Ақтау қаласында «Қазақ әліпбиін латын әріптерімен таңбалаудағы ерекшеліктер» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Республика бойынша алғашқылардың бірі болып ұйымдастырылған жиынға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, Ұлттық комиссия төрағасы Ерден Қажыбек және тіл тізгінін ұстаған білікті мамандар мен жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиынға қатысушылар күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсынылған латын әліпбиінің жаңа нұсқасын кеңінен талқылап, жобаға қатысты өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар Түркия, Әзербайжаннан арнайы шақырылған ғалымдар латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары мен тиімді тұстарына тоқталып, тәжірибелерімен бөлісті. Себебі аталмыш қос мемлекет түркітілдес елдер арасында алғашқы болып қаріп ауыстырғандардың қатарында. Сондай-ақ алқалы жиында филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринова «Жаңа қазақ әліпбиі – ұлттық стратегиялық мақсат» атты ғылыми баяндама жасады. Шараның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшу мәселесін кеңінен насихаттау, оның маңыздылығын жеткізу, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру.
Конференцияда сөз алған Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов: «Латын әліпбиіне көшу – мемлекеттік маңызды іс, ұлттық мүддеге арналған бағдарлама. Негізгі меже – Мәңгілік ел. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында «... Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік Тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», деп айтқандай, әліпбиді өзгерту Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі үшін қажет. Көздеген мақсатқа жетудің жолы – осы», деді.
«Егемен-ақпарат»