• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Қазан, 2017

Латын әліпбиі Қазақстанның қарыштап дамуы үшін қажет

1402 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сәуір айының басында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты (Еге­мен Қазақстан, 12.04.2017) ма­қаласында «қазақ тілін бір­тіндеп латын әліпбиіне кө­шіру жұмыстарын бастауымыз керек. 

Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. 2017 жыл­дың аяғына дейін ғалым­дар­дың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа гра­фи­ка­дағы бірыңғай стандартты нұс­қасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліп­биді үйрететін мамандарды және орта мек­тептерге арналған оқу­лық­тар­ды дайындауға кірісуі­міз қа­жет. Алдағы 2 жылда ұйым­дас­ты­ру және әдістемелік жұмыс­тар жүр­гізілуге тиіс» деп, тарихына да шолу жасап, нақты көшу межесін де көрсетіп берген болатын.

Негізінен елімізде жаңа қазақ әліпбиіне көшу мәселесі 1990 жылдан басталғанымен, жаппай қо­ғамдық тұрғыда белең алуы, ол – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұлу жылғы Тәуелсіздік күнімізге орай (14.12.12) «Қазақстан-2050 Стратегиясы қалыптасқан мем­ле­кеттің жаңа саяси бағыты» ат­ты Жолдауынан кейін десек орын­ды шығар. Шыны керек, әлем­дік дағдарыс пен бақталастық саясаттың өршіп тұрған кезінде және жас тәуелсіз мемлекетіміздің алдында талай қыруар істері тұрғанда «жаңа қазақ жазуына қолымыз жетпей қала ма, саяси тұрғыдан қолдау таппаймыз-ау» деп жүрген қайраткерлеріміздің Елбасы міндеттеген тапсырма­сынан кейін, білек сыбана кірісіп, ке­лешек Қазақ елі үшін өте ма­ңызды іс екендігін сан мәрте бас­па беттеріне жазып та, арнайы телеарналардан айтып та, түсіндіріп те келеді.

Латын жазуына көшу керек дегеннен бері барлық жобалармен танысып, әртүрлі ғылыми, қоғамдық жиылыстарда атсалысып, латынға көшуіміздің қа­жеттілігі мен маңыздылығын бір адамдай айтып, басты себептерін түсіндіріп келемін. Жинақтап бергенде мынадай:

- Еліміздің әлемдегі даму са­ты­­сындағы беделді орны (30 дамыған ел);

- Кеңес дәуірінде қалып­тас­тыр­ған басы артық әріптерден құ­­тылу және емле-ережелерімізді қалпына келтіру;

- Елбасымыздың жол­дау­ын­дағы «үш тұғырлы» тіл мәселесін іске асыру;

- Мемлекеттік тіліміздің ха­лықаралық сипат алу;

- Түбі бір түркі елдерімен туыс­тық қарым-қатынасты ны­ғай­ту;

- Инновациялық техникалық құралдардың тілін меңгеру;

- Қазақ елінің Мәңгілік Ел идея­сындағы ел бірлігі мен ынты­мағы үшін.

Қазіргі уақытта техниканың тілі дамыған заман екенін бі­ле­міз. Әсіресе латын жазуына кө­шуге жастардың құлшынысы басым. Студенттер арасында өткізілген сұхбатта, жастар дайын екен­дігін сеніммен айтып отыр. Студенттерді былай қойғанда, мек­теп оқушыларының пікірлері де латын әліпбиіне көшуді қол­дайды. Яғни, келешек ұрпақ үшін латын әліпбиін меңгеру қиын­дыққа соқпайтыны анық. Бұл – қо­ғамдағы үлкен факторлардың бірі. Келесі фактордың бірі, ол – ғаламтор арқылы әлемдік ақ­па­раттануда еш кедергісіз, ер­кін және жылдам түрде қазақ тілінің орын алуы. Ал ол – латын жазуы арқылы іске асатын дүние. Сондықтан да, бұл жерде тілші-фонолог мамандар жаңа әліп­биді жасауда информатик-прог­раммистердің пікірімен санаса отырып, бірлесіп жұмыс жасаулары қажет. Сонда ғана толыққанды және еш кемшілігі жоқ әліпби болатыны сөзсіз.

Бүгінгі таңда латын әліпбиіне көшуге қатысты түсінік бір­жақ­ты қалыптасып келе жат­қан тә­різді. Алайда, еліміз көп­ұлт­ты болғандықтан қарсы пікір­лер­дің де барын жасырмауы­мыз керек. Оның себебі, түсін­ді­ру жұмыстарының жетіспеу­ші­лігінен туындайды. Қара­пайым халыққа латын әліп­биіне кө­шудің мән-жайын, қажет­тілігін, ма­ңыздылығын әлі де болса түсін­діруіміз қажет. Осы мақсатта жос­пар бойынша латынға көшу мәселесіне қатыс­ты семинар­лар мен дөңгелек үстел­дер ұйым­дастырылып келеді. Нәти­же­сінде оқытушы-профес­сор­лар құрамы мен студенттер қауы­мы толық қол­дайтынын білдір­ді. Жалпы латын жазуы ар­қы­лы мемлекеттік тіліміздің ха­лықаралық сипат алатындығы жә­не басы артық ережелер мен әріп­терден ада бола­тынымызға көзі­міз жетіп отыр. Сондықтан латын жазуы­на көшуді өз басым толық қолдаймын.

Қасиет МОЛҒАЖДАРОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті