Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысының Исатай ауданындағы Каспий құбыр консорциумының Шығыс аймағындағы А-НПС-3А жаңа мұнай айдау стансасын салтанатты іске қосу рәсіміне қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Салтанатты рәсімге Каспий Құбыр консорциумының Бас директоры Н.Горбань, Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, акционер-компаниялардың өкілдері қатысты.
Ғ.Дүйсенбаев стансаны қосу салтанатының алдында Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевтың құттықтауын оқыды.
А-НПС-3А қосу арқылы Ресей мен Қазақстанның, сондай-ақ жетекші мұнай өндіруші компаниялардың қатысуымен мұнай тасымалдауға арналған ірі халықаралық инвестициялық жоба – Қазақстан аумағында Каспий құбыр консорциумының кеңейту жобасын жүзеге асыру аяқталды.
Қазақстаннан экспортталатын мұнайдың үштен екіден астамы тасымалданатын Теңіз-Новороссийск құбырының ұзындығы 1511 шақырымды құрайды.