• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 16 Қазан, 2017

Мәжіліс Төрағасының жетекшілігімен палатаның жалпы отырысы өтті

267 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен палатаның жуырда болған жалпы отырысында кейбір заңнамалық актілерге бюджет заңнамасын жетілдіру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралғанын бұрын хабардар еткенбіз.  

 

Онда Ұлттық экономика ми­нистрі (ҰЭМ) Тимур Сүлей­менов баяндама жасап, заң жобасы заңнамаларға негізінен бірнеше бағыт бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізетінін айт­ты. Соның ішінде, біріншіден, стра­тегиялық жоспарлар әзірлемейтін мемлекеттік органдардың бюд­жеттік бағдарламасын бекіту ҰЭМ-нің келісімінсіз жүргізі­ле­ді; Мемлекеттік органдар бюджет­тік бағдарламаларына бөлінген қаражаттың ішкі бөлінісін ҰЭМ және Қаржы министрлігімен келіс­пей, өз еркімен жасай ала­ды және т.б. Осындайлардың арқа­­­­с­ында орталық және жергі­лікті деңгейде 1,5 мың құжатты қыс­қартуға болады деді министр. 

Екіншіден, бағдарламаларды іске асырудағы дербестікті арт­тыру үшін бюджетті нақтыла­май-ақ, Үкіметтің қаулысымен бағ­­дар­ламалар арасындағы қара­жатты қайта бөлуге рұқсат ете­ді; Жал­пы сипаттағы транс­ферт­­тер шең­берінде ең төменгі қар­жы­ландыру көлемін жергі­лікті атқарушы ор­ган­дар­дың қай­та бөлуіне болады. 

Үшіншіден, мемлекет-жеке­мен­шік әріптестік жобаларын жоспарлау процестерін 5-тен 3-ке қыс­қартуды, сондай-ақ осы жоба­ларды әзірлеу мерзімдерін 7-ден 3 айға дейін қысқартуды қамтыған. 

Айта кететін жайт, заң жобасы айыппұлдарды болжауға тыйым салуды да қарастырған. 

Ұсынылған түзетулері бюд­жет қаражатының экономикаға неғұр­лым жылдам жетуін, игеріл­мейтін сомалардың азаюын, бюд­жет процесінің жеңіл болуын жә­не т.б. қарастырған заң жоба­сын де­пу­таттар қызу қолдай оты­­рып, бір­қатар өткір сұрақтар да берді. 

Депутат Жексенбай Дүйсе­баев бюджеттік бағдарлама­ның орындалуына бағдарлама әкім­шілігінің бірінші басшысы тіке­лей жауапкер деген Прези­дент­тің талабы заң жобасында неге нақты көрсетілмеген, мұнда тек «министрлік тағайындаған бағдарлама басшысы жауап береді» делінген. Осыны қалай түсінуге болады? – деп сұрады. Бұған министр Т.Сүлейменов көп сөзбен жауап беріп, жауап­кершіліктің жалпылай бола­тынын айтты. Бұл жауап палата Төрағасы Н.Нығматулинді де қа­на­ғаттандырмады. «Жалпы­лай жауапкершілік – жаппай жауапсыздық» деген емес пе? Сіздер бағдарламаның орын­далуына бірінші басшы жауап береді деген сөзді жазбай, жауап­кершілікті бюджеттік бағдар­ламаның жетекшісіне іліп қой­ғансыздар, ал ол бар-жоғы де­партамент немесе басқар­ма бастығы ғана. Заң бо­йын­ша бағ­­дарламаның орын­далуына бірінші басшы тікелей жауап­ты болуы керек еді ғой», деп ол министрдің «жалпы жауап­кер­­ші­лік» деген сөзіне қана­ғат­тан­­бады. Пікірсайыстың қоры­­тын­­ды­сында министр заң жо­ба­сын екін­ші оқылымға әкелгенде «жауап­кершілік тікелей бірінші басшының мойнында болады» деген сөзді заң жобасын әзірлеу­шілер­мен келісіп, енгізетін болды. 

Палата спикерінің пікір­­са­йы­сқа араласып, орынды сұ­рақ­тар бергені депутаттарды бел­­сен­ділікке қамшылағандай бол­ды. Осыдан кейін депутат­тар да өздерінің қойған сұрақ­тарына нақты жауап талап ете бастады. Мысалы, депутат Алек­сандр Суслов отырысқа қаты­сып отырған Қаржы министрі­нің орынбасары Берік Шолпан­құловқа «2018 жылы ауылдық округтердің бюджеті бола ма, жоқ па, соған нақты жауап бері­ңізші?», деді. Оған Б.Шолпан­құлов ауыл тұрғындары бюд­жетті жос­парлауға қатысады, ұсы­ныс­тарын айтатын болады, сөйтіп бюджетті әзірлеу процесін жүйелендіреміз деген сияқты жалтарма жауап бере бастаған еді, Н.Нығматулин тағы да сұрақ беріп, «2018 жылы ауылдықтар өз бюджеттеріне қол жеткізе ме, жоқ па, нақты айтыңыз», деді. Қаржы ми­нистрінің орынбасары тағы да тура жауап бермей, «2018 жылы болады?» деп жақаурата бастап еді, Нұрлан Зайроллаұлы «2018 жылдың 12 айының қайсында болады?», деп сұрағын нақтылай түсті. Шегінетін жері қалмаған Б.Шолпанқұлов «2018 жылдың 1 ақпанынан ауылдық округтердің бюджеті болады», деген жауапқа тоқталды. Вице-министр өз жауабына сенімсіздеу болса да Мәжіліс Төрағасы оны сөзінен ұстап, 2018 жылы ауылдықтар көп жылдан бергі армандары – өз бюджетіне қол жеткізетін болады екен деп ашық жариялады.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»