Түркияда жалауы желбіреген дәстүрлі «Түркия туры-2017» веложарысының екінші кезеңінде «Астана» командасының велошабандозы Риккардо Минали үздік үштіктің қатарынан көрінді.
Велокөпкүндіктің екінші күні спортшылар Кумлуджа-Фетхие аралығындағы 206 шақырым тасжолмен жүріп өтті. Кумлуджа қаласынан шыққан спортшылар тобы мәреге таяғанға дейін топ болып келді. Ал соңғы 20 шақырымда велоспортшылар жеке-дара көш бастауға тырысып, әлсін-әлсін шабуылға шыққан болатын. Бірақ ұмтылыстары сәтті бола қоймады. 206 шақырымды екі сағат, екі минут, бес секундта жүріп өткен «Бора Хэнгсгрох» командасының өкілі Сэм Беннет екінші кезеңде де топ жарды. Мәре сызығын екінші болып «Трек-Сегфредо» велошабандозы Эдвард Тенс кесті. Ал «Астана» велоклубының өкілі Риккардо Минали үздік үштікті қорытындылады. Бір айта кетерлігі, үш велошабандоздың да екінші кезеңде мәреге келген уақыт көрсеткіші бірдей болды.
«Түркия турына» қатысып жатқан «Астана» командасы екінші кезеңнен кейін жеті велошабандозбен қалды. Кешегі жарыс күнінде Сергей Чернецкий ауыр жарақат алып, кезең соңына дейін жете алмады. Ал бұған дейін үлкен қақтығыс ортасында қалып қойған Иеспер Хансен жарақаттан аман шығып, сәттілік жолдас болғанын айтады. «Кеше ауыр жарақат алып қалатындай жағдай болды. Бірнеше шабандоз үлкен жылдамдықта келе жатып, бір-бірімізге соқтығыстық. Мұндай оқиғадан жарақатсыз шығу мүмкін емес еді. Алайда менің жолым болды. Енді бар күшімді команданың жеңісі үшін салатын боламын», дейді Хансен.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»