Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған қазақстандық парламентшілер делегациясы Санкт-Петербургтегі Парламентаралық Одақтың 137-ші Ассамблеясына қатысты, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Биылғы жылы бүкіл әлемнен келген парламентшілердің басқосуы Парламентаралық Одақ тарихындағы аса ірі шаралардың біріне айналды. Бейбіт сұхбатты ілгерілетуге бағытталған күш-жігерді біріктіру үшін форумға 100-ге жуық шетелдік парламент төрағалары мен әлемнің 160 елінен делегациялар жиналды.
Басты талқыланған мәселелер қатарында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, лаңкестікке қарсы күрес, тұрақты жаһандық даму, әйелдер мен жастардың саясат пен экономикадағы рөлі туралы болды.
Парламентаралық Одақтың 137-ші Ассамблеясын Ресей Президенті Владимир Путин ашты.
Ресей мемлекетінің басшысы елдер арасындағы сенімді нығайтуға, халықаралық және аймақтық күрделі проблемаларға ымыралы шешімдерді табуға көмектесетін қазіргі заманғы жағдайларда парламентаралық дипломатияның маңыздылығын атап өтті.
Соның ішінде терроризммен күресте күш біріктіруге, Сириядағы жағдайды тұрақтандыруға ерекше назар аударылды. Таяуда Қазақстанда Астана қаласындағы келіссөзде Ресей, Иран, Түркия сынды кепіл-мемлекеттердің қатысуымен және басқа да көптеген мемлекеттердің қолдауымен қол жеткізген Сириядағы де-эскалациялық төрт аймақ туралы келісімдер жасалған болатын. Бұл келісімдер БҰҰ-ның қарарын орындауға және алға жылжытуға жағдай жасайтыны туралы Владимир Путин айтып өтті.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жалпы пікірталаста сөйлеген сөзінде ғаламдық және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін шешу бағытындағы Қазақстан тәжірибесіне және Елбасының маңызды бастамаларына тоқталды.
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында Біріккен Ұлттар Ұйымы ұранымен терроризмге қарсы ғаламдық коалицияны құруға бағытталған халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бірқатар бастамалар ұсынды. Біз Парламентаралық Одаққа мүше-мемлекеттер парламентіндегі әріптестерімізді Қазақстан Президентінің Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында «Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу жөніндегі мінез-құлық кодексін» әзірлеу және қабылдау туралы бастамасын қолдауға шақырамыз.
Бұл ХХІ ғасырдың ең қауіпті қатерлерінің бірі – терроризмге қарсы күресте әлемдік парламентаралық қауымдастықтың салмақты үлесі болады деп сенемін, – деді Н.Нығматулин.
Сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы Қазақстанда қалыптасқан және табысты дамып келе жатқан конфессияаралық және этносаралық үнқатысудың бірегей моделі туралы әңгімеледі.
Қазақстанның этностық топтарының мәдениеті мен тілдерін дамытуға, ұлтаралық келісімнің тиімді институттарын қалыптастыруға, сондай-ақ дінаралық диалогқа бағытталған мақсатты мемлекеттік саясатты да атап өтті.
Мәжіліс Төрағасы еліміздегі этносаралық қатынастарды үйлестірудің бірегей институтына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы айта келе, Ассамблеяның БҰҰ, ЮНЕСКО және ЕҚЫҰ-да алған жоғары бағасын атап өтті.
Мәжіліс Төрағасы жаһандану жағдайында және мәдениетаралық қарым-қатынастарда ұлттық мәдениеттерді сақтау саласындағы еліміздің жетістіктері туралы, сондай-ақ Парламентаралық Одақтың басқа да мүше мемлекеттерінің осы саладағы оң тәжірибесін атап өтті.
Парламентаралық Одақ – 1889 жылы құрылған ең көне халықаралық парламенттік ұйым болып табылады. Бүгінгі күні парламентшілер 173 ел мен 11 парламентаралық ұйымдарды біріктіреді. Өз даму тарихында ПАО парламентаризмнің дамуына, адам құқықтарын сақтауға, халықаралық бейбітшілікті орнатуға және халықаралық қауіпсіздікті сақтауға ықпал етеді.
Санкт-Петербургтегі 137-ші Ассамблея барысында Парламентаралық Одақтың алты геосаяси топтарының отырыстары өтті.
Парламентаралық Одақтың 137-ші Ассамблеясының негізгі оқиғаларының бірі «Демократия туралы жалпыға ортақ декларациясының 20 жылдығы: біздің алуан түрлілігіміздің ортақтығы» туралы қарары болды.