Қудалау органдары тексерісінің кемшілігін анықтауда сот органдарының атқаратын қызметі зор.
Өйткені бұл тексерістердің соңғы сырын сот қана біліп, айта алады. Және соған сай істі болған адамның алдағы тағдырын анықтайтын шешімді де сот қана шығарады. Бұл – әділдікке жетудің жалғыз жолы.
Ағымдағы жылдан бастап, еліміздің сот саласы жаңа жүйе бойынша жұмыс істеп жатыр. Міне, осы орайда Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген міндеттерді, әсіресе, сот саласы қызметкерлерінің орындауы халыққа – жақсылық, судьяларға абырой әкелмек. Ал онда Ұлт жоспарының заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытындағы 11 қадам түгел сот жүйесіне арналғандығы белгілі.
Әлемдегі озық отыз елдің қатарына ену үшін Қазақстанның тек экономикасы, саяси, мәдени жағдайлары ғана емес, құқықтық саласы дамып, осыған сай сот жүйесі айтарлықтай алда болуы қажет. Мұндай реформалар не үшін, қандай мақсатпен шығарылады? Әрине, ең алдымен, ол халыққа тиімді болуы қажет. Яғни қандай жағдайда болмасын адамның құқығы қорғалуы тиіс. Бұл орайда Ұлт жоспарында айтылғандай, енді нақты талап алқабилерге де қойылып отыр. Міне, осы орайда заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін басымдық берілген «100 нақты қадамның» 21-қадамына сәйкес, алқабилер соты қолданылатын салалар аясы кеңейтілді. Ең маңыздысы, алқабилер соты міндетті түрде қатысатын қылмыстық істердің санаттары анықталды. Елбасы қол қойған жаңа заңға сай, алқабилер қатысатын соттардың қарауындағы істердің аясы ұлғайып, қосымша төрт құраммен толықтырылды. Бұрын олардың алдына ату жазасына кесу мен өмір бойына бас бостандығынан айыруға тартылғандардың тағдырын шешу талабы қойылса, енді адам ұрлап, ауыр халге ұшырату және жасөспірімдерді зорлау қылмысы бойынша құрам қосылды. Мұндай істер аса ауыр қылмыстық санатта болғандықтан алқабилер қатысуымен қаралуда.
Бірақ айыпкердің адамды ұрлағаны немесе жасөспірімді зорлағаны қудалау органдары арқылы тексеріліп, сот алдына анықталып келіп тұрса, онда неліктен оның кінәлі, кінәлі еместігіне бас ауыртудың қажеті бар дейді біреулер. Расында, алқабилерсіз-ақ судьяның өзі ондай адамды соттап жібермей ме? Соттай алмайды. Неге? Өйткені сот тексерудің заңдылығына көз жеткізбей, дәлелдердің нақтылығын зерделемей, қос тараптың уәждерін елеп-екшемей ақиқатты айта алмайды. Адамның айыбы заң жүзінде айқындалып тұрса ғана ақиқат айтылады. Ал оны алқабилер алдында анықтап беру үшін бір тараптан қорғаушы, екінші жақтан айыптаушы, яғни прокурор «сайысқа» түседі. Олар өз пікірлерін ортаға салып, уәждерін дәлелдеп береді. Міне, бұлардың дәлелдемелерін тыңдаған алқабилер оны іштерінен сарапқа салып, қорытынды шығарып, бюллетеньге сотталушының кінәсі бар ма, жоқ па деген бір ауыз сөзді белгілейді. Осылайша халық мұндай адамдарды алқабилер арқылы өздері соттайды немесе ақтайтындығын айтады.
Адамды адамның өлтіруге қақы жоқ. Қанды қол кәнігі қылмыскердің өзі бірнеше жылды арқалап, тас қапасқа қамалса да, оның өміріне ешкім балта шаба алмайды. Бірақ солай екен деп, адамдар адам өлтіруден қалыс қалып жатқан жоқ. Алып қашады, зорлайды, өлтіреді, әйтеуір, адамға адам дегенін жасайды. Артынан бар болғаны өмір бақи бас бостандығынан айырылуға сотталады. Ал бұлардың арасында кім жоқ дейсіз, нағыз баскесері де, қосақ арасында қоса кеткені де кездеседі. Ондай жазықсыз жандардың тағдырын бүлдіруге кім себепкер болады? Сенсеңіз де, сенбесеңіз де айтылатын бір жайт, оған нақты адам өлтірушіні іздеуші адамдардың өздері кейде себепкер болады екен. Сондықтан нағыз қылмыскер мен жазықсыз жанды айыра алу қай заманның болсын көкейкесті мәселесі. Демек, қылмыстық істерді саралау, зерделеу, дәлелдемелерді таразыға тарту, адам өлтірді дегенді кінәлі немесе кінәсіз деп тану, өмір бақи көрер жарығынан айырып, тар қапасқа тоғыту – айтуға ғана оңай. Иә, қылмыстық істерді қарау сол қылмыстың қалай жасалғанын зерделеп шығу ғана емес, оның ауырлығын сезініп, қасіретін жүректен өткізу. Сондайда адамға демеу болар адалдық, әділдік, шындық қағидаттары ғана. Шынайы ақиқатқа жеткізер үш негіз – осы. Жұрт осыны алқабилерден күтеді.