• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Қазан, 2017

Тағдыр тезіндегі таланттар

401 рет
көрсетілді

Өңірде 28194 мүмкіндігі шектеулі жан болса, 2 мыңнан астамы – балалар мен жасөспірімдер. Жуырда «Мейірімділік пен түсіністікке жол ашық» атты фестиваль барысында оларға жан-жақты құрмет көрсетілді.

 

11 аудан мен облыс орталығындағы 9 әлеуметтік мекеме қатысқан шарада сөй­леген сөзінде өңір басшысының орын­басары Асқар Сақыпкереев мүм­кіндігі шектеулі адамдарға мемлекет пен қоғам тарапынан жан-жақты қам­қорлық көрсетілетінін, оның бір мы­са­лына биыл «Әлеуметтік жобалар байқауы ұйымдастырылғанын, оған­ жерлестеріміздің белсене атсалыс­қанын жеткізді. Олардың арасында тағдыр тәлкегіне ұшыраса да, жігері жасымаған, белгілі бір кәсіпті ұршықша үйіріп жүрген азаматтар көптеп саналады.

Мәселен, биыл еліміз бойынша өткізілген әлеуметтік жобалар байқауына қатысқан жерлесіміз Уәлихан Ыбыраев ынталандыру сый­­лы­ғына ие болды. 32 жастағы петро­павлдық туабітті мүгедектер үшін арнайы жылжымалы монша жасап шы­ғарған.

Шығармашылық фестиваль шеңбе­рін­де қала мен аудандардан келген қа­ты­с­у­шы­лар өз өнерлерін ортаға салды. Әуе­ле­те ән шырқап, мың бұрала билеп, кө­рер­мендердің қошеметіне бөленді. Вокал, хореография, көркемсөз, аспапты және деко­ративті-қолданбалы шы­ғар­­машылық аталымдар бойынша үз­дік­тер анықталды. «Қазақ зағиптар қоғамының» облыстық филиалы, есту ке­містігі бар балаларға арналған интернат үйі, Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығы, тірек-қимыл аппараты зақымданғандарға арналған интернат үйі, Тайынша әлеуметтік қызмет көрсету орталығының өнерлі ұжымдары дипломдармен, бағалы сый­лықтармен марапатталды.

Сөз арасында есту қабілеті нашар балалардан құралған «Sensitive» балдық би ансамблі кеш шырайын аша түскенін, олардың халықаралық байқауларда Гран-при ұтып алғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалар салған суреттер мен қолөнер туындылары көрмеге қойылды.

Шығармашылық фестиваль жас күй­шілерді де тоғыстырды. «Үкілі дом­бы­ра» са­йысы «Қазақ­станның халық ағарту ісінің үздігі», ардақты ұстаз, дәулескер күйші Серікбай Құ­са­йыновтың 80 жылдығына арналды. 16 мен 40 жас аралығындағы үміт­керлер байқау шарты бойынша Се­рік­бай Бәриұлының репертуарынан бір күй және атақты күйшілердің шығар­масын орындады. Бас жүлде Жамбыл ауданының намысын қорғаған Ерболат Серікбайға бұйырды.

 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