• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Қазан, 2017

Болашақтың бекем баспалдағы

425 рет
көрсетілді

Үкіметтің 2015 жылдың 6 мамырындағы кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлт жоспары деп аталған – «Бес институттық реформаны іске асырудың 100 нақты қадамы» жарияланған еді. Содан бері көп жұмыстар істелді. Алдымен оны іске асырудың тетіктері жедел қолға алынып, бес жұмыс тобынан жасақталған жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссия құрылды.

Ол мемлекеттік органдардың, бизнес-сектор мен азаматтық қоғамның өзара тиімді іс-қимылын қамтамасыз етуге тиісті болды және тұжырымдамалық шешімдер қабылдап, іс-қимылдың нақты жоспарын айқындап отырды. Оның ұсынысымен Президент бекіт­кен шешімдерді орындау үшін Пар­ламент заңдар, ал Үкімет қаулылар қабыл­дады. Министрлер мен әкімдердің баста­маларының тиімді болуын және жүзеге асырылуын Ұлттық комиссия қатаң бақылауға алды. Сонымен қатар Ұлттық комиссияның жанынан беделді шетелдік сарапшылардан тұратын халықаралық консультативтік кеңес те құрылды. Бұл кеңес те өз тарапынан ұсынымдар жасап, реформаларды орындау нәтижелерінің тәуелсіз, жүйелі мониторингін жүзеге асырып келеді.

Ұлт жоспарын орындау 2016 жыл­дың 1 қаңтарынан басталды. Осы ай­дың 6 қаңтарында жарияланған «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бас­тайтын жол» атты мақаласында Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев оны іске асы­ру жолында қандай дайындықтар жасалғаны туралы дәйекті түрде баяндап берді. Онда Президент: «Мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалып­тастыратын 59 заң күшіне енді. Олар біздің қазақстандық арманымыз – ХХІ ғасырда көшбасшы отыз ұлттың бірі болуға қол жеткізуімізге жол ашады. Әр ұрпақтың өз арманы бар, оларда тек жеке және отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды. Оларда қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Отанының бақыты туралы арман айқын көрінеді. Ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтары үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі асыл арман болып келді. Біз олардың азат және тәуелсіз Отанды аңсаған көп ға­сырлық қиялдарын іс жүзіне асыр­дық. Қазіргі қазақстандықтар үшін Тәуел­­сіздік көпэтносты қоғамымыздың нақ­ты, жоғары сападағы өмірлік құнды­лы­ғына айналды. Біз осыдан бар-жоғы ширек ғасыр бұрын ғана барлық ақыл-ойымыз бен жүрегімізді баурап алған көптеген ой-ниеттерімізге қол жеткіздік. Қазақстан Республикасының егемендігі Конституция мен заңдардың берік арқауы мен халық мүддесіне қызмет ететін мемлекеттік аппараттың кәсіби және негізді іс-қимылына арқа сүйеуін қам­тамасыз еттік. Оны Қазақстан эко­но­микасының нақты табыстарымен, ұлттық байлықтың және халық игілігінің өсімімен нығая түсетін еттік», деп жазды.

