2018 жылдың қаңтар айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауылдық жерге жолданатын жас мамандар бір реттік 1 миллион теңге көмек алатын болады.
Келісім бойынша ауылға жұмысқа баратын мамандарға кемінде бес жыл қызмет ету міндеттеледі. Бұған дейін ауылды елді мекендерге барған дәрігерлерге 100 мың теңгеден бір реттік көмек беріліп, үш жыл жұмыс істеу міндеттелетін. Бұл өзгерістер облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен және облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен ауылдардағы дәрігерлер тапшылығын төмендету мақсатында енгізіліп отыр.
– Облыс әкімінің бастамасымен ауылдық жерлерде жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі көтеріліп, барлық аудан мен қалалардың әкімдеріне тапсырма берілді. Келесі жылдан бастап дәрігерлер мен мұғалімдерге арналған 5-10 пәтерлі үйлер салына бастайды, – дейді басқарма басшысы Мұқан Егізбаев.
Осылайша Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауында еліміздің жас азаматтарына арнап айтылған үндеу жаңғыртыла, жаңа бастамалар қолға алынды. Елбасы Жолдауында жастарға «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар», деген болатын. Бүгінде ауылдық жерлерде дәрігерлер мен мұғалімдерге сұраныс бар. Ал бұл мәселені шешуде жас маманға жағдай жасау оң септігін тигізері анық.
Жалпы, үш миллионға жуық тұрғыны бар Оңтүстік Қазақстан облысында денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Мысалы, биыл салаға бөлінген қаржы көлемі 125 млрд 100 млн теңгеден асты. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар нәтижесінде өңір медицинасы дамып, жаңа технологиялар енгізілуде. Дәрігерлер білім-біліктілігін жетілдіре түсуде. Медицинасы озық елдерде тәжірибе жинақтаған оңтүстіктің хирург дәрігерлері Шымкентте бұрын-соңды болмаған күрделі оталарды сәтті жүзеге асыруда. Облыс, аудан орталықтарында ғана емес, өңірдің шалғай ауылдарында да медициналық қызметтің сапасы жақсарып келеді.
Жуырда Шымкентте өткен «Қазіргі заманғы травматология және ортопедияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция да сала жұмысын жақсарту мақсатындағы іс-шаралардың бірі. АҚШ, Германия, Ресей, Польша, Қырғызстан, Өзбекстан, Сербия секілді 10-нан астам елдің білікті ортопед, травматолог мамандарының қатысуымен өткен конференция шеңберінде ұйымдастырылған көрмеде заманауи медициналық жабдықтар мен бұйымдар өндіруші әлемнің жетекші фармацевтикалық компаниялары өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Төкежановпен бірге аралап көріп, әрбірінің жұмысымен жеке танысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев фармацевтикалық компанияларды облыстың индустриялық аймақтарында кәсіпорындарын ашуға шақырды. Ал Болат Төкежанов облыс дәрігерлерінің еңбегін жоғары бағалай келе, мемлекет-жекеменшік әріптестік негізінде республикада қолға алынған 14 келісімнің екеуі белсенділігі жоғары оңтүстікте жүзеге асып жатқанын атап өтті. Конференция шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен денсаулық сақтау басқармасы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты және Қазақстан травматолог-ортопедтері қауымдастығымен бірге облыстық клиникалық ауруханасы базасында өткізген дәрігерлердің екі күндік тәжірибе алмасуларында инновациялық технологияларды енгізу, жарақаттанудың алдын алу, медициналық көмек көрсету мәселелері талқыланды. Шеберлік сабақтар өткізіліп, тізе буынында аяқ сіңірі үзілген науқасқа күрделі операция жасалды.
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев таяудағы Оңтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс сапары барысында елімізде алғаш енгізіліп жатқан кешенді медициналық ақпараттық жүйе жұмысына қатысты өз ұсынысын білдірген еді. Бұл орайда, облыстың медициналық ұйымдарын кешенді медициналық ақпараттық жүйемен қамтамасыз ету мақсатында екі кезеңде жүзеге асырылатын іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері бірінші кезеңге сәйкес облыстың 36 амбулаториялық-емханалық ұйымында медициналық ақпараттық жүйе толық орнатылды. Екінші кезең бойынша жыл соңына дейін 68 медициналық ұйымда медициналық ақпараттық жүйе құру жұмыстары жүргізілмек. Осы істі жүзеге асыруға 8582 компьютерлік техника сатып алынған. 2018 жылдың қаңтарына дейін өңірдегі медициналық ұйымдар 100 пайыз компьютерленеді.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және жаңғырту мақсатында Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем стансасы сенімгерлік басқаруға шетелдік компанияға берілген. Оған қосымша 6 бекет ашылды. Түрік компаниясы тарапынан қазан айының соңына дейін жедел медициналық жәрдем үшін бірыңғай Call-орталығымен планшет арқылы байланыспен жабдықталған 74 «Мерседес» санитарлық автокөлігі жеткізіледі. Жедел жәрдем стансасының 1,5 мың қызметкері Еуропа үлгісінде оқытылмақ. Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысы демографиялық көрсеткіштері бойынша республика үшін жүйені құрушы, стратегиялық маңызды өңір.
