30 жылдығы тұсын­­да республикамызда гендер­лік тең құқықтық мәселелерінің дамуы тура­лы тұрғындардың жоғары дәрежеде хабардар болуын қамтама­сыз еткен бірқатар шаралар ұйым­дас­тырылды. Қазақстан Рес­пуб­ли­касы Президенті жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және аймақтық комис­сия­лармен бірлесіп 2009 жыл­­дың 16 қарашасы мен 15 жел­тоқ­саны ара­лы­ғын қамтыған, жоғары­да аталған жұмыстарға бағытталған іс-шара­лар­дың арнайы жоспары дайын­далды. Аймақтарда конвенция ереже­лерін және гендерлік саясаттың әр­мен қарайғы жылжуына арналған Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға басшы­лы­ғы барысындағы жағымды аспекті­лерді түсіндіру үшін ақпараттық-насихат­тық топтар құрылды. Осы акция барысында, республика көлемінде 6 конференция, 80 дөң­ге­­лек үстел оты­ры­сы, 178 семинар-тренингтер, 397 лекция, 18 пікір­талас, 15 байқау, 4 көр­ме және тағы да басқа бірқатар шаралар өткізілді. Бұдан бөлек, біздің жұмысы­мыз­дағы тағы бір маңызды бағыт – эко­номикадағы гендерлік теңдік көрінісі болып табылатын, әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті дамыту, еңбек рыногындағы олардың бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру мәселесі. 2003 жылы әйелдерді эконо­ми­калық тұрғыдан алға жылжыту мақсатында Ұлттық комиссия рес­пуб­ликалық шағын кәсіпкерлікті қолдау қорымен ынтымақтастық меморан­думына қол қойды. Нәти­жесін­де қор тарапынан әйел-кәсіп­керлер жобасын қаржылан­дыруға жалпы көлемі 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді (16 млн. АҚШ долларына тең). Осы орайда несие алудың жолдарын жеңілдетуді және оның берілетін көлемін арттыруды көз­деген “Шағын несиелік ұйымдар туралы” Заңға өзгерістер енгізілді. Әйел­дерді шағын және орта кәсіп­керлікке тарту шараларының нәти­жесінде, олардың кәсіпкерлер арасындағы үлесі 40 пайызға жетті. Сондай-ақ, Үкіметтің дағдарыс­қа қарсы бағдарламасына сәйкес, шағын және орта бизнесті қолдауға 120 млрд. теңге бөлінгені белгілі. Елбасының 2009 жылғы 5 наурызда өткен әйелдердің V форумындағы тап­сырмасы бойынша осы қара­жаттың бір бөлігі әйелдер кәсіпкер­лігін қолдауға бағытталды. Осы мақ­сатта “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ директорлар кеңесі тарапынан 2009-2015 жылдар ара­лы­ғында әйелдер кәсіпкерлігін шағын несиемен қамтамасыз етуге арналған қаражаттарын екінші деңгейлі банктерге орналастыру бағдарламасы дайындалып, бекітілді. Биылғы жылы 450 млн. теңге бөлу қарас­тырылған. Ал 2010-2015 жылдардағы қаржыландыру көлемі бюджеттік бағдарламаға сәйкес анықталады. Берілетін несиенің жоғарғы көлемі 1,5 млн. теңге, несиелендіру мерзімі – 36 айға дейін, жылдық үстемесі 14 пайыздан аспауы тиіс. Қазақстанда ана мен бала ден­сау­лығын қорғау ісіне ерекше көңіл аударылып отыр. Соның нәти­жесінде ана мен бала өлімі, өкпе қабынуы және жыныстық қатынас арқылы жұғатын аурулар тұрақты төмендеп келеді. Өте қатерлі бала­лар аурулары­ның бірі полиомиелит жойылды. Қазақстан ТМД елдері арасында алғашқы болып, “В” вирустық гепатитіне қарсы барлық жаңа туған сәбилерге вакцинация екті. Сонымен қатар, бірқатар проб­ле­­малар өз шешімін табуды қажет етеді. Мәселен, әйелдер денсау­лы­ғының индексі төмен болып отыр, ол 20-30 пайызды құрайды. Ер­кек­тер арасында да денсаулық про­бле­масы жеткілікті. Олар көбіне тубер­кулезге және психо­ло­гиялық ауыт­қу­ларға шалдыға­ды. Еркектер спирт­тік ішімдіктерге, темекі шегуге бейімдігіне байланысты туындай­тын аурулардан зардап шегеді, сонымен қатар, өндірістік жарақат алу да кеңінен кездеседі. Нәтиже­сінде әйелдер мен еркектердің ор­та­ша өмір сүру ұзақтығындағы ген­д­ерлік теңсіздік анық байқала­ды, еркектердің өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда 10,5 жылға кем және 61,9 жасты құрайды. Қан аздығымен және Орталық Азияда кеңінен тараған темір жетіспеушілігі ауруларымен күресу үшін Ұлттық комиссия дер кезінде Азия банкінен 1,2 миллион доллар көлемінде грант тартып отыр. Бұл қаражатқа құрал-жабдықтар сатып алынды және ұнды иодпен, темірмен, түрлі витаминдермен байыту жөнін­дегі технологиялар енгізілді. “Тұзды йодтау туралы” заң қабылданды, со­ның арқасында Қазақстанда барлық ас тұзы йодталатын болды. Норма­тив­тік базаның болмауы қан аздық­тан емдеудің әлемдегі ең арзан тәсілі болып есептелетін ұнды форти­фи­ка­циясыз шығаруға мүмкіндік бермеді. 2009 жылы қыркүйектің 18-інде қабылданған Қазақстан Республи­ка­сы­ның халық денсаулығы және ден­сау­лық сақтау жүйесі туралы кодексі жоғарғы және бірінші сұрыпты астық ұнының құрамын темір және басқа да минералдармен міндетті форти­фикациялау қарастырылған. Гендерлік теңдік стратегиясы әйелдер денсаулығын репродуктивті бекіту және сақтау бойынша қосым­ша іс-шаралардың толық кешенін қарастырады. Сонымен қатар, бұл ана мен баланы қорғаудың нор­мативтік-құқықтық базасын жетіл­діру, бұл қызметті қаржыландыруды жақсарту және дамыту басымдық­тары болып табылады. Гендерлік сезімталдық қоғам­дық түсінік қалыптастыру үшін жұрт арасында гендерлік білім беру бойынша жүйелі жұмыстар жүр­гі­зі­луде. Мектеп оқулықтарына гендер­лік сараптама жасалды. Мектептік және мектепке дейінгі білім беру жүйесі үшін “Гендер” кешенді білім беру бағдарламасы әзірленді. Желдел жүріп жатқан әлемдегі жаһандану үрдісі қоғамдағы зорлық-зомбылықты алдын алу мәселе­ле­лерін өткір қойып отыр. Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше назар аударылуда. 1999 жылдың өзінде-ақ ел Президентінің баста­ма­сымен ішкі істер органдарының құрамында, аудандық деңгейге дейін әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша арнайы бөлімшелер құрылған болатын. Қазақстан бұрын­ғы кеңестік аумақта осындай бөлімше құрған жалғыз мемлекет болып табылады. Олардың негізгі міндеті – конституциялық құқық­тары­ның қорғалуын қамтамасыз ету, заңға қарсы іс-әрекеттерден әйел­дер­дің бостандығы мен заңды қы­зы­­ғу­шылықтарын қорғау. Өткен жылы Мемлекет басшысы “Тұр­мыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы” Заңға қол қойды. Бұл заң бойынша қылмыстық, әкімшілік және азаматтық заңнамалардағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты сара­­лауға мүмкіндік тумақ. Ең басты­сы, бұл заңда отбасында зор­лық-зомбылық қайта жасаудың алдын алатын шаралар қарастыр­ылған. Қазіргі уақытта елімізде әйел­дер­дің құқығын қорғайтын 20 дағ­дарыс орталықтары жұмыс істейді. Мәселен, 2008 жылы аталған орта­лық­тарға түрлі көмек түрлерін сұра­ған 21679 өтініш түскен болса, олардың 6165-і физикалық, 5539-ы психологиялық, 556-сы жыныстық және басқа да зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Қылмыстық кодекстің барлық баптарына, сонымен қатар адам саудалауға байланысты қылмыстар­ға қатысты “Қазақстан Республика­с­ы­ның туристік қызметі туралы” Заңына толықтырулар мен өзгер­істер енгізілген. Бұл санаттағы қылмыстардың квалификациялық белгі құрамы айтарлықтай кеңейтілген, оларды жасағандарға арналған ықпал шара­лар да күшейтілген. Ендігі уақытта адамдарды Қазақстан аумағынан заңсыз алып шығу немесе алып өту қылмыс болып есептеліп және 3 жылдан 8 жылға дейін мүлкін тәркі­леумен бірге бас бостан­ды­ғынан айыру жазалары қарастырыл­ған. Адам саудасы азаматтардың құқығының өрескел түрде бұзы­луына әкеліп соқтыратын құлиеле­ну­шіліктің қазіргі заманғы форма­сы болып табылады. Адам саудасы жөніндегі баяндамаға сәйкес (Вашингтон, 12 шілде 2007 жыл) Қазақстан күштеп жұмысқа салу және жыныстық қыз­мет­терге еріксіз итермелеуде кісі сау­да­сы объектісіне айналған адамдар шығатын және транзитті ел болып отыр. Сол себепті, Қазақстан Респуб­ликасы адамдардың заңсыз трафигі­мен күресте тиімді әрі жаңа тәсілдерді қарастыратын саяси шаралар қабыл­дауда. 