Президенттің Ұлт жоспары қазақстан­дықтарға елдің жарқын болашағына қандай баспалдақтар шығаратынын айқын көрсетті. «100 нақты қадам» – мемлекеттік даму мен қоғамдық өмірдің барлық қырларын реформалаудың жолдарын ашып берді. Соның ішінде алғашқы 15 қадам мемлекеттік аппа­раттың кәсібилігін арттырудың жолдарын қамтыған. Келесі 19 қадам сот жүйесі мен құқық қорғау органдарын жаңғыртудың тиімді жолдарын қарас­тырды. Бүгінгі қоғамның тұрақты және тыныштықпен дамуында бұл жүйелердің маңызы аса зор. Сот саласында бұрын заңның баптарын бұра тартып қолдану арқылы қоғамдық наразылық туғызу оқиғалары жиі кездесіп отырған еді. Осындайлардың жолын кесу үшін Ұлт жоспарының 19-қадамында судьялардың есеп беру тәртібінің күшейтілуі қарас­тырылған. «Есепті дос айырылмас» демекші судьялардың есептілігі артып, оның нәтижесі қоғам алдында айты­лып отырса, судьяның бұра тартуы да толастайды. Сонымен қатар осы қадам судьялардың жаңа этикалық кодек­сін жасауды белгілеген. Судьялар ода­ғы­ның кезектен тыс VІІ съезінде жаңа этикалық кодекс қабылданды. Соны­мен қатар 20-шы қадам барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын қарастырса, бұл мәселе де қазір шешімін тапты. «Судьяның бейне жазуды тоқтатуға немесе аудио жазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі болмауы тиіс» деген талап олардың жауапкершілігін арттыра түскенін бүгін көруге болады. Заңның баптарын бұрынғыдай бұра тарт­қаны үшін қоғамдық наразылықтарды тудыру оқиғалары азайып келеді. Осы реформаның ішіндегі 32-ші қадам «Қылмыстық құқық бұзу картасы» ұлт­тық ақпараттық жүйесі негізінде ин­тер­нет-порталын құруды қарастырған. Қазір бұл карта жасалып, оған елімізде 1 аптадан әрі кетпейтін мерзімде жасалған барлық қылмыстық құқық бұзушы­лық тіркелуде. Сөйтіп карта ішкі істер органдары жұмысының тиімділігін бақы­лауға мүмкіндік берді. Әрбір аза­мат картаға өз мекенжайын енгізу арқы­лы сол радиуста тіркелген қылмыс­тар тура­лы ақпарат ала алады. Ол сұраныс берушінің электронды поштасына жібе­ріле­ді. Порталда полиция бөлімдері, поли­цияға, учаскелік полицияға арыз жазу, арызды тексеру сынды қосымша қызмет түрлері бар.

Сөйтіп қазақстандық сот төрелігі мен құқық тәртібі жүйесі ашықтық және кәсібилік тұрғысындағы жаңа сапаға ие болды. Қазақстандықтар мен бизнес субъектілерінің құқықтарын сотта қорғау деңгейі ендігі жерде Эко­но­микалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ) мемлекеттерінің жо­ғары стандарттарына сәйкес келеді.

Ұлт жоспарындағы «Индустриялан­дыру және экономикалық өсім» рефор­масын қамтамасыз ету 50 нақты қадам­да қарастырылған. Бүгінгі таңда олар да кезең-кезеңімен іске асырылуда. Мәселен, ауыл шаруашылығында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзах­метовтің ел тұрғындарына есеп беру­дегі айтуына қарағанда, инвести­циялық климатты жақсарту мақсатында трансұлттық компаниялардың қатысуы­мен Қазақстанның экспорттық тауар­ларын әлемдік нарыққа шығаруға бағыт­талған жобаларды жасау жұмыс­тары жүргізілуде. Ал өндіріс бойынша трансұлттық компаниялардың қаты­суы­мен 4 жоба таңдап алынды. Бұл жоба­лар ет, сүт өнімдерін өндіру және қайта өңдеу, өсімдік шаруашылығы (қыза­нақ пастасын өндіру) саласын­да жүзе­ге асырылуда. Трансұлттық ком­пания­лардан басқа, АӨК саласында шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылатын 40-қа жуық жоба бар. Инвесторлардың басым бөлігі Германия, Ресей, Түркия, Украина, Оңтүстік Корея және ҚХР, Франция мемлекеттерінен. 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы экспортының көле­мін 0,8-ден 1,5 млрд долларға арттыру қарастырылған.

Бизнесті дамыту мүддесі үшін эконо­­ми­ка мен еңбек қатынастары саласын­дағы ұлттық заңнамалар түбе­гейлі түрде қайта жаңартылды. Фермер­лер мен аграрлық кәсіпорындар­ды қоса, отан­дық ірі, шағын және орта бизнес үшін барынша қолайлы жағдайлар мен ынта­ландыру шаралары жасалды.

Ұлт жоспарының жүзеге асырылуына барлық Қазақстан халқы, соның ішінде әрбір азамат мүдделі, өйткені ол біздің жарқын болашағымыздың бекем бас­палдағы.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан