Денсаулықты күтуге қатысты түсініктеріміз бен көзқарастарымызды түбегейлі өзгертетін кез келді. Бұрын халық көбінесе жұқпалы дерттерден мезгілсіз көз жұматын болса, қазіргінің адамы қимылдың аздығынан, күйзелістен, қан айналымының бұзылуынан, дұрыс тамақтанбаудан айықпас кеселдерге душар болады. Қымбат-қымбат дәрілер ішеді, бірақ құлан-таза жазылып кетпейді. Әйтеуір бір дерт өкшелеп қалмайды. Неге?
Осындай өзекті сауалдар төңірегінде «Аман-саулық» қоғамдық қоры БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Жиын денсаулыққа зиянды факторлардың «зияндылығын төмендету» қағидаттарына арналды.
Осы арада мына бір сәйкестікке мән берген жөн секілді. Осы баспасөз мәслихатынан бір күн бұрын ғана Алматыдағы академик Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының бастамасымен «Ерлер денсаулығы» бағдарламасына байланысты мәлімдеме жасалған.
Сол кезде де ер-азаматтардың денсаулығындағы кінәраттар мен әлсіздікке, белсіздікке бастайтын факторлар айтылған-ды. Онда да дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың аздығы, шылым тарту, спиртті ішімдіктерді шектен тыс пайдалану осы кеселдердің басты қоздырушысы екені сөз болды.
Бұл баспасөз мәслихатында сол айтылғандар айналып алдымыздан шығып, тұрғындардың денсаулыққа қатысты арыз-мұңдарымен жұмыс істейтін «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова мен Денсаулық сақтау министрінің кеңесшісі, профессор Мақсұт Құлжанов еліміздегі өлім-жітімнің негізгі себептерін алға тартты.
Б.Түменованың сөзіне сүйенсек, Қазақстанда аурулар екі үлкен санатқа – жұқпалы/паразитарлық аурулар және жұқпалы емес ауруларға бөлінеді де, жұқпалы емес кеселдердің пайда болуында сыртқы ортаның әсері үлкен рөл атқарады.
Қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық қызметтердің арқасында жұқпалы аурулардың саны айтарлықтай азайған. Керісінше алдыңғы сапқа жұқпалы емес аурулар шығып отыр. Бұл жоғарыда аталған жайттарға барып тіреледі. Дұрыс тамақтанбау, шылым шегу, ішімдікке салыну, саламатты өмір салтын ұстанбау сияқты адамның мінез-құлқыны тәуелді әрекеттердің салдарынан қан айналымы жүйесінің аурулары, қатерлі ісіктер, түрлі өскіндер, зақымдану, жазатайым оқиғалар мен уланулар, психикалық ауытқулар, қант диабеті, респираторлық дерттерге шалдығу өршіп келеді.
Нақты мәліметтерге көз салсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, жұқпалы емес аурулардан жыл сайын 38 миллион адам көз жұмады. Өлім-жітімге көбінесе жүрек-қан тамыры аурулары алып келеді. Одан 17,5 миллионнан астам адам мезгілсіз көз жұмады. Бұдан кейінгі кезекте онкологиялық аурулар – 8,2 миллион, респираторлық аурулар – 4 миллион және диабет – 1,5 миллион адамды жалмайды.
Тәуелсіздік бедерінде Қазақстан жалпы өлім-жітім көрсеткішін 6 пайызға төмендетуге қол жеткізсе де, жүрек-қан тамырлары ауруларынан – 22,3%, онкологиядан – 12,1% (жыл сайын 17 мың) адам көз жұмады. Жасына жетпей ажал құшқандардың 16,9 пайызын өкпе рагы, жарақаттар мен уланулар алып кетіп жатыр.
Қазір бұл мәселеге Денсаулық сақтау министрлігі ғана емес, қоғам мен үкіметтік емес ұйымдар да мүдделі әрі жауапты болғандықтан, аталмыш мәселелерді бақылап, үйлестіру мақсатында, Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан жұмыс тобы құрылды.
Өз кезегінде «Аман-саулық» қоры қоғамдық денсаулық мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестіруші болып тағайындалғаны белгілі. Қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерін реттеудің қосымша әдістерін енгізу мақсатында өткен «Адам денсаулығының тәуекел факторлары заманауи сын-тегеуріндер мен инновациялық шешімдер» атты II халықаралық конференцияда жұқпалы емес аурулардың алдын алу мен тәуекел факторларын басқарудың жүйелі тәсілі бойынша шараларды қабылдаған еді. Мұның қатарына денсаулыққа зиянды факторларды төмендету тұжырымдамасы жатады.
«Мәселен, шылым шегетін ересек адамдар шылымның денсаулыққа өте зиянды екенін біледі. Дегенмен, олар өз күшімен шылым шегуден бас тарта алмайды. Оларға құрамында никотині жоқ электронды сигареттер көмек бере алады. Ағзаға кәдімгі шылымдай зиянды емес әрі уақыт өте келе темекіні тастауға көмектеседі. Немесе есірткіге тәуелді жандарды алайық. Егер метадонмен баламалы терапияны қолданатын болсақ, науқастар қалыпты өмір сүріп, ем-домын да дер кезінде ала алады. Заңдар мен құрғақ тыйымдар бұл келеңсіздіктерді шешпейді.
Есірткі, ішімдік пен темекіні саналы түрде қолданатын адамдар әдетте зиянды әдеттерімен зорға қоштасады. Ал біз «зиянды төмендету» тәсілін пайдалана отырып, таңдау құқығына түсіністікпен қарап, зияны аз жолдарды қарастырамыз» дейді Б.Түменова.
Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар зияндылықты төмендету тұжырымдамасы қандай да бір адамның есірткіге немесе алкогольге тәуелді болу мәселелерін шеше алмайтынын, жеке құлық пен терапиялық араласу тұрғысында орын алатындығын айтады.
Журналистермен кездесуде тосын да қызықты деректер көп болды. Мысалы, дұрыс тамақтана білу мәдениетінің қалыптасуына келсек, Финляндия ауқымды ақпараттық, насихаттық шаралар жүргізе отырып, тұзды тамаққа қосуды үш есе азайту арқылы ғана халықтың денсаулығын жақсартуда айтарлықтай көрсеткіштерге жеткен. Сол сияқты брендтік дәрі-дәрмектердің жарнамасына ермеу, арзан да сапалысына қарай ойысу сөз болды.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