Кемел құрылымымен, кең диапазон, күрделі ырғақ-иірімдерімен ерекшеленетін Жетісу ән мектебіндегі топжарған тұлғалардың бірі де бірегейі – Дәурен сал Құдабайұлы.
Сал-сері деп әдетте бір басына бірнеше өнер қонған адамды айтады. Жетісудағы әншілік музыка мектебінің бастауы, жүзден астам әннің авторы, ақын, 25 жасында сал атанған Дәурен сал Құдабайұлының есімі досы Сүйінбай Аронұлы секілді ел ішіне ерте тараған. Нағыз сал мен серінің мінезі туабітті қонақтаған Құдабайдың баласы күнделікті тіршілікке мән бермей, шаруаға қырсыз болып, әуелетіп ән салуды ғана әдет етіп Алатаудан Балқашқа, Шымбастан Күнгеске дейін аты аңыз болып тарағанда жасы әлі отызға ілінбеген де екен. «Өзі Іленің арғы жағына өткенде белбеуінің бір ұшы өзеннің бергі жағында жатады-мыс» деген сөз осы Дәурен салға байланысты айтылған. Композитордың даңқы қазақ-қырғыз арасына бірдей тарап, қырғыз музыкасына да біраз ықпалын жасаған. Дәстүрлі әннің дарынды өкілі, ән серкесі Дәурен салдың өмірін қысқаша қайырғанда, осылай сипаттауға болады.
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Үлкен залында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Композиторлар қауымдастығы Жетісу композиторлық мектебінің негізін қалаушы Дәурен сал Құдабайұлының 200 жылдық мерейтойына орай концерт ұйымдастырып, өнерсүйер қауымға жан тебірентерлік әсерлі кеш сыйлады. Концертті кіріспе сөзімен ашқан Қазақстан Композиторлар қауымдастығының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Балнұр Қыдырбек өзі басқарып отырған қауымдастықтың жұмысы мен Дәурен салдың шығармашылығына кәсіби таныммен талдау жасап, оның әндерінің ерекшелігіне кеңінен тоқталып өтті. «Аты аңызға айналған Қазақ елінің біртуар перзенті, композитор, ақын Дәурен сал Құдабайұлын пір тұтып, сөнбейтін киелі рухына тағзым еткен осы концертті Қазақстан Композиторлар қауымдастығының қиындықтарға қажымай, талмай 20 жыл істеген жұмысының нәтижесі деп біліңіздер. Тыңдауға ұсынылған шығармалар симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен латын әліпбиінде жазылған әндер әлем әншілерінің орындауында шартарапқа тарайтыны хақ», деді Балнұр Балғабекқызы.
Сал шығармашылығына арналған концертте орындалған әндерді дирижер Мүсілім Әмзенің дирижерлігімен Мемлекеттік симфониялық оркестр сүйемелдеп, композитордың ескі әндері сахнадан жаңаша сәуле шашты. В.Стригоцкий-Пак өңдеген Дәурен салдың әні «Алматы, туған жерім» әнімен ашылып, әрі қарай Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі опера әншісі Талғат Күзембайдың орындауындағы «Жігіттің нар жолдасы», Ж.Аманова нақышына келтіре шырқаған «Үш шоқының аяғы құм болады», «Екі-ай, бек» әндері халық алдында оркестрмен алғаш рет орындалып жатса да, салдың шығармасының сыны бұзылмағанын оның бірден жүректі баурап алғанынан бағамдадық.
Концертте Дәурен Құдабайұлының әндері мазмұны мен тақырыбына қарай өрбітіліп отырды. Себебі композитордың әндері бірнеше топқа бөлінеді. Жастық шақтан басталған лирикалары кейінгі жылдарда терең философиялық дүниелермен толығады. Бұл концерттің ең үлкен ерекшелігі, кеш жүргізушісі кезекті әншіні сахнаға шақырмас бұрын орындалатын әннің тарихымен қысқаша таныстырып отырды. Дәурен Құдабайұлының ғашықтық туралы әндерінің көпшілігі композитордың өмірлік махаббаты, жалайыр елінің қызы Нұрқаға арналған. Екі ғашық қол ұстасып, қашуға бел буады. Көктемде тасып жатқан Іле өзенінен өте алмай, мінген екі ат та, қыз да суға кетеді. Жалайыр елі Дәуренді ұстап алып, өлтіруге ұйғарады. Салдың немере бауыры Тайбағар Тұрпанұлы 300 байтал айып төлеп, оны қамалып жатқан жерінен шығарып алады. Бірақ бұл оқиға салдың бүкіл өміріне ұмытылмас дақ салды. Дәурен салдың өмірден бойдақ өтуіне де осы жағдай себеп болады. Тар жерде таяныш, жіңішке жерде сүйеу болған Тайбағар Тұрпанұлы қайтыс болғанда Дәурен сал еңіреп келіп «Көкем» деген ән жазған.
Туған жерге деген ыстық сезімге толы, жазғы күн, көк жайлауды аңсаған «Сары жазық, біздің жайлау-ай», Алматы, Талғар, Найзағара шыңдары суреттелген «Алматы, туған жерім», сондай-ақ Балнұр Қыдырбек өңдеген «Замандас», «Сары бидай» әндерінің тарихы да сал өмірінің әр сәтінен сыр шертеді. Мәселен, «Заман-ай» әні қоғам мен жеке тұлға өміріндегі арпалыс, екеуінің де түбі өтпелі болары туралы ойды толғайды.
Сондай-ақ бұл кеште тек Дәурен салдың ғана емес, онымен бір кезеңде өмір сүріп, Жетісу әндерін биік өреге бірге көтерген замандастарының да әндері орындалды. Балнұр Қыдырбек өңдеген Иса Тергеусізовтің «Жетісу, туған жерім» әні, А.Тоқсанбаевтың өңдеуіндегі Кенен Әзірбаевтың «Мен сүйемін халқымды», Пышан Жәлмендеұлының «Жеңешеме», Тәбия Қаражанованың «Бүлдірген» әндері де орындалды. Абай атындағы Опера және балет театры мен «Астана Опера» театрының күміс көмей белді әншілері Г.Сапақова, Ж.Аманова, Д.Жолдыбаев халық композиторларына айналған ән әлеміндегі ең жарқын тұлғалардың нәзік лиризм мен шалқыған кең тынысты әндерін заманауи орындауда арқауын үзбей әдемі жеткізді. Киелі сахнаны тамылжыған әнмен тербеген керемет кештің соңы Б.Қыдырбектің «Реквиеміне» ұласып, Жетісу сал-серілік дәстүрін көркейткен көрнекті тұлғаға тағзым жасап, ән өнеріндегі бабаны бебеулеп іздегендей сағыныш сазымен түйінделді.
Сырттай қарағанда, сері мен салдың өмірі сұлу көрінеді. Бірақ жайнаңдаған жігіт құрған думаны мол дәуреннің артында айналасы аңдамай өткен мұң, тіпті кейде қатпары мол қасірет жатады. Дәурен сал Құдабайұлының шығармашылығына арналған кештен алыс-жақыннан ат арытып келген әр тыңдаушы ән өнерінің тарихынан сабақ тыңдап, салдың басындағы сан қилы тағдырға қанығып, ол баптаған өнердің көмбесіне кезігіп, көркем де келісті тұлғасын жете танығандай желпініп те, серпіліп те шықты.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