2005 жылдың 14 желтоқса­нында БҰҰ-ның “Адам саудасы және үшінші тұлғалар арқылы жыныстық қатынасқа қолдану туралы” конвен­циясын және де Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметінің ұйымдастыру-тәжірибелік және арнайы шаралары қарастырылған 2009-2011 жылдарға арналған адам саудасына қатысты қылмыстардың алдын алу және күресу бойынша шараларының жоспарын сөзіміздің дәлелі ретінде айта кетуге болады. Гендерлік теңдік мәселесінде үкі­мет­тік емес ұйымдар маңызды рөл атқарады. Бұл тақырыптағы сұрақтар 2006-2011 жылдардағы Қазақстан Республикасындағы азаматтық қоғам­ды дамыту тұжырымдамасында да ескерілген. Бүгінгі таңда елімізде 13 мыңға жуық үкіметтік емес ұйымдар бар. Олардың жұмыстарын жандан­дыру мақсатында 2006-2011 жылдар­дағы Қазақстан Республикасындағы азаматтық қоғамды дамыту тұжырым­дамасы және “Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы” Заң қабылданды. Өз кезегінде үкіметтік емес ұйымдар бюджеттік қаражат есебінен әлеуметтік маңызы бар жобаларды орындайды. Жыл өткен сайын гендерлік және отбасы-демография мәселелері бо­йын­ша үкіметтік емес ұйымдардың мұн­дай жобаларын қаржыландыру көлемі молайып келеді. Мысалы, 2005 жылы осы мақсатқа 1,5 млн. теңге бөлінсе, 2008 жылы 20 млн., ал 2009 жы­лы 40 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Гендерлік саясатты жүзеге асы­руды ақпараттық қолдау Мәдениет және ақпарат министрлігінің бюд­жеттік бағдарламаларынан мемлекет­тік тапсырыс аясында атқарылады. 2005 жылмен салыстырғанда 2008 жылы теле-радио бағдарламалардың саны 2,5 есеге, ал мерзімді баспа­сөздегі жарияланымдар 1,5 есеге артқан. “Гендерлік теңдікті дамыту және күшейту, әйелдер мен ерлер құқығына қатысты қоғамдық сана­дағы жағымсыз таптаурын көз­қарас­тардан арылу” тақырыбындағы мем­лекеттік ақпараттық саясат аясында 2008 жылы электронды ақпарат құралдарына 18 млн. теңге, мерзімді БАҚ-тарға 37,5 млн. теңге бөлінді. Атқарылған жұмыстарды халыққа жеткізуге 13 БАҚ атсалысты. Айрықша атап өтер дүние, отба­сы және гендерлік саясат мәселе­лері бойынша Елбасы саясатын саралайтын және насихаттайтын ұлттық комиссияның “Отбасым” журналы 2009 жылдың басынан бастап жарық көрді (тоқсанына 1 мәрте шығады). Өткен жылы журналдың 4 саны жарық көрді, оның біреуі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына арналды. Осы айтылған әңгіменің барлығы Қазақстан Респуб­ли­ка­сындағы мем­лекеттік гендерлік саясаттың жүйелі және талапқа сай жүргізіліп отыр­ғанын тағы бір мәрте дәлелдейді. Ол гендерлік теңдік жетістіктерінің ұлт­тық және халықаралық тәжірибесін жан-жақты және нақты есепке ала отырып, әлем елдері қоғамдас­ты­ғына тән өркениеттік, діни және мәдени ерекшеліктерін де назарда ұстайды. Қазақстанның қазіргі заманғы ұлттық гендерлік саясаты сабақтастық, праг­­ма­тизм және теңгерімдік ұста­ным­ға сүйене отырып, еліміздің ішкі саясатының ажырамас бөлігі әрі ол ұлттық келісім мен бірлікті күшей­туге бағытталған. ЕҚЫҰ-ға төрағалық бізге гендерлік саясат саласында ауыз толтырып айтар­лықтай жетістіктерге жетуімізге ықпал етеді. Және де қауіпсіздігіміздің бұдан кейін де беки түсуіне бейімделуіміз бен Атлан­т және Тынық мұхиты арасындағы кеңістікте жан-жақты ынтымақ­тас­тығымызды арттыруға таптырмас мүмкіндік. Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Президенті жанын­­­­дағы Әйелдер ісі және от­­­басы­лық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы.