15 қазан, жексенбі күні Қырғызстанда президенттік сайлау өтті. Елдің конституциясы бойынша сайлауға қанша адамның қатысқаны соншалықты мәнді емес. Ал Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) алдын ала жариялаған мәліметіне қарағанда, сайлау учаскелеріне 1 миллион 692 мың 423 сайлаушы дауыс беруге келген. Бұл сайлау құқығы бар азаматтардың 55,93 пайызын құрайды.
Сайлау бұдан бұрын жүргізілген азаматтарды биометрикалық тіркеудің нәтижесі арқылы жүзеге асырылды. Мұндай сайлаушылардың жалпы саны 3 миллион 25 мың 770 адам болатын. Президенттікке алғашында кандидат ретінде 12 адам тіркелген еді. Оның біреуі – «Өнігу-Прогресс» партиясының атынан түскен Бақыт Төребаев сайлауға санаулы күн қалғанда өзінің кандидатурасын Омурбек Бабановтың пайдасы үшін алып тастады.
Сайлау биометрикалық-электронды тәртіппен жүргізілгеніне байланысты дауыс беру аяқталған кешкі сағат 20.00-ден оншақты минут өткенде кімнің алда екендігі белгілі болды. Кешегі күнгі мәліметке сәйкес, сайлау учаскелеріне келгендердің 55 пайызға жуық дауысына Сооронбай Жээнбеков ие болған. Енді ол ОСК-ның ресми қорытындысынан кейін Қырғыз Республикасының президенті деп жарияланбақ. Техникалық жағынан алғанда сайлау әділ өткен. Мұны халықаралық байқаушылар да растап отыр. Биометрикалық технология «1 сайлаушы – 1 дауыс» ережесіне негізделген. Бірақ моральдық-психологиялық жағынан алғанда, сайлауды әділ өтті деп айту әзірге ертерек сияқты.
Сооронбай Жээнбеков елдің қазіргі президенті басқаратын Қырғызстанның социал-демократиялық партиясынан кандидат ретінде ұсынылды.
Назарбек САТТАР, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін