«Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының конференц- залында Қазақстанның Ауған соғысы ардагерлері ұйымдары «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының 5-ші сьезі жұмысын аяқтады
Партиялық немесе қоғамдық ұйымдарда өтетін кәдуілгі сьезден бұл жиынның басты айырмашылғы сол, бас баяндамашы – Қауымдастық төрағалығына алдыңғы күні көпшілік дауыспен қайта сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл өз сөзін зал толы қауымға рух беретін жалынды жырымен бастады.
Армысыңдар бауырлар!
Сендер , сендер отан үшін оққа тостың кеудеңді,
Өрлігіңді, ерлігіңді ел көрді.
Бірге аттанған бауырларың жер жастанды, жерленді
Жебейді олар әруағымен сендерді...
Бұдан 40 жыл бұрын болған қырғынды еске салған өлең жолдары сьезд делегаттарын – ауған соғысының майдангерлерін орындарынан тік тұрғызды. Бір минуттық үнсіздік сәтінде азаматтар кешегі қан майданда жат елде жан тапсырған боздақтарды еске алды. Ауған жерінде шейіт болған қазақстандықтардың саны сол кездегі есепке алынған 761-мен шектелмепті. Бейбіт заманның өзінде қан соғыстан зардап шеккендердің дүниеден өткендерімен бүгінгі таңда 920-ға жетіпті!
Соғыс ардагерлері сьезінің Қазақстанның Тұңғыш Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында өтуі де жайдан-жай емес. Бүгінде жалпы ұлттық жобаға айналған бағдарламада тарихымыз тереңде жатқан рухы мықты халық екеніміз еске алынып, ел болашағы жастарды ұлттық патриотизмге лайықты тәрбиелеудің айшықты жолдары анық көрсетілген. Сондықтан да «Рухани жаңғырудың» әрбір тармағын басшылыққа алып сөз сөйлеген шешендер – Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің, сондай-ақ басқа да көптеген мемлекеттік құзырлы мекемелер мен ведомстволардың өкілдері, алматылық «Нұр Отан» партиясының мүшелері өмір мектебінің ұстаздары – ауғандық соғыстың ардагерлерінің ерлік істеріне тағзым етіп, олардың жастардың патриоттық тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып келетіні туралы келелі пікірлерін ортаға салды. Баршаның ой-тілектері бір жерге тоғысып, қазақстандық «ауғандықтардың» алдағы істеріне табыс тіледі.
Сьезд делегаты, ауған соғысының тарихына ерлігі өшпестей етіп жазылған атақты «қара майор» – Борис Керімбаев жауынгерлерін майдан шебіне алып кіргенде 32 жаста екен.
–Содан бері арада 40 жыл өтіпті, – деді қарлығыңқы дауыспен сөз бастаған командир. –Кешегі 17-18 жасында қан кешкен жауынгер бүгінгі жастарға басынан кешкенін боямасыз айтып берсе жетіп жатыр, әскери-патриотизм деген сол емес пе?! Майдангер естелігінің мәні де, қуаты да сонда. Өкінішке орай, ол дәстүр ұмытылып барады... Үкімет тарапынан әлеуметтік қолдау бар. Менің зейнетақым өзімнің дәрі-дәрмегіме жетеді. Ауылдағы майдангерлерге ше? Олардың зейнетақысы менікіндей емес, мүлдем аз. Кейде көңілім алаң болып, хал-жағдайларын сұрайтыным бар, сондағы еститінім: «Аға, қайдағы дағдарысты айтып тұрсыз, –деп бәрі таңданады. –Ұн бар – нан пісіреміз, қой бар – ет жайміз» дейді. Солардың көбісі өзіне тиісті әлеуметтік жеңілдіктерді де алмайды. Сьезд делегаттарына құлаққағыс, ауылдағы «ауғандықтар» ұмыт қалмасын!
Қауымдастық төрағасы Бақытбек Смағұл Қазақстанның әр бұрышынан ат арылтып жиынға әдейі келген делегаттарға, бірқатар құрметті қонақтарға Алғыс хаттар мен Марапаттаулар тапсырды. Мәртебелі жиын үстінде Қазақстанның қас батыры, бар болмысымен ұлттық патриотизмнің нағыз үлгісі атанған Бауыржан Момышұлының да есімі аталмай қалмады. Ел газеті «Егемен Қазақстанның» қазақстандық «ауғандықтарды» ақпараттық қолдау көрсетіп келетініне үлкен ризашылық сезімін білдірген төраға – Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл «Газет ұжымының басшысы Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов ағамызбен бірлесіп біздің рухани көсеміміз – қазақ халқының біртуар ұлы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 30 томдығын шығаруға тікелей ат салысты. Біз мұны ешуақытта ұмытпаймыз. Сол себепті де, Дархан Қыдырәліні барша «ауғандықтар» атынан «Бауыржан Момышұлы» Намыс төс белгісімен марапаттаймыз» деді.
Делегаттар биік мінберден айтылған әрбір сөзге ду қол шапалақтап құрмет көрсетті. Сьезде қазақстандық барлық «ауғандық» «Рухани жаңғыру» аясында еліміздің гүлденуі үшін, жасөспірімдерді Отандық патриотизмге тәрбилеуге аянбай атсалыса беретіні туралы айтып, соған орай тиісті қарар қабылдады.
Игілікті шара алматылық өнер шеберлерінің концертіне ұласты.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ
АЛМАТЫ.