Торғайдағы Оспан қожа мешітінің 25 жылдығына келген құрметті қонақтар жаркөлдіктердің қуанышына ортақтасып, жылы лебізін білдірді. Қостанайдағы мешіттің бас имамы Бақытбек қажы Нұрғабылұлы жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады. Айтыскер ақын Мұхтар Ниязов арнауын айтты. Ауылдағы іскер азаматтар бой көтерген жаңа имандылық үйінің құрметіне ас берді. Астың соңы елге танымал ақындардың айтысына, сондай-ақ Біржан Жүзбай бастап келген өнарпаздардың əн-күйіне ұласты.
«Ауылда имандылық үйінің қажет екенін уақыт көрсетті. Ауыл шағын болса да, рухани азық керек, ол адамның аз-көптігіне қарамайды. Мешіттің ашылуына бір қуанған ауыл адамдары, айтысты тыңдап тағы желпініп қалды», дейді ақын Абылай Мауданов.
Бақытбек қажы Нұрғабылұлы мешіт құрылысының басы-қасында жүрген Бақыт Қабдырашты алғыс хатпен марапаттап, ауыл жастары шапан жапты. Бұл жастардың ұйымшылдығы, ауылдастардың ауызбірлігі арқасында іске асқан ізгілік болды.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай