• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 12 Қазан, 2017

Испания билігі Каталониядан тәуелсіздік декларациясы жөнінде түсінік беруді талап етті

541 рет
көрсетілді

Каталония басшылығы бірер күн бұрын тәуелсіздік жөнінде декларацияға қол қойып, тәуелсіздікті жариялауды кейінге шақырған болатын. Осыған байланысты Испания билігі Каталониядан түсінік беруді талап етті. Сонымен қатар конституцияның 155-бабын жүзеге асыру туралы ескертті. Бұл заң іске асса, Мадрид тарапы заңға бағынбаған автономиялық аймаққа толығымен билік ете алады.

Испанияның премьер-министрі Марино Рахой Каталония басшылығына 16 қазан күні сағат 10:00-ге дейін түсінік беруі жөнінде талап қойылғанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, Испания билігі келіссөздер жүргізуден бас тартып, 1 қазан күні тәуелсіздік алу жөнінде өткен референдумды сәтсіз деп таныды.

Айта кетейік, Каталония басшылары сейсенбі күні тәуелсіздік декларациясына қол қойған болатын. Бірақ орталық билікпен келіссөздер жүргізілгенге дейін уақытша тоқтатып қойды. Өз кезегінде Мадрид бұл декларациядан және келіссөздердің барлығынан бас тартты.

Тұрақтылық пен тыныштық

Мадрид тарапынан тыйым салынған референдумға 2,3 млн каталон тұрғыны қатысып, оның 90%-ы жеке мемлекет болуға дауыс берді. Каталония билігінің мәліметі бойынша халықтың 43%-ы референдумға қатысқан.

Алайда сол күні заңсыз референдумды болдырмас үшін полиция қызметкерлерінің шара қолданғаны белгілі. Қақтығыс салдарынан 900 тұрғын мен 33 полицей түрлі деңгейде жарақат алды.

Кейінірек Испания билігі Каталониядан мұндай шара қолданғаны үшін кешірім сұрады, дей тұра референдумды заңсыз өткізілді деп санап отыр.

«Жақында болған оқиғаны аяқтайтын кез жеткен секілді. Дәл қазіргі уақытта Каталонияға тұрақтылық пен тыныштықты тез арада орнату керек», деді Марино Рахой. Ол сондай-ақ, конституцияның 155-бабында көрсетілген автономиялық аймақтың  өзін өзі басқару жүйесін тоқтату туралы мәселені қозғады.

Сәрсенбі күні Марино Рахойдың жетекшілігімен жоспардан тыс Үкімет отырысы өтті. Мұнда алдағы уақытта қолданылатын шаралар жайы талқыланды. Сонымен қатар, парламентте сөйлеген сөзінде Рахой Испанияның 40 жылдық демократия тарихында ең қауіпті жағдайға тап болғанын мәлімдеді. Каталониядағы жағдай тұрақталмаса, арнайы шара қолданылатынын да ескертті.

Ары қарай не болмақ?

Испания премьер-министрі автономия басшысына декларацияның қабылданғаны туралы нақты жауап беруін талап еткен. Бірақ қанша күн берілгені белгісіз. Алайда саяси дереккөздердің мәліметі бойынша Каталония басшысы бес күн ішінде жауап беруі тиіс.

Ал сенатта халық партиясы конституцияның 155-бабын жедел жүзеге асыру туралы өтініш берген. Бұл заң Испания премьер-министріне автономиялық аймақтың өкілеттілігін тоқтатуға толықтай мүмкіндік береді. Мәліметтер бойынша бұл заң не бірден, не кезең кезеңімен жүзеге асырылуы мүмкін.

155-бап осыған дейін қолданылған емес. Сондықтан парламентте оны талқылау, жүзеге асыру жөнінде ортақ шешім қабылданбай отыр.

Егер Каталония президенті берілген мерзім ішінде жауабын бермесе Испания премьер-министрі 155-бапты қолдануы мүмкін. Егер мұндай жағдай бола қалса, автономия парламентіндегі егемендікті қолдайтын партиялар қарсы жауап ретінде тәуелсіздік декларациясын қабылдауы мүмкін.

Испания оппозициялық социалистік партиясының көшбасшысы Педро Санчез журналистерге тағы бір әңгіменің шетін шығарып қалды. Ол дағдарысты бірыңғайлау үшін аталған партия мен үкімет арасында конституциялық реформа өткізу жайы талқыланғанын мәлімдеді.

Егер бұл іс жүзеге асқан жағдайда Каталонияның бөлініп шығу мәселесі емес қайта Испанияның тұтастығы қарастырылатынын жеткізді.

Айта кетейік, сейсенбі күні Карлес Пучдемон Каталонияның тәуелсіздігі жөнінде декларацияға қол қойған болатын. Алайда Испаниядан еншісін алып шығу жөнінде Мадридпен арадағы келіссөздер реттелмейінше ресми түрде мәлімдеуді кейінге қалдырды.

Өз кезегінде Карлес Пудемон 1 қазанда өткен референдумның нәтижесінде халық тарапынан егемендік алу жөнінде мандат алғанын мәлімдеді.

«Аймақтағы миллиондаған тұрғын Каталонияның тәуелсіз мемлекет болғанын қолдайды», деді Пучдемон.

Осыған дейін Еуроодақтың екі ірі мемлекеті – Франция мен Германия Испанияның тұтастығын қолдайтынын және Каталонияның бір тараптан тәуелсіздік жариялауға қарсы екенін хабарлаған болатын.  

Дайындаған Аян ӘБДУӘЛИ, "Егемен Қазақстан"