Еуразиялық Топ (ERG) пен Қостанай облысы әкімдігі арасында жасалған әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыру туралы меморандум шеңберінде Октябрь кентінің жас тұрғындары, сондай-ақ осы кентте тұратын Еуразиялық Топ құрамындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалы – Краснооктябрь боксит кен басқармасы кеншілерінің балаларына жаңа ойын алаңы салынды. Жобаны іске асыруға 3 млн. теңге жұмсалды.
Кент саябағында әртүрлі спорт құрылғылары, әткеншектер, сырғанағы мен құмсалғышы бар заманауи балалар ойын алаңы орнатылды. 324 шаршы метрді алып жатқан жаңа ойын алаңы айналасы бірнеше күнде бой көтеріп, ескі саябақ жаңа реңде түрленіп кетті. Жаңа ойын алаңын жастар мен үлкендер көріп үлгерді.
«Балаларымыз үшін өте қуаныштымыз.Ел болашағы – бүгінгі бүлдіршіндерге арнап тамаша сый жасағандарға ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Ойын баласы таза ауада көбірек уақыт өткізері сөзсіз», деді кент тұрғыны Ольга Ракита.
Бұл – Еуразиялық Топтың «Туған жер – Родные города» бағдарламасы арқасында кентте пайда болған екінші ойын алаңы екенін айта кеткен абзал. Екі жыл бұрын Целинная көшесінде бірінші ойын алаңы орнатылған болатын. Ол жобаны іске асыруға 2,3 млн. теңге бөлінген еді.
Сонымен қатар, биыл меморандумға сәйкес бағдарлама аясында Лисаковск техникалық колледжіне арнайы жабдық - LCD панелі мен плоттері сатып алынды. Бұл кен басқармасы үшін мамандар даярлайтын қаладағы жалғыз арнайы орта оқу орны болып табылады. Оқу жылы басынан-ақ колледжге жеткізілген жабдықты педагогтар сынақтан өткізіп, сабақта пайдаланып жатыр.
Нәзира Жәрімбет
«Егемен Қазақстан»
Лисаков