Облыстың рейтингтік көрсеткіштері тұтас республиканың көрсеткіштерін айқындайды. Басқарма таратқан мәліметке сүйенсек, соңғы жылдарда халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 2010 жылғы 69,5-тен биыл 72,6-ға жеткен. Сондай-ақ «Жол картасы» шеңберінде облыста 5 негізгі әлеуметтік мәні бар жұқпалы емес аурулар – жіті миокард инфаркті, ми қан айналымының жіті бұзылысы (инсульт), қатерлі ісіктер, жарақаттар, ана мен бала денсаулығын қорғау қызметі бойынша аурушаңдық және өлім-жітім де республикалық көрсеткіштерден төмен.
Облыста аналар және нәрестелер өлім-жітімін төмендету мақсатында жүйелі шаралар қолданылып, балалар мен босанатын әйелдерге жәрдем беру қызметінде медициналық көмек көрсетудің біріктірілген үлгісі табысты енгізілді. Қолданылып жатқан шаралар нәтижесінде соңғы бірнеше жыл ішінде көрсеткіштердің тұрақты төмендеуіне қол жеткізілді. Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, облыста ана өлімінің көрсеткіші ағымдағы жылдың 8 айында 44 пайызға төмендеп, алғаш рет республикалық көрсеткіштен төмен болды. Нәрестелер өлімінің көрсеткіші соңғы 5 жыл ішінде айтарлықтай төмендеп келеді, 8 айдың қорытындысы бойынша 4 пайызға азайған.
Оңтүстік Қазақстан – бала туу көрсеткіші жоғары өңірлердің бірі екені мәлім. 2016 жылы республикада туған 403200 баланың 79160-ы Оңтүстік Қазақстанның тумасы. 2017 жылдың 8 айында 50627 сәби дүниеге келді. Оның ішінде 514-і егіз, 3-еуі үшем. Дегенмен облыста перинаталды орталықтар мен перзентханаларда босану төсек-орындарымен қамтамасыз ету республикада өте төмен – 19,9 пайыз.
– Бүгінгі таңда облыста 4 перинаталдық орталық жұмыс істейді. Сол төртеудің біреуі ғана типтік. Өңір кем дегенде тағы екі перинаталдық орталыққа мұқтаж. Оның біріншісі Сарыағаш қаласында орналасса, халқы ең тығыз орналасқан Мақтарал, Сарыағаш және Шардара аудандарының тұрғындарына қызмет етуге қолайлы. Екіншісі Елбасы тапсырмасымен еліміздің үшінші мегаполисіне айналатын Шымкент қаласында әйелдердің ана атануларына көмектеседі. Бүгінгі таңда халқының саны 885,8 мың адамды құрайтын облыс орталығындағы бір қалалық перзентхана бейімделген үй-жайда орналасқан.
Сарыағаш және Шымкент қалаларында перинаталды орталықтарды салуға жер телімдері бөлінді, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге конкурс жарияланды. Бұдан басқа облыс әкімдігі жаңа онкологиялық диспансер салуға жер телімін бөлді. Туберкулезге қарсы диспансерді қала шетіне шығару мәселесі шешілді. Оған да жер телімі бөлінді. Дегенмен облысқа қажетті аталған нысандарды салу үшін қаражат бөлу мәселесі Үкімет деңгейінде шешуді талап етеді, – дейді облыстың бас дәрігері.
Мемлекет-жекеменшік әріптестігі шеңберінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету үшін Шымкент қаласында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхана салынып жатыр. Тағы 3 қалалық емхана құрылысы кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 34 нысанның, оның ішінде облыс тарихында алғашқы рет бір кезеңде Кентау қаласында, Сайрам ауданындағы Ақсукент ауылында, Мақтарал ауданының орталығы Жетісай қаласында және Мырзакент елді мекенінде 4 ірі емхананың құрылысы жүргізіліп жатыр.
– Бұдан бөлек, облыста 87 медициналық пункт жетіспейді. Қажеттілікті өтеу үшін құрамалы модульдік медициналық пункттерді сатып алу бойынша жоба іске қосылды. Облыстық әкімдіктің келісімімен биыл мұндай медициналық пункттің 20-сын, келесі жылы 67-сін орнатпақпыз. Мұның басты артықшылығы бұрынғы медпункттердің біреуінің құны 55-60 миллион теңге болса, бұл екі есе арзан. Аумағы – 125 шаршы метр. Бұрын медпунктті салу үшін екі жыл уақыт кететін. Бірінші жылы жобалық-сметалық құжаттар әзірлейді. Екінші жылы салады. Ал мұны екі айда орнатып қоямыз. Келесі жылы осы 87 медпунктті орнатып, қысқа мерзімде облыстағы қажеттілікті 100 пайыз өтейтін боламыз, – дейді М.Егізбаев.
Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысында тұрғындарға медициналық көмек көрсетумен 104 медициналық ұйым айналысады. Оның 38-і емхана, 49-ы аурухана. Мемлекеттік пен жекеменшігін қосқанда барлығы 48 емханалық ұйымға 2823297 адам тіркелген. Өңірдегі медициналық ұйымдарды жергілікті бюджет қаражаты есебінен материалдық-техникалық жабдықтауға кететін шығыстар биыл 3,5 есе ұлғайып, 5,9 млрд теңгеге жетті. Медициналық ұйымдардың жабдықталуы орташа республикалық көрсеткішке – 65,5 пайызға жеткізілді. Облыстың санитарлық авиация қызметі үшін навигациялық жүйемен және жаңа құралдармен жабдықталған 4 реаномобиль сатып алынған.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»