Таяуда Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында Рухани келісім күні қарсаңында Достық үйі ашылды. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлт бірлігі мен мемлекет тұтастығын одан әрі нығайта түсуге қатысты тапсырмаларының мінсіз атқарылып жатқандығының айғағы. Бүгінгі таңда Сәтбаев қаласында орыс, украин, татар және корей орталықтары, сондай-ақ Балтық жағалауы халықтарының ынталы топтары жұмыс істейді.Енді кенді шаһардың барлық этномәдени орталықтары бір шаңырақ астына жиналатын болады.
Аталмыш «Достық үйі» Қарағанды мен Жезқазған қалаларындағы осы тектес орталықтардан кейін іске кіріскелі отырған үшінші шаңырақ болып отыр.Достық үйін ашу мәселесі бұрыннан пісіп жетілді, деп атап өтті Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов.
– Рухани келіісім күн – мейірімділік және бірлік мерекесі қарсаңында біз осы нысанды ашып отырмыз, – деді қала басшысы. – Меніңше барлық этномәдени орталықтар үшін бұл үлкен маңызға ие. Мұнда жұмыс үшін барлық жағдай жасалған – акт залы, әдістемелік кабинет, кітапхана, ана тілін оқып-үйретуге, жас ұрпақты ұлттық мәдениетке баулуға арналған оқу сыныбы бар.
Достық үйі этносаралық қарым-қатынасқа, қоғамдық ұйымдар арасындағы ынтымақтастық пен өзара серіктестікті нығайту үшін ашық алаң болатынына ол сенімін білдірді.
Достық үйі «Қазақстан халықтарының рухани, қоғамдық және ұлтаралық ынтымақтастығы орталығы» КММ құзырында болмақ. Қаланың этномәдени бірлестіктерінен бөлек, мұнда «Шындық» шығармашылық зиялылар қоғамдық ұйымы және өмірлік қиындыққа тап болған әйелдер мен балаларға арналған дағдарыс орталығы жұмыс істейтін болады.
Достық үйінің ашылуымен Сәтбаев қаласының тұрғындарын Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығының жетекшісі Ерлан Құсайын құттықтады. Қарағанды облысы әкімінің атынан ол жаңа мекемеге Әлихан Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағын сыйға тартты.
– Қазақстан халқы – сан қиындықты басынан кеше жүріп, ерік-жігері ешқашан мұқалмаған ел. Ұлт басынан өткен қасіретті сындар ертеңіне үміт артқан қалың қауымның қайрат-жігерін жанып, талабы мен талпынысын ұштай түскен. Соған дәнекерлік еткен құдіретті күш – бірлік.
Сол бірлікті бекем сақтау қажет. Мемлекет басшысының салиқалы саясатының түп-тамыры осы ұстанымға негізделген, – деді өзінің құттықтау лебізінде Қарағанды облысы әкімінің өкілі.
Әдемі тілектермен қатар, қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук ынтымақ ошағына кілем және ыдыс-аяқ жиынтығын сыйға тартты. Бірлік ордасының лентасы қиылып, шашу шашылған соң жиылған жұртшылық оның ішкі жағдайын зерделеп, ерекшеліктерімен жете танысты.
Сонымен қатар онда этномәдени орталықтарымен бірге қалалық «Қазақ тілі» қоғамы да орналасқан. Бұдан тысқары, мәжіліс-концерт залы, дәрісхана, музейі және кітапханасы бар. Болашақта мекеме әкімшілігі кабиеттерінен бөлек «Меценаттар бөлмесін» жасақтау да жоспарға енгізіліпті.
Салтанатты шара барысында этномәдени орталықтардың жетекшілері сөз алып, тиісінше, әр ұлттың әндері әуеледі. Бірлік тамыры берік болсын деген ырыммен «Достық гүлі» отырғызылды. Тұсауы енді ғана кесілген жаңа мекеменің директоры болып Гүлназ Гатиятова тағайындалды.
Айта кетейік, Қазақстанда Рухани келісім күні жыл сайын 18 қазанда атап өтіледі.
Бұл күні 1992 жылы Алматыда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Бүкіләлемдік рухани келісім конгресі өткен. Оған қатысушылар қақтығыстар мен келіспеушіліктерге мораторий жарияланған күнді, татулық, мейірімділік және жақынға көмек көрсету күнін Рухани келісім күні етіп бекіту туралы манифест қабылдады.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы